ӘЗІЗ ӘЖЕНІҢ ЖҮЗІНШІ НАУРЫЗЫ

1941 жылдың шілдесінде әкесі Тоғызбай, ағасы Сегізбай ауылдан алғашқылардың бірі болып майданға аттанды. Арнайы броньмен қалған ері Шадыр Сәрсенғалиев екеуіне кеңшардың малын бағу тапсырылды. Сөйтіп, олар Мұқыр селолық округі аймағында қоныс тепкен «Гурьев» асыл тұқымды қой зауытын қолмен құрғандардың бірі атанды.

– Елде жағдай өте ауыр болды. Ауылдағы барлық ауыр жұмыстарды тек қана қол күшімен аналар мен балалар атқарды. Таң бозарып атқаннан түн қараңғылығына шейін мал бағып, шөп шапты, егін орды, дән бастырды, масақ терді. Ол кездерде тәртіп өте қатал болды. Үйде аш отырған балалары үшін қырманнан бір уыс тары алған аналар сотталды. Ал, қырманды күзеткен аяғы ауыр аналар таң алдында қалғып кеткені үшін жауапқа тартылды. Соғыс біткен соң еңбегіміз ескеріліп, ерім Шадырдың омырауына «Еңбек Қызыл Ту» ордені тағылды, – дейді қарт ана күрсініп.
Москва, Алматы ауыл шаруашылығы көрмелеріне делегат болып қатысқан ерлі-зайыпты шопан отбасы аудан экономикасының қарыштап алға қадам басуына өлшеусіз қолтаңба қалдырды. Ері Шадыр 56 жасында өмірден озды. Нахай ана аға шопандықты өз қолына алды. 1976 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Еңбекпен шыңдалған әже зейнеткерлікке шықса да қол қусырып отырмай бие сауып, орталықтан қымыз сатуды ұйымдастырды. Күні кешеге дейін малының қыстық жем-шөбін өзі дайындады. Жүз жасқа келген қарт ана әлі тың. Теледидар тамашалайды, газет-журналдар оқиды.
Қажырлы еңбегімен жеңісті жақындату үшін тер төккен Нахай Сәрсенғалиева күн сайын сонау қасіретті жылдарда қан майданға аттанып, хабарсыз кеткен әке мен аға рухына арнап, Мұқыр селосының орталығында бой көтерген «Белгісіз солдат» ескерткішіне тағзым етеді. Жанарынан ағылған мөлдір тамшыларды сүрте отырып, елге тыныштық, бейбіт өмір тілейді. Бүгінде ол қызы Сапура мен немересі Мәдинаның қызығына бөленуде. Қызы Сапура «Нұр Отан» ХДП-ның мүшесі, Мұқыр селолық округінің орталығы – Мұқыр селосындағы «Алтын кілт» балалар бақшасының басшысы болып ұзақ жылдардан бері жемісті еңбек етіп келеді.
Біз Нахай әжеден ұзақ өмір сүруінің сырын және жас кездерінде Наурыз мерекесін қалай қарсы алатындықтарын сұрадық.
– Менің ұзақ өмір сүруімнің, денімнің сау болуының басты құпиясы қарапайым еңбекте жатыр. Біз еңбек майданында шыңдалып өскен жандармыз.
Біз де Нахай әжемен қимай қоштасып, «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген қазақ халқының қасиетті сөзінің құдіретіне бас идік.

Мағрупа ҚАЗИХАН.
Қызылқоға ауданы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*