ЖЫР ЖҰЛДЫЗЫҢ СӨНБЕЙДІ

  

Ауытқымас тағдырдың бағыт күші,
Арсыз ажал, асылды қағып түсті.
Қара түннің қойнынан қақ айырып,
Қара жерге бір жұлдыз ағып түсті.
 
Кешірсе де басынан азапты мың,
Қорғап өткен арының азаттығын.
Жырларымен танытты бар әлемге,
Қайсарлыққа қаныққан қазақ қызын.
 
Ой бөлісіп орман, тау, қырларымен,
Араласып арман-мұң, сырларымен.
Жүрек сөзі үндесіп жатушы еді,
Мұқалмайтын Махамбет жырларымен.
 
Күрсініп бүгін Нарынның байтақ даласы,
Күңіренуде жыр сіңген жұрттың санасы,
Ботасын жоқтап, кіндігін кескен ата-жұрт,
Аруанадай боздап, бүк түсіп жатыр Манашы!
 
Сілкіндіріп ой бөлген тыңдарманды,
Өз жолыңмен жүріп ең бұл жалғанды.
Еміреніп еліңді жырлап өттің,
Енді өзіңді еліңде жырлар мәңгі.
 
Бар әлемді жырыңмен қарық қылып,
Өз жұлдызың өшсе де ағып-тынып.
Жыр жұлдызың сөнбейді, Фариза апа,
Жыр әлемін мәңгілік жарық қылып!

 

Адайбек ЕСЕКЕШ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі.
Исатай ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*