«АБАЙДЫ БІЛМЕЙ, ҚАЗАҚПЫН ДЕМЕ…»

Абай атындағы оқулар облыс көлемінде жыл сайын өтіп келеді. Соның ішінде өзге ұлт өкілдері жастары арасындағы облыстық «Абай оқулары» байқауының орны ерекше.

Талай бұлақтың көзін ашып, талай жүйріктің тұсауын кескен мәні мен мазмұны ерекше Абай оқуларының облыстық кезеңі Махамбет ауданы әкімдігі мен облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен өтті.

Облыстық шараны Махамбет ауданының әкімі Ерлан Жаңабаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Қилымғали Қайненов ұлтымыздың мақтанышына айналған ұлы тұлға Абайдың шығармаларын әңгімеге арқау етті. 
– Абай шығармашылығы – қазақ әдебиетінің шырқау биігі. Ақынның тілі – ана тіліміздің саф алтыны. Абайды білмей, қазақпын деп айтуға болмайды және Абай барша қазақстандықтарға ортақ. Бүгінгі байқаудың мәні де осында жатыр. Біз Абай шығармашылығын насихаттау арқылы өзге ұлт өкілдерінің қазақтың тіліне, әдебиетіне, мәдениетіне, дәстүріне деген ықыласын арттыруды, әрі еліміздің рухани бірлігін нығайтуды көздедік, – деді Қилымғали Қайненұлы.
Үш кезеңнен тұратын байқауда аудандардан жеті үміткер қатысып, бақ сынады.
Алғашында Абай шығармаларын, атап айтқанда, білім, ғылым және өнер тақырыптарына өрілген поэзиялық туындыларымен қатар қара сөздерін мәнерлеп оқыса, екінші кезеңде сайыскерлерге Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы бірінші томының «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Жолда» тарауларынан үзіндіні мәнерлеп жатқа оқулары міндеттелді. Үшінші кезеңде Абайдың философиялық ойларымен қоса сазгерлік қабілетін танытқан әнін орындаудан тұрды.
Аталған талаптар үдесінен шыққан қызылқоғалық Әсемгүл Стомма байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Махамбеттік Наталия Михайлова І орыннан көрінсе, индерлік өрен Владислав Карнаухов ІІ орынды иеленді. Махамбет ауданы, Ақжайық ауылынан қатысқан Вероника Олегқызы мен атыраулық Виктория Зорина жүлделі ІІІ орынға лайық деп танылды. Атыраулық Елизавета Астраханкина және құрманғазылық Салават Ахмедниязовтар «Алғыс хаттармен» марапатталды. Байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Абай шығармаларын жоғары деңгейде орындап, жеңімпаз атанған Әсемгүл Александрқызы алдағы уақытта республикалық дәрежедегі байқауда бақ сынамақ.

Аяжан
ЕСЕНЖАНҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз