Есімі – ел есінде

625a9f0a 3b86 4b2b b5ef f2c55b3f518f Қоғам

Құм Нарынның етегіндегі Орпа ауылы – атакүлдік мекеніміз. Әкеміз Хабердің кіндік қаны тамған киелі орын кезінде Новобогат ауданына қараған. 

Алыс-жақын ауылдарда тұратын жандардың тірлігі келісті, жағдайы жақсы болуына өз үлесін қосқан әкеміздің көзін көрген, жақсылық шарапатын сезінгендер аз емес. Туған топыраққа бара қалсақ, «Әкелеріңді білеміз, азамат еді» деген бір-ақ ауыз сөз көңілімізге медеу болатыны рас.

 Әкеміз Хабер 1929 жылы туған. Кейінгі уақытта ол туралы толыққанды деректерді іздеп, архивтер ақтарып жүргеніміз де рас. Ұрпақ парызы деген ұғымның халқымыз үшін мәні зор екені айтпаса да түсінікті. Кезінде балалығымыз себеп болып, әкейдің сөзіне құлақ аспай, ол келтірген дерек, мәліметтерді жазып алмағанымызға өкінетініміз де шын.

Сондай ізденістің нәтижесінде Атырау облысы мемлекеттік архивінің Исатай аудандық партия комитетінің қорынан табылған құжаттар арасында қолжазба өмірбаяны сақталған екен. Қазақша, орысшаға аса жетік, сауатты жан тайға таңба басқандай етіп, өзі туралы бар деректерді қағазға маржандай жазуымен тізген екен.

«Әкем Бисенғали Ахметов – кедей шаруа. Октябрь революциясына дейін байларға жалданып, күн көрген. Кейін Астрахан балық тресінде жұмысшы болған. Ұлы Отан соғысына қатысқан, 1975 жылы қайтыс болды. Шешем Рәбиға үй шаруасында болған, 1978 жылы қайтыс болды» деп басталатын құжатта өмір баспалдақтары, қызметтік өрлеу кезеңдері, атқарған лауазымдары ресми нұсқада жазылған.

Орта мектептің тоғызыншы сыныбын аяқтаған кезі соғыс тәмамдалған жылмен тұспа-тұс. Тұтастай ел басына қара бұлт үйірілген шақта жөнді оқу, алаңсыз балалық сынды ұғымдардың ауылы да алыстап кеткені ақиқат. Сонда да жігерлі, жалынды жас өз қатарының алды болып, үнемі мақтау қағаздарын иеленіпті.

Ерте жастан еңбекке араласқан ол соғыстан кейінгі тұралап қалған тірліктің оңалуына септесті, 1944 жылы комсомол қатарына қабылданса, 1949 жылы КПСС мүшесіне алынды. Зеректігі мен алғырлығы нәтижесінде 1945-1949 жылдары ұжымшардың есеп саласында еңбек етіп, армия қатарына шақыртылған. Әскери міндетін абыроймен атқарып келген соң, «Қызыл балық» ұжымшарының есепшілігіне тағайындалып, шаруашылықтың өрістеуіне, саланың дамуына зор үлес қосады. Білімді болуға ұмтылған жас маман кешкі мектепте оқып, арнайы дәріс алған соң, балық шаруашылықтарында басшы кадрлар даярлайтын мектепте оқып, Балықшы ауданы «Алғабас» балық колхозы басқарма төрағасының орынбасары болып еңбек еткен кезі де – осы саладағы табанды еңбегінің бір көрінісі. Кейін Новобогат жұмысшылар кооперациясында қойма меңгерушісі, Забурын кооперациясы басқарма төрағасының орынбасары, Новобогат жұмысшылар кооперациясының басқарма төрағасы болып жасаған кезде де өзі үшін емес, ел мүддесі, ауыл тұрмысының түзелуі міндетін мүлтіксіз атқару жолында бел шеше еңбек етті. Новобогат аудандық тұтынушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Чапаев атындағы жұмысшылар кооперациясында басқарма төрағасы болып, еңбек етуі де өз маңдай терінің жемісі. Қулық-сұмдықтан ада, талапшыл, өзінен бұрын өзгенің қамын ойлап тұратын жанашыр жан ретінде ел ішіне жақсы аты шыққан әкеміз – біздің мақтанышымыз.

Ел арасында кеңінен таралған аңызға бергісіз осынау оқиғаның бел ортасында әкеміздің есімі аталатыны көңілімізді қуантады. Мал баққан жандар үшін аса зор маңызға ие Новинск аралын 1980 жылдардың шамасында су басып, сол жақта шөп шауып жүрген пішеншілер қиналып қалады. Онсыз да орталық, ауыл-аймақтан жырақта жатқан жерге азық-түлік жеткізу, су басқан өңірге жаяу-жалпылай жету мүмкін болмай қалған қысылтаяң шақта біздің әкеміз ұйытқы болып, көмек түрлері ұсынылған екен. Бір-бір үйдің тірегі болған атпалдай азаматтар осылайша дін-аман үйлеріне оралып, межелі шөпті тапсыруға да мүмкіндік жасалуына септескен жанның бірі ретінде Хабер Бисенғалиев есімі құрметпен аталады.

Еңбек ете жүріп, жоғары білім алған, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, 4 рет селолық кеңес депутаттығына сайланған, анамыз Раушанмен бірге отбасындағы 9 перзентінің адалдық ұғымынан аттамай, тәрбиелі де білімді болуы жолында әкелік тәлімін бере білген жан біздің бой түзер биігіміз болды.

Кейін әкеміз зейнеткерлікке шыққасын, қолына қалам алып, күнделік жазуды әдетке айналдырды. Бала кезінен бастап, жадындағы жарқын кезеңдер, қиын шақтардағы ел тұрмысы, оқып, білім алу жолындағы кедергілер де осы дәптерден орын алыпты. Ата-бабамыз туралы жайттар да терең зерделеніп, жазылған. Арада уақыт өткенде сол күнделікті ақтара отырып, әкемнің әлеміне еніп, оның қандай азамат екенін терең тани түстім. Жоғарыда да айтқанымдай, жастау күнімізде оның сөзінен аттап кетпегенімізбен, тарих, ата тек, өмір жолы туралы айтқандарын жадымызға түймеппіз. Қазір әкеміздің қолжазба күнделігі біздер, ұрпақтары үшін баға жетпес байлықпен пара-пар.

Бала болса да, әке-шешесіне жәрдемдесіп, көшкен кезде мал айдап, құдық қазғанын оқи отырып, еңбекпен есейген сол буынның қайсарлығына тәнті болдым. Қиын шақтың боямасыз картинасын көз алдыма әкелді. Жазбаларын оқи отырып, қайратты, қажырлы, батыл, білімді болғанын байқадым. Адамзат бойындағы осынау асыл қасиеттерді біздің де бойымызға сіңіру үшін тер төккен әкеміздің үміті ақталып, ұл-қыздарының өсіп-жетілгеніне шүкіршілік айтамыз.

Қай лауазымда, қай салада еңбек етсе де, ауылды көтеру, экономикасын жақсарту жолында талмай еңбек еткен ол – бірнеше марапат иегері. 1970 жылы Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесі Президумының Жарлығына сәйкес В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай «Ерен еңбегі үшін» мерейтойлық медалімен, түрлі дәрежедегі Құрмет грамоталарымен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталуы елі мен туған жеріне сіңірген еңбегінің жемісі деп білеміз.

Өмір жолында талай жанмен жүздескен сәттерде әкемізді танып, бізге ерекше ықылас танытқан жандар аз емес. Соның бәрі – әкеміздің мерейі. Сондай шақтарда «ауылды дамыту саласына сүбелі үлес қосқан Хабер Бисенғалиевке көше атын беру туралы ұсыныс білдірсеңіздер» дегенді де жиі айтады. Әке алдындағы парызымыз деп білгендіктен, жергілікті билік тарапынан өзі қызмет жасаған ауылдардың біріндегі көшеге есімін берсе деген тілегіміз бар.

Жанболат БИСЕНҒАЛИ,

Атырау қаласы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз