Ыстық қайрат,нұрлы ақыл,жылы жүректің иесі еді…

aapp Қоғам

Терең де дәйекті талдаулары арқылы Р.Сыздықова Махамбет өлеңдерінің құдіретін танытады. Сол арқылы тіліміздің шынайы болмысын көрсетеді. Оқырманын сүйсіндіріп, тәнті ете отырып, ана тілімізді бағалай білуге, табиғатын тереңнен түсінуге шақырады. Тілдің тазалығы мен көркемдігіне тамсандыра отырып, ғалымның өзі де сол үдеден шыға білді. Тілдің заңдылықтарын түсінікті де ұғынықты етіп баяндайды.

Түсініксіз сөздерді, терминдерді қолдана қалғанда жақша ішінде сипаттамасын, түсініктемесін қоса беріп отырады. Абай, Махамбет өлеңдерінде дискурс құбылысы, яғни «ақын–өлең-толғаулар–оны қабылдаушылар» үштігінің бірлігі ескерілгенін айтады. Ғалым еңбектерін оқи отырып, оның қазақ тіліндегі жаңа бағыттарды жетік меңгергеніне көз жеткіземіз. Коммуникативті синтаксис, когнитивті тіл білімі, лингвомәдениеттаным, функционалды лингвистика, т.с.с. жаңа бағыттармен таныстығы, ондағы заңдылықтарды, негізгі ұстанымдарды терең түсінгені байқалады. «Қазақ тілінің анықтағышында» тыныс белгілердің қойылуын тема, рема деңгейінде сипаттауы, «Ауызша дамыған қазақ әдеби тілі» атты еңбегіндегі «айтушы ~ мәтін ~ тыңдаушы» үштігі, коммуникативтік жағдаят, дискурс құбылысы, тіл мен сөздің (язык–речь) арақатынасы туралы ойлары осы сөздерімізге дәлел бола алады. Академик Рәбиға Сыздықова – қазақ тіл білімінде лингвистикалық стилистика, мәтінтану, психолингвистика, тарихи лексикология, тілдік нормалардың қалыптануы, т.с.с. бағыттарды қалыптастырған ғалым.

Ұстазымыздың ерекше ілтипатпен, өз парызы ретінде атқарып жүрген істерінің бірі – репрессияланған қазақ зиялыларының еңбектерін насихаттап, жинастыру. «Әкем халық жауы емес, әділетсіздіктің құрбаны» деген сенімі күшті болған Рәбиға Сыздықова А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Қ.Жұбанов, Ж.Аймауытұлы, М. Жұмабаев сынды қазақ зиялыларын да «халық жауы» ретінде қабылдамаған. 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов мұралары бойынша комиссиясының мүшесі болып, репрессияланған қазақ зиялыларының істерін ақтап шығу үшін жан аямай еңбек етті. Кеңес өкіметінің саясаты дүрілдеп тұрған кездің өзінде-ақ ғалым олардың қазақ тіл біліміне, әдебиеті мен мәдениетінің дамуына қосқан үлесін тайсалмай айтқан болатын.

Апай 1965 жылы ұстазы М.Балақаевтың ұсынысымен ғылыми конференцияда Құдайберген Жұбанов туралы баяндама жасады. 1966 жылы ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы «Ғалым-азамат» атты кітабы жарық көрді. Сонымен қатар Құдайберген Жұбанов мұрасының жинақталып, көлемді еңбек болып шығуына атсалысып, редакторлық етті.

Академик Р.Сыздықованың А.Байтұрсынұлы еңбектерін насихаттап, жариялаудағы еңбегі де орасан зор. 1977 жылы, Ахмет Байтұрсынұлы ақталардан 11 жыл бұрын, Қазан төңкерісінің 60 жылдығына арналған «Қазақ тіл білімі – 60 жылда» атты ғылыми конференцияда Ғылым академиясының мінберінен «Ұлттық тіл білімінің негізін қалаған ғалым – Ахмет Байтұрсынұлы» деп тайсалмастан айтуы әділдікті ту еткен ғалымның жүректі жарып шыққан сөздері болатын.

Кеңес өкіметінің «қылышынан қаны тамып тұрған кезде» бұл – сөз жоқ, көзсіз ерлік еді. А.Байтұрсынұлы еңбектерімен тәрбиеленіп келген аға ұрпақ бұл тұжырымның дұрыстығын мойындағанмен, айтуға батылы бармай жүрген кезде осы сөзіне бола кейін бірнеше рет «жауап беруге» тура келетінін біле тұрып, қазақ қызының Ахмет Байтұрсынұлының тіл біліміндегі орнына лайықты баға беруі, тайсалмастан шындығын, әділін айтуы тарихи оқиға болғаны сөзсіз. Ғалым бұл ерлігін «азаматтық, ғалымдық, шәкірттік парызым» деп санайды. Ерлікпен барабар қанша тірлік істесе де: «Менің орнымда болса, бәрі де солай етер еді! Сол жиылыста отырған ғалымдардың бірде-бірінің қарсы шықпауы, үндемей қалуының өзі – ерлік», – дейді. Р.Сыздықова А.Байтұрсынұлы туралы «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттеріне алғашқы мақалалар жазумен қатар тұңғыш кітаптың да авторы болды. Ғалым еңбектерін насихаттау ісіне де белсене араласып, «Тіл тағылымы» атты жинақтың  редакторы болды, ғалымның кейіннен табылған мақалаларын насихаттау ісіне де мұрындық болып отырды. Ахмет Байтұрсынұлы  туралы еңбек жазған ғалым да, студент, магистрант да, докторант та апайдың еңбектерін аттап өте алмайды. Ғалымдар Рәбиға апайымызды бірден-бір ахметтанушы ретінде таниды. Апай Халел Досмұхамедұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Телжан Шонанов еңбектерін жинастыру ісіне де басшылық етіп, таңдамалы шығармаларына редактор болды.

Ғалым алаш қайраткерлерінің ғылыми мұрасымен қатар суреттерінің жинақталуына да көп үлес қосты. Атап айтқанда, көпшілік назарына жиі ұсынылып жүрген А.Байтұрсынұлының қысқы киіммен түскен суретін («Ақ жол» жинағының мұқабасындағы) ғалым ақталардан көп бұрын Қытайдан келген Балқаш Бафин деген кісіден алып, Мағжан Жұмабаевтың бәйбішесі – Злиха апайдан М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытұлының суреттерін алып, сақтаған.

Р.Сыздықованың зерттеулерінде қоғам қажетін өтейтіндей ең өзекті, келелі мәселелер қозғалған. Қазақ тілді мектептер жабылып, қазақ тілді аудитория азайып жатқан тоқырау жылдарында еңбек етсе де, қазақ тілінің тазалығы үшін күресіп, тілдік норма, сауатты жазу, дұрыс сөйлеу нормаларын қалыптандыруға (кодификациялауға) күш салды.

Рәбиға Сыздық (Құтқожина) баспада қызмет етіп жүрген кезде бастаған лингводидактика саласындағы еңбегін кейін де жалғастырып, оқулықтар мен оқу құралдарын жазды, бағдарламалар құрастырды: орыс мектептерінің жоғары сынып оқушылары үшін «Қазақ тілі» оқулығы (1952-1953), «Үлкендерге арналған әліппе» (1958, 1963), «Ересектерді оқыту программасы» (1958), университеттер мен институттарда «Қазақ әдеби тілі тарихын оқытудың программасы» (1965, 1969, 1975).

Баспада жүргенде әбден қанық болған, сыннан өткен тәжірибелерін тұжырымдап, дұрыс жазу, дұрыс сөйлеу ережелерін түзді. Соның нәтижесінде «Қазақ тілінің орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш», «Емле және тыныс белгілері», «Қазақ тілінің анықтағышы» (1959, 1947, 1996, 2000, 2018),  «Сөз сазы» (1983, 1995, 2000), т.б. еңбектерін жариялады.

1983 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының өкімімен бекітілген «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінің» жаңа редакциясына басшылық етіп, жұмысына белсене араласты. 1989 жылы «Қазақ ССР-ның Тіл туралы заңының» жобасын жасайтын комиссия төрағасының орынбасары болды. «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің» бірнеше басылымын баспаға дайындап,  редакторлық етті.

Ғалым-профессордың біртілді, екітілді сөздік құрастырудағы, редакторлық етудегі еңбегі – өз алдына жеке сөз етуге болатын арнайы тақырып. 2002 жылы жарық көрген «Қазақша-орысша сөздіктің» редакторы ретінде апайдың қалай күн-түн дамыл алмастан еңбектенгенін өз көзімізбен көріп, қажыр-қайратына сүйсінгенбіз. Ғалымның редакторлық етуімен он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1974-1986), «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» (1966), Х.Нұрмаханов, Қ.Өмірәлиев, Н.Уәли, Г.Сағидолла, т.б. зерттеушілердің монографиялық еңбектері басылып шықты.

2006-2013 жылдары шыққан «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» құрастыру жұмысына қатысқанымызда, апайдың «Сөздер сөйлейді», «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар», «Сөз құдіреті», т.с.с. еңбектерін пайдаландық. Апайдың өзі де сөздік құрастырушыларға көмек ретінде сөздердің анықтамасы, түсініктемесі жазылған, мысалдар келтірілген бірнеше дәптерін, карточкаларын берді. Бұл да – бір жағы, апайдың сөздік құрастырушыларға үлкен көмегі, қолдауы болса, екінші жағынан, ғылымға деген сүйіспеншілік, сөздіктің сапалы болып шығуына деген тілектестігі болды.

Ол қазақ тіл біліміндегі лингвистикалық стилистика саласының негізін қалады. «Сөз құдіреті» атты еңбегінде Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Сейдахмет Бердіқұлов, Оралхан Бөкеев, Асқар Сүлейменов, Тахауи Ахтанов, Қабдеш Жұмаділов, Кәдірбек Сегізбайұлы сынды көркемсөз шеберлерінің туындыларын лингвостилистикалық тұрғыдан талдап, сөзқолданыс ерекшелігін, көркемдік шеберліктерін сипаттайды.

Рәбиға Сыздықова ұстаздық пен ғалымдықты шебер ұштастыра білді: Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде, Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде «Қазіргі қазақ тілінің даму принциптері мен үрдістері», «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Абай тілі», «Сөз мәдениеті» т.с.с. курстары бойынша дәріс оқыды, «Баспасөз мәдениеті» деген тақырыпта лекция-әңгіме  өткізді, Алматы Өнер институты оқытушылары мен студенттері алдында ауызша тілдің мәдениеті, сахна тілінің ерекшеліктері туралы әңгіме, дәрістер өткізді, Қарағанды университетінің арнайы шақыруымен қазақ әдеби тілінің тарихы бойынша арнаулы курстан дәріс оқыды, арнайы шақырумен Семей педагогика институтының филология факультетінде «Қазақ әдеби тілінің тарихынан» арнаулы курс оқыды. Шұрайлы да көркем қазақ тілінің сахнада тіл талаптарына сай, дұрыс қолданылуы үшін актерлер мен әншілерге арнайы сабақтар өткізді. 1974 жылы Алматыдағы Өнер институтының оқытушылары мен студенттері алдында ауызша тілдің мәдениеті, сахна тілінің ерекшеліктері туралы әңгіме, дәрістер өткізді. 1982 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрының актерлер ұжымына «Сөздің айтылу нормалары», «Ауызша тілдің ерекшеліктері», т.с.с. тақырыптар бойынша топтама дәріс өткізді. 1982 жылы Республикалық радионың арнаулы тілшілеріне бұқаралық ақпарат құралдарының тіл мәдениеті жөнінде топтама дәріс оқыды. Бәріміз әндерін сүйіп тыңдайтын атақты әнші Нұрлан Өнербаевтың Рәбиға апайды ұстаз тұтып, концертінде гүл шоқтарын ұсынуының сыры осында.

2016 жылы академик Р.Сыздықованың «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Сөз құдіреті», «Сөздер сөйлейді», «Тілдік норма және оның қалыптануы» атты еңбектері Қытай Халық Республикасы Бейжің (Пекин) қаласында жарық көрді. «Сөздер сөйлейді», «Сөз құдіреті» атты кітаптарының жекелеген тараулары Қытайдың «Тіл және аударма», «Шинжиаң қоғамдық ғылымы» атты журналдарында жарияланды. Бейжің университетінің, Жапониядағы университеттердің студенттері, магистрант-докторанттары апайдың еңбектерімен жақсы таныс.

Академиктің қазақ тіл біліміне қосқан үлесін, жаңалықтарын бір мақала көлемінде түгел айтып шығу мүмкін емес. Ол үшін бірнеше монографиялық еңбек арналып, қазақ тілінің түрлі саласы бойынша зерттеулері арнайы қарастырылуы керек. Бүгіннің өзінде филология ғылымдарының докторы, профессор Фаузия Оразбаеваның жетекшілігімен жүргізіліп жатқан ізденістер, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ғазиза Шойбекованың жетекшілігімен қорғаған Әйгерім Исламның «Р.Сыздықтың лингвистикалық зерттеулері» атты магистрлік жұмысы, Ақтөбе облысы, Темір ауданының Шұбарқұдық гимназиясында «сыздықоватану» курстарының ашылуы – осы  жолдағы бастамалар.

Ғалым апайымыз «ең алдымен, ғалым жақсы адам болуы керек» деп білді. Бұл ұстанымын сөзімен ғана емес, ісімен де дәлелдеді. Жарты ғасырға жуық отасқан жары, Қазақстанның халық әртісі Шахан ағай ауырып, төсек тартып қалған кезде жас балаша мәпелеп бақты, дәрілерін уақытылы беріп, тамағын қасықтап аузына салып отырды, сақал-мұртын алып, күндіз-түні кірпік ілместен басы-қасында болды. Ағайдың денсаулығын қадағалап келген дәрігерлер апайға өзінің де жасы егде тартқанын айтып, ағайға қарау қиын болатынын ескертіп, арнайы поликлиникаға өткізу туралы бірнеше рет ұсыныс жасаса да келіспей, ауырып жүрсе де, ағайдың басы-қасында болып, өзі күтті. Ғылыми еңбектерін жазып, диссертациялық жұмыстардың қорғауларына барып жүрсе де, ағайдың бар жағдайын жасады. Келген дәрігерлер де ағайды соншалық күтіп отырғанын көріп, тамсанатын. Біз де апайға қарап, сүйсінетінбіз.

Әкесі жазықсыз жапа шеккенін көкейіне тоқып өскен Рәбиға апамыз 16 жол өлең үшін 18 жыл азап шеккен Шахан ағайдың жастық шағы қиналыста, азаппен өткенін ескеріп, пендеуи тірлікке араластырмаған. Ол турасында ағай туралы естеліктерінде Тұңғышбай Жаманқұлов, Тілектес Мейрамовтар қызықты етіп баяндайды. Шахан ағай мәпелеп күткен асыл жарына ризашылығын білдіріп кеткен еді. Ағай дүние салғаннан кейін де апай ешкімге салмақ салмастан, ескерткіш орнатты, асына ағайдың өлеңдерін, А.Әшімов, Т.Жаманқұлов, Х.Елебекова сынды әртіс әріптестерінің естеліктерін, суреттерді енгізе отырып, өзі алғысөзін жазып, кітабын шығарды. Апайдың бұл ісі өзі үшін «жар алдындағы борышын өтеуі» болса, біз «ғалымның ерлігі» деп бағаладық. Шахан ағамыздың 100 жылдығы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында аталып өткенде де апай Шахан Мусиннің бұрын шыққан кітабын толықтырып, жинақ етіп бастырып шығарды.

Рәбиға Сыздықова мейірімді ана, қамқор әже ретінде де бәрімізге үлгі бола білді. Әсет ағай мен Мақпал апайға, немерелері – Санжар, Тимур, Ләйла, шөберелері мен жиеншарларына деген сүйіспеншілігіне тәнті болушы едік.

Апай пенделік болмыстан ада, мүлде басқа әлемнің адамы сияқты көрінетін. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Әбу Сәрсенбаев сынды сөз зергерлері, Қасым Аманжолов, Мұзафар Әлімбаев, Кәкімбек Салықов, Қадыр Жүсіпов сынды ақындар, ғалымдар сүйсінген Рәбиға апай шын мәнінде ҒАЛЫМ деген киелі де ұлы аттың үдесінен шыға білді. «Мұның сыры неде?» деген сұрақтың жауабы тектілікте сияқты көрінеді. Әдетте атақ-дәрежелі, елге танымал, қадірлі жан көрсек, үнемі асығы алшысынан түсіп, әрдайым жолы болып тұрғандай, әрдайым жанынан қолдаушысы табылып, тағдырдан ешқандай теперіш көрмегендей әсерде болатынымыз белгілі. Ал Рәбиға апайымыздың өмір жолына, басынан кешкендеріне көз жүгірте отырып, қатал тағдырдың сынынан сүрінбей өтіп, тектілігінің, намысшылдығы мен еңбекқорлығының арқасында қиындықтың бәрін жеңіп шыққанын көреміз. Көреміз де сүйсініп, үлгі алуға, «болмасақ та ұқсап бағуға» тырысамыз…

Апайдан алар үлгі көп. Әсіресе «Жаман», «жоқ» деген сөздерді сөздік қорымнан шығарып тас-тадым» деген сөздері санаға сан ойлар ұялатады. Пенделік сөз айтпай, қашан да бәрін мақтап, барын асырып, жоғын жасырып отыратын. Ешқашан біреуді жамандағанын естіген емеспіз. Кімді де болса, ақтап алуға, түсінуге тырысатын. Ауырып тұрса да, ешқашан ауырғанын айтып, шағымданған емес. Ерекше риза болып, таңғалатынымыз – апай өзіне жәрдемдескен, көмек қолын созған «әз ағаларын» (апайдың өз сөзі) әрдайым еске алып, айтып отыратын да жолына тосқауыл болған,  кесе-көлденең тұрған адамдарды мүлде атамайтын. М.Балақаев, І.Кеңесбаев, А.Ысқақов сынды ұстаздарын, ғылыми зерттеулерінің бағыт-бағдарын айқындап берген Мұхтар Әуезовті, Құдайберген Жұбанов туралы алғаш баяндама жасап, елді тебіренткені үшін қызы ретінде қабылдап, араб жазуымен (А.Байтұрсынұлы жазуы) «Раушан» деп жазылған сақинасын сыйлаған Раушан апай Жұбанованы (ол жүзікті апай Құдайберген Жұбанов туралы елеулі еңбек еткен немесе сондай мектеп қалыптастырған ғалымға (әйел) тапсырмақ болып жүріп, ондай ғалым шыға қоймағандықтан, 2013 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында салтанатты түрде Құдайберген Жұбановтың кенже ұлы – Асқар ағайдың зайыбы – Эльмираға тарту етті), қатар-құрбыларын әрдайым ерекше бір сүйіспеншілікпен еске алып отыратын. Бәрін де мақтап, жақсы жақтарын ғана айтатын. Рәбиға апайдың шәкірті екенімізді естіген кезде көп адам өзінің апайдан мол жақсылық көргенін, апайдың әбден көмектескенін айтып, мақтап жатады. 2003 жылы іссапармен Ташкентке барғанымызда Қалдыбек Сейданов ағамыз апайдың қамқорлығын көп көргенін айтып, бізге де көмектесті. Елге келген соң апайға айтып бергенімізде, қандай жақсылық істегенін ұмытып қалыпты. Апайдың істеген жақсылықтарын міндетсінбеуі, адамның бойынан тек жақсылық іздеп тұруы да – тектіліктің белгісі, асылдың сынығы болғаннан дарыған қасиет болса керек.

Әкесінен ерте айырылып, жазықсыз жапа шексе де, «халық жауының» қызы ретінде жұмыстан шығып қалып, өмірден көп теперіш көрсе де, ол ешқашан мойымаған. Қанша қиналса да, адамдарға деген сүйіспеншілігін жоғалтпаған. Ұлы Абайдың шығармаларының тілін зерттеп қана қоймай, ұлы ақынның «Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп» деген ұстанымын өзіне өмірлік кредо еткенге ұқсайды.

Апайдың жүріс-тұрысы, киім-киісі, өзін ұстауы – біз үшін үлкен мектеп, әр ісі – үлгі еді. Ғалым ретінде, әйел ретінде, жар ретінде жүріп өткен жолымен танысқаннан кейін апайдың қиындыққа мойымайтын, ғылымға шынайы берілген, «арым – жаным садағасы» деп түсінетін ғалым-азамат екеніне көз жеткіздік.

Ғалымдық пен адамдықты қатар ұстаған, сөзімен де, ісімен де үлгі-өнеге болған апайымызды көрген кезде Абайдың

«Ондай болмақ қайда?» – деп

Айтпа ғылым сүйсеңіз, – деген өлең жолдары ойға оралады. Абай атамыз айтқандай, апайымыздай болуға тырысамыз.

Апаймен өткізген әр сәт – біз, шәкірттері үшін баға жетпес байлық, алтын уақыт. Рәбиға апайдың шәкірті болғанымыз үшін тағдырға соншалық ризамыз. Осынау абыройлы атқа кір келтірмеуге, сүйікті апайымыздың ісін жалғастыруға тырысамыз.

«Уақыт – емші» дегенмен, апайымыздың жоқтығы уақыт өткен сайын айқын білініп жатыр. Институттың әліпби мәселесінде нақты шешімге келе алмауы, емледегі ағаттықтар да апайдың арамызда жоқ екенін айғақтап тұрғандай. Күнделікті өмірде қуанышымызды бөлісіп, мұңымызды айтатын адамымыздан айырылғанымыз жанымызға батады. Бұрынғыдай телефон соғып, қасында отырғымыз келеді, іздейміз, жабығамыз, қамығамыз…

Жатқан жеріңіз жайлы болсын, апай! Жәннаттың төрінен орын алыңыз!.. Құран бағыштағаннан басқа қолдан келер дәрмен жоқ…

Орынай ЖҰБАЕВА,

шәкірті, филология ғылымдарының докторы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы

Алматы қаласы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз