Жылыой ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы жайында аудан әкімі Мақсым Ізбасов баян етті

 Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» реформасының басты қағидаттарының бірі – атқарушы органдардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Жылыой ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы жайында аудан әкімі Мақсым Ізбасов баян етті.

  Биылғы жылдың алғашқы бес айында Жылыой ауданындағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трл. 525,4 млрд. теңгеге жетті. 13,1 млн. тонна мұнай, 6,6 млн. текше метр газ өндірілді. Негізгі капиталға инвестициялар көлемі 366,7 млрд. теңге болды. Бұл – тәуелсіздіктің 25 жылдығы аталып өтер айрықша жылға Жылыой ауданының жарқын жетістіктермен жеткенін айғақтайды. Аудан бюджетінің шығысы мен кірісі 2016 жылы 2014 жылмен салыстырғанда 65 пайызға өскен. Жыл басынан бері 8,1 млрд. теңге салық түссе, шығыстар бөлігі 4,57 млрд. теңгеге игерілді. Құрылыс саласында да бірқатар жаңалықтар бар. Айталық, қаңтар-мамыр айларында 101 тұрғын үй қабылданып, пайдалануға берілген. Құлсары қаласындағы үш қатарлы бес тұрғын үй қазір тұрғындар игілігінде, енді абаттандыру мен инженерлік инфрақұрылымдармен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Достық, Әуежай ықшамаудандарында «ҚазТрансОйл» АҚ демеушілігімен мектептер салынды. Болашақта Құлсары қаласында өнер мектебі, жедел басқару орталығы, Ақкиізтоғай, Қосшағыл, Тұрғызба, Шоқпартоғай, Майкөмген ауылдарында дене шынықтыру кешендері, Ақкиізтоғай ауылында жаңа кеңсе ғимараты салынады. – Құлсары қаласы бойынша жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала көшелеріндегі 550 дана жол белгілерін, 44 автобус аялдамасын күтіп ұстау, жасанды жол кедергілерін орнату және әртүрлі себептермен жарамсыз күйге келген жол белгілерін қайта орнату жұмыстары жасалатын болады. Құлсары және Жаңа Қаратон кентішілік жолдарды ағымдағы жөндеуден өткізу үшін 2016 жылға 102,2 млн. теңге қарастырылып отыр. Құлсары-Шоқпартоғай 10,8 шақырым болатын кірме жолының күрделі жөндеу жұмыстары биыл аяқталады. Құлсары-Ақкиізтоғай 33 шақырым кірме жолының күрделі жөндеу жұмыстары басталды, – деді аудан әкімі.

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ!

«Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Ақкиізтоғай, Майкөмген, Шоқпартоғай, Тұрғызба ауылішілік ауыз су құрылысы жүргізіліп, Ақкиізтоғай және Майкөмген ауылдары ауыз сумен қамтылады. «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен 528,0 млн. теңге бөлініп, қалаішілік жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қаражаты толықтай игерілді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 18 925,0 мың теңге бөлініп отыр. Жаңа Қаратон кентінде, Тұрғызба, Қосшағыл ауылдық елді мекендерінде көше жарығының жұмыстары жүргізіледі, Қара арна, Ақкиізтоғай, Майкөмген ауылдық елді мекендеріне балалар ойын алаңдары салынады.

КЕҢЕЙДІ КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІ…

Бүгінде Жылыой ауданындағы кәсіпкерлік субъектілерінің саны жеті мыңнан асқан. Жыл басынан бері жаңа жеті нысан іске қосылды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша «МеталлПродукт» ЖШС-нің металл жаймаларын шығару комбинаты, «ЭкоТехникс» ЖШС-нің мұнайшламды қайта өңдеу бойынша өндірісті жаңғырту жобасы, «Атырау-Сауда» ЖШС-нің құс фабрикасы қызмет етіп жатыр. Алдағы жылдары күн сәулесінен электр қуатын өндіру стансасы мен жылыжай салынады. Құлсары қаласын дамытудың үш жылдық кешенді жоспарына «Зәкірлі» инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін «Каспий Сервис – Е» ЖШС-нің жылына 84 мың тонна әк (известь) шығару зауыты енгізілді. Қазір зауыттың құрал-жабдықтарын монтаждау жұмыстары жүргізілуде. – «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында шағын несие алуға 61 және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту бағытында жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражатқа он үміткердің бизнес-жобалары Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына ұсынылды, – деді Мақсым Ізбасов, – «Жұмыспен қамту–2020» жол картасы» бағдарламасы бойынша соңғы екі жылда 25 адамға несие берілді.

АУДАНДА ТЕК МҰНАЙ ЕМЕС, МАЛ ДА БАР

Негізінен мұнайлы аймақ саналатын өңірде ауыл шаруашылығы саласына да үлкен көңіл бөлініп келеді. Ауданда ауыл шаруашылығымен «Жаңа Таң» серіктестігі және 240 шаруа қожалығы айналысады. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын қолдау бағытында мемлекет тарапынан өндірілген өнімге 26,3 млн. теңге, асыл тұқымды мал сатып алғанға 3,2 млн. теңге және мал басын асылдандыру бойынша 9,7 млн. теңге субсидия берілді. Ауданда мал соятын бөлімше, мал сою алаңы және шұжық, сүт цехтары бар. Ағымдағы жылы шаруашылықтармен 150 гектар жерге егіс егілді. Одан 525 тонна көкөніс, 1400 тонна бақша өнімдері алынады деп күтілуде. Егіс көлемінің аз болуын аудан әкімі Жем өзенінің суымен байланыстырды. Себебі, Жем суы жаз айларында үзіліп қалуына байланысты қиындық туындайды. Ауданда ауыл шаруашылығын дамыту бағытында шабындық алқаптарға су шығару үшін және Қамыскөл көлін сумен қамтамасыз ету мақсатында облыстық құрылыс басқармасының жобалау-сметалық құжаттары жасақталды. Осы жоба іске асқан жағдайда Жем өзені суын реттеуге, яғни шабындыққа, жайылымға, егін шаруашылығына су шығаруға және Қамыскөл көлін толтыруға мүмкіндік туады. – Құрсай өзегінің бойын пайдалану керек деп есептейміз. Құрсай өзегі негізінен Жем суы тасыған кезде Қамыскөл көлін толтырады. Көктемгі су тасқыны тоқтаған кезде үзіліп, сусыз қалады. Осы Құрсай өзегінің бойын зерделеп қарағанда, 150 га дейін егіс салу мүмкіндігі байқалып отыр. Сондықтан да жобаға сәйкес екі су реттегіш құрылысына және өзекті тереңдетуге қаражат қаралуына облыс әкіміне ұсыныс берілді, – деді Мақсым Шафихұлы.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ӘЛЕУЕТІ ЗОР

 Әкім баяндамасынан аңғарғанымыздай, әлеуметтік сала бойынша да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес екен. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 568 адам жұмыссыз ретінде тіркелген, оның 299-ы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Ақылы қоғамдық жұмысқа 182 адам жолданды. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 77,1 млн. теңге бөлініп, мал және егін шаруашылығын дамытуға 12,5 млн. теңге несие берілді. Әлеуметтік жұмыс орындарына 21 жұмыссыз, ал жастар тәжірибесіне 20 жас жіберілді. Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында тағы да 108 жұмыссызды қамту жоспарланып отыр. Теңіз кенішіндегі мекемелерден түскен сұраныстарға сәйкес 760 жаңа жұмыс орындары ашылды. Ауданда жалпы орта білім беретін 20 мектеп жұмыс істейді, 16 балабақша (оның ішінде біреуі – жекеменшік), мектеп жанындағы 49 шағын орталық бар. 2015-2016 оқу жылы бойынша білім сапасы 53,2 пайызды құрап, өткен оқу жылының осы кезеңімен салыстырғанда (52,5 пайыз) 0,7 пайызға өсіп отыр. Аудандағы білім ошақтарына 17 мұғалім, денсаулық сақтау саласына 12 дәрігер жетіспейді.

 Жылыой ауданында тұрғылықты халық пен Теңіз кенішіндегі мамандарды қосқанда жүз мыңға жуық тұрғын бар. Бірлік пен өзара түсіністікте қызмет еткеннің нәтижесінде жергілікті билік кәсіпкерлерді өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге тартып, бірқатар жұмыстар атқарған. «Теңізшевройл», «КаспийТұрбаКонсорциум», «ҚазТрансОйл» компаниялары бұл ретте үлкен көмектерін көрсетіп отыр. Аудан әкімі өз сөзінде мәдениет, тіл саясаты, діни ахуал, қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне де кеңінен тоқталды. Игілікті істермен бірге әлі күнге шешімін таппай келе жатқан түйткілді жайттар да аз емес, олардың басым бөлігі жол, құрылыс, инфрақұрылым салаларына байланысты.

Бақытгүл БАБАШ.

 

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*