ӘЗІРБАЙЖАНҒА САПАР

ҮЛКЕН ӘСЕРГЕ
БӨЛЕГЕН ҮШ КҮН

Мемлекет басшысының жоғарыда аталған тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында, мамыр айының 28-31-і аралығында Атырау қаласы әкімі бастаған арнайы делегация Әзірбайжан Республикасында ресми іссапармен болды.
Әзірбайжан Республикасына екіжақты іскерлік және мәдени қарым-қатынасты орнату үшін барған делегация қатарында қала әкімінің орынбасары А.Айтбаев, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы» АҚ-ның төрағасы А.Тасимов, қалалық кәсіпкерлер одағының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Серік Нәжікенов және қала кәсіпкерлері болды.
Екіжақты ынтымақтастықты нығайту, мұнай-химия, индустрия, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салалары бойынша тәжірибе алмасу мен Атырау, Ширван қалаларының арасында бауырлас қалалар қарым-қатынасын орнатуды мақсат еткен делегация үш күннен тұрған ресми сапары барысында ірі өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып қайтты.
Делегация бірінші күні Әзірбайжандағы мұнай-химия өнеркәсібінің орталығы болып табылатын Сумгаит қаласындағы өндірістік орындарды аралады. Оңтүстік Кавказдағы бірегей әрі заманауи ең ірі технологиялық парктердің бірі Сумгаит технологиялық паркінің жұмысымен танысты. Бүгінгі таңда құрамына 11 зауыт кіретін технопаркте 4 600 адам еңбек етеді және тағы бес зауыт салынуда. Болашақта жалпы көлемі 245 га-ды құрайтын парк аумағында 30-дан аса кәсіпорын, инфраструктура нысандары мен айлақ салу жоспарланып отыр.
Атыраулықтар технопарк аясында полимер өнімдері, кабель зауыты, алюминий және мыс электротехникалық орама, электр құрал-жабдықтары, электрондық құралдар шығаратын зауыттар жұмысымен танысты. Сонымен қатар, делегация құрамындағы бизнес өкілдері мен технопарк қызметкерлері арасында перспективалық дамуға бағытталған екіжақты кездесулер ұйымдастырылды.
Технопарк базасында қала әкімі Серік Айдарбеков «AzerEnerji» холдингінің президенті Етибар Первердиевпен жүздесті. Кездесу барысында қаламызда энергетика саласы бойынша арнайы жобаларды іске асыру үшін тығыз әріптестік орнату мәселелері жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ, Первердиев Атырау облысына іссапармен бару жоспары туралы бөлісті.

МҰНАЙ-ХИМИЯ
КЕШЕНІ ЖАҚСЫ
ДАМЫҒАН

azer1Сумгаит технологиялық паркін аралағаннан кейін қала әкімі бастаған делегация «Gilan Holding» текстиль кешенінің басшылығымен кездесіп, кешен жұмысымен танысты. «Gilan Holding» кешенінің құрамына қазіргі таңда Габала консервілік және жаңғақ өңдеу зауыттары, «Жале» су өндіру Бакин зауыты, компактілі дискі жасау, гипс өнімдері және кірпіш, гипсокартон, бетон өндіру зауыттары, былғары өңдеу және тігін фабрикалары кіреді.
Қаладағы басты өнеркәсіп орындарымен танысқаннан кейін қала әкімі бастаған делегация Әзірбайжан Республикасының «Әзерхимия» мемлекеттік мұнай компаниясының басшылығымен кездесіп, келіссөз жүргізді.
Сумгаит технопаркіндегі бес зауытпен қоса, мұнай-химия кешендерін салу мен су құбырларын тартуда мол тәжірибеге ие компания – әлемдегі көшбасшылар қатарында. Компания қазіргі уақытта 2020 жылы іске қосылатын Карадар ауданындағы ірі мұнай өңдеу зауыты мен Баку-Кабала қалаларының арасындағы тұрба желісінің құрылысын жүргізуде. Сондай-ақ, компания жуық арада газ өңдеуде қуаттылығы жылына 17 млн. тоннаны, мұнай өңдеуде 10 млн. тоннаны құрайтын зауыттармен қоса, қуаттылығы жылына 12 млн. тоннаға жететін мұнай-химия кешенін, жылына 1000-нан аса мұнай-химия саласының мамандарын даярлайтын жаңа оқу орталығының құрылысын бастауды жоспарлап отыр.
Кездесу барысында қала басшысы Серік Айдарбеков Әзірбайжан мемлекетінің мұнай-химия өнеркәсібіндегі озық тәжірибелерін ескере отырып, Атырау облысының аталмыш сала бойынша екіжақты тиімді әріптестік орнатуға деген ниеттілігін білдірді.
Сумгаит қаласына іссапар кезінде атыраулық делегация айына 500 мың шаршы метрге дейін өнім шығаратын «Embawood» жиһаз жасау компаниясының жұмысымен танысты. Халықаралық стандарттарға толықтай жауап беретін «Embawood» компаниясының өнімдері Украина, Әзірбайжан, Грузия, Ресей, Қырғызстан елдерінде үлкен сұранысқа ие. Бүгінгі күні компанияға тартылған ауқымды инвестициялар мен сату стратегиясының табыстылығы нәтижесінде фабрикада 1 800 адам еңбек етеді.

БИЗНЕС-ФОРУМНЫҢ БЕРЕРІ КӨП
Мамырдың 30-ы күні Әзірбайжан Республикасының Экономикалық даму вице-министрі Ниязи Сафаровтың төрағалығымен өткізілген Әзірбайжан-Қазақстан бизнес-форумына атыраулық делегациямен қоса, 80-ге тарта әзірбайжандық ірі холдингтер мен компаниялардың өкілдері қатынасты. Қазақстандықтар жағынан қала әкімінің орынбасары Амантай Айтбаев Атырау қаласының сауда-экономикалық мүмкіндігі мен өңірдің инвестициялық тартымдылығы туралы, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы» АҚ-ның төрағасы А.Тасимов корпорация қызметі және өнеркәсіптің түрлі саласы бойынша аймағымызда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар жөнінде баяндама жасады.
Форумнан кейін Атырау және Баку қалаларының түрлі деңгейдегі кәсіпкерлері мен бизнес өкілдерінің арасында іскерлік әріптестік орнатуға бағытталған екіжақты кездесулері ұйымдастырылды. Соның ішінде, Қазақстан экономикасындағы тиімділік пен мүмкіндіктер әзірбайжандық кәсіпкерлердің қызығушылығын арттырды.
Күннің екінші жартысында қала әкімі Серік Айдарбековтің Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік сәулет және қала құрылысы комитетінің төрағасы Аббас Алескеровпен кездесуі ұйымдастырылды.
Қала әкімі кездесу барысында атыраулық делегацияның іссапардағы басты мақсаты Атырау және Ширван қалаларының арасында бауырлас қалалар қарым-қатынасын орнату болып табылатынын атап өтті. Делегацияның басты мақсатынан хабардар болған соң комитет төрағасы А.Алескеров мемлекеттің Ширван қаласын ірі сәулеттік кадастрға айналдыруға бағытталған пилоттық жобасы жөнінде кеңірек баяндады. Сондай-ақ, болашақта сәулет және қала құрылысы, ландшафты дизайн салаларында тәжірибе алмасумен қоса, екіжақты әріптестік орнатуға ниетті екенін білдірді.
Сапар барысында қала әкімі бастаған делегация еліміздің Әзірбайжан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Амангелді Жұмабаевтың қабылдауында болды. Қабылдау кезінде Серік Айдарбеков екіжақты ынтымақтастықты жолға қою бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқтала келе, достық қарым-қатынастың жыл санап нығая түсетініне сенімділігін жеткізді. Сыртқы саясатты әртараптандыру, оның ішінде ұлттық экономикалық және сауда мүдделерін ілгерілету, экономикалық және сауда дипломатиясын дамытумен қоса, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың баянды болуы да – Әзірбайжандағы Қазақстан Республикасы елшілігі еңбегінің нәтижесі.

ӘРІПТЕСТІКТІҢ
БОЛАШАҒЫ ҮЛКЕН

Жоғарыда айтқанымыздай, қала әкімі бастаған делегация екіжақты тәжірибе алмасу, әріптестік орнату мақсатында әзірбайжандық «Azersun Holding» кешенінің президенті Абдолбари Гозалмен кездесті.
Халық тұтынатын тауарлар өндіруде, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен сауда саласында маманданған «Azersun Holding» компаниясы – ауыл шаруашылығы бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарында.
Кездесу кезінде холдинг басшылығы делегацияны кешен қызметімен таныстырумен шектеліп қалмай, болашақтағы даму бағдарламаларымен бөлісті. Холдинг президенті Гозал мырза компания ұсынатын түрлі қызмет салаларын Атырау аймағында дамытуға ынталы екенін және аталған мәселелерді жан-жақты талқылап, келіссөз жүргізу үшін Атырау облысына іссапармен келу ниеті туралы да сөз қозғады.

ЖЫЛЫЖАЙДАН
ҮЙРЕНЕРІМІЗ КӨП
Кездесуден соң делегация Баку қаласына қарасты Бина кентінде орналасқан заманауи «Green Tech» жылыжай кешенін аралады. Жалпы аумағы 10 га-ды құрайтын жылыжай кешені холдинг қатарындағы ірі өндіріс нысандарының бірі болып табылады. Жылыжайда егін технологиясындағы жаңа голландық әдіс қолданылуда. Заманауи технологиялардың негізінде құрылған кешен толықтай ауа райын бақылау құралдарымен, жылыту және суару қондырғыларымен қамтылған. Жылыжай кешенінде өнім өндіруге органикалық тыңайтқыштар пайдаланылады. Көкөніс дақылдарын арнайы араларды пайдалану арқылы ұрықтандыру жылыжай кешенінің табиғи өнімділігін арттыруға үлкен септігін тигізуде. Бұған қоса, кешен жанынан жаңа 10 га жер теліміне жылыжай салынуда.

ШИРВАН –
БАУЫРЛАС ҚАЛА

Мамыр айының 31-і күні Атырау қаласының әкімі Серік Айдарбеков бастаған делегация Ширван қаласында қала басшысы Мардан Джамаловпен кездесті. Кездесу Әзірбайжанның жалпыұлттық лидері Гейдар Әлиев ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан және Г.Әлиев мұражайын аралаудан басталды. Қала басшысы Мардан Джамалов атыраулық делегацияны қабылдап, Ширван қаласының бүгінгі тұрмыс-тіршілігін баяндады. Қалалар арасындағы мәдени қарым-қатынас, тұрғын үй шаруашылық, сауда-саттық мәселелер төңірегінде ой қозғалған кездесуге Ширван қаласы әкімшілігі мен ірі компаниялардың өкілдері қатысты.
Екі қала да мұнай-химия өндірісі саласы бойынша маманданған. Қала орталықтарында ірі кәсіпорындар шоғырланған. Халықтың басым бөлігі осы салада қызмет етеді. Ширван Әзірбайжандағы Баку қаласынан кейін мұнай өңдеу бойынша екінші орында екенін ескерсек, екіжақты тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік туғызылғанын атап өтуге болады.
Сонымен қатар, делегация Ширван қаласында қуаттылығы 780 мВт құрайтын электростанция құрылысының жүру барысымен танысты. Жалпы құны 1 млрд. еуро тұратын құрылыстың бас мердігері – «General Electric» компаниясы. Бүгінгі таңда құрылысы аяқталған жобаны іске қосу жұмыстары жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, іске қосу жұмыстарын қазақстандық жас мамандардың жүзеге асырғандығы да көңіл қуантады. Болашақта осы өндіріс орталығында 200-ден аса жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Делегация Ширван қаласындағы қуаттылығы күніне 1000 текше метр блок пен 100 тонна әк шығаратын «AAC Gobustone» газоблоктар компаниясының жұмысымен танысты. Қазіргі уақытта зауыт бүкіл Кавказ бойынша сапасы жоғары неміс технологиясын қолдану арқылы газоблоктар шығаратын бірден-бір кәсіпорын болып табылады.
Сапар барысында атыраулық делегация «Azersun Holding» кешенінің консервілік зауытын, сондай-ақ Билясувар қалашығындағы жалпы аумағы 3,5 мың га құрайтын суармалы егіс ал- қабын аралады. Жаңа технологиялар арқылы суарылатын егіс алқаптарында ауыл шаруашылығы өнімдерінің 16 түрімен қоса, бұршақ, зәйтүн, қант қызылшасы және анар өсіріледі.
Бүгінде осы аймақтар халықтың экономикалық белсенділігі артқан шағын қалаларға айналды. Яғни, мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асып, халық игілігіне қызмет етуде.
Жалпы алғанда, атыраулық делегацияның іссапары сәтті жүзеге асты. Болашақта түрлі салалар бойынша әзірбайжандықтармен тәжірибе алмасу жан-жақты жүргізіледі деп күтілуде. Сондай-ақ, осы іссапар екі қаланың экономикалық дамуына жаңа серпілістер беретініне сеніміміз мол.

Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*