ЖЫРЫНДА ЖЕЛТОҚСАННЫҢ МІНЕЗІ БАР…

Желтоқсан желі сынды жүйрік көңіл жөңкіле жүгіріп, жыртыла-жыртыла ада болуға айналған күнпарақтың соңғы күндеріне сүзілте қаратады. Желтоқсанның күнпарағына үңіле қарасақ, жұртымыздың жақсыларының көбі осы айда дүниеге келген сияқты. Осы айда туған ардақты ағаларымыз бен аяулы апаларымыздың, ардакүрең інілеріміз бен қайраткер бауырларымыздың ұзын саны да баршылық. Саусақ бүгіп санамай, сананың шотын қағып көреміз. Шүкір демеске әддің бар ма!
Жалпы, желтоқсан деген жақсы ай ғой, шіркін. Жаның жаңғырар, жадың жаңғырар, сәнің салтанаттар, әнің мархабаттанар кез. Күн райы суық болғанымен, жүрегің жып-жылы, тілегің ізетті. Жыл бойы жүгірткен мігірсіз тіршілік, ұлыжіңгір ұмтылыс, апаш-құпаш қозғалыс бұл айда, сірә, кісіге жамбас сипатпас. Бәрін айт та, бірін айт, Тәуелсіздікті тудырған қасиетті ай ретінде «айға бас, бізге жас» деп тізе бүгіп, тәжім етсек, кәнеки…
Осындай кезде інілік ізетті тілек пен бауырмал ниетті білдіру үшін қолыма қалам алып, хат қайшыладым. Осы күні, Астанада соққан алай-дүлейде, автомобиль құлағы көрінбес ақ боранда, желтоқсанда өмір есігін ашқан аға-апаларым туралы ойладым. Ойладым да, ес біліп, етек жауып, екі-үш ауыз өлең құрағаннан бері «бауырым» деп басымнан сипап келе жатқан Фариза апамның туған күні де желтоқсанда екенін Сіздерге айтқым келді.
25 желтоқсан – Фариза ақынның туған күні. Жырында желтоқсанның мінезі бар ақынның туған күні. Өлеңнің өркештенген күні. Апамның әлпештенген күні. Жырдың жалданған күні. Жұртының малданған күні. Бұл күнді менен басқа да мыңдаған, әлденеше мыңдаған жан білетініне еш шүбәм жоқ. Туған айымен мінездес, туған жылымен өзектес, туған халқымен тағдырлас ақынның кейінгі кездері денсаулығы сыр беріп жүргені жанымызға батады. Соңғы кездері ауруханаға жолы түсіңкіреп жүрген апамның соңынан халін сұрап, қадірін арттырып бара беруге де тәуекел жете бермейді. Батыр мінезін жастай көріп, жанымызға жаттап өскендіктен де, жасып қаламыз ба деп кібіртіктейміз. Жасығанымызды көріп, жекіп тастай ма деп жасқанамыз.
Кеше аққұлақ боран аласұрып, аспан мен жер астасып, қаршыл қала желдің өтінде, боранның бетінде дірдектеп еді, бүгін аспан шәйдай ашылып, адуын боран басылып, күн астындағы Күнікейдей болып жеткен күншуақ күлімсірейді. Апамның да алай-дүлей көңілі борандай ашылып, шуағы шашылып, жұртына асығып, қуатты қаламына сүйеніп, «иә, Бекет!» деп жарқылдап тұрып кетеді деп ойлаймын. Жоқ, ойлап қана қоймаймын, бұған кәміл сенемін.
Өйткені, Фариза Оңғарсынқызын – Фаризасын күтіп отырған қалың ел, қадірлі қауым, жүректес жамағат, тілектес орта бар. Жанкүйер жұрты, жанашыр оқырманы бар. Ой-сәбидің оң аяғын көтертіп, осынау үшбу хат – ұшырма көңілімді алғаусыз ниетпен әдіптеп, өлеңмен өрдім:
Жауға да шабар шүйіліп,
Дауға да барар түйіліп.
Махамбет болар бұл апам,
Қыз болған Алла бұйырып.

Құлагер-жыр боп жараған,
Қыран боп көкке қараған.
Қаламы дауыл тұрғызып,
Қылышпен шашын тараған.

Асырса аяр айласын,
Алаяқ қуса пайдасын.
Ұрымтал тұстан ұмтылып,
Ұрады соған найзасын.

Әкімнен артық беделі,
Әркімнен артық өнері.
Әйел боп жаны толғатып,
Еркек боп туған өлеңі.
Қату боп келсе, қар жауар,
Тату боп келсе, шам жағар.
Бату боп келсе бауырмал,
Баладай көңілі алданар.

Қынапқа салсаң қайрамай,
Қиқуын салар найзадай.
Күй тартқан кезде Динадай,
Ән салған кезде Майрадай.

Той бастап кетсе – Төледей,
Қол бастап кетсе – жебедей.
Жол бастап кетсе – телегей,
Мұхитқа түскен кемедей.

Ұрысқан кезде – Қабанбай,
Ұғысқан кезде – анамдай.
Шығысқан кезде шарт сынар,
Туысқан кезде – даламдай.
Бұршақтап жауған өлеңі,
Бұтарлап кетер денені.
Байтағын жырмен әлдилеп,
Бауырына басып келеді.

Жауынгер жырға жан риза,
Жұрты бар оған дән риза.
Сырласқан кезде – Сыпыра,
Жыр жазған кезде – Фариза!
Фариза апа, туған күніңіз құтты болсын! Жасыңызға жас қосылып, жақындап келе жатқан 75 жасқа толу тойыңызда асаба топта аңқылдап, алқалап келген әлеуметке қызмет көрсетсем деген ойымның жүзеге асуына қол ұшын беруіңізді сұраймын.

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
ақын, ҚР Мемлекеттік хатшысының кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*