ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ…

 Көп  қабатты үйлерге  күш салынды

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, энергетика, байланыс, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Серікбай Қазиевтің мәлімдеуінше, шаһардағы 932 көп қабатты үй  орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы жылытылады екен. Бұлардың барлығында да гидравликалық сынақ жұмыстары кестеге сай жүргізіліп, мерзімінде аяқталған.

Егер білім беру және денсаулық сақтау нысандарына жылу қазан айының бірінен бастап берілсе, бір жетіден кейін бұл жұмыстар көп қабатты үйлерде жалғасын тапқан. Бүгіндері бәрі бірдей болмағанмен, басым бөлігі жылумен қамтылып үлгерген. Дербес жылыту қазандықтары орнатылған мөлтекаудандардағы тұрғын сектор да кезең-кезеңімен жылу жүйесіне қосылуда.

Ағымдағы жылы оңғарылған үлкен шаруаның бірі ретінде Балықшы кентіндегі орталық жылу қазандығының жөндеу жұмыстарымен қамтылып, бірқатар жабдықтарының жаңартылғанын айтуға болар еді. Тұтастай алғанда, қаланың тұрғын үй қорына кіретін көп қабатты үйлерді толықтай жылумен қамту шаралары екі аптаның ішінде жүзеге асырылады.

 

Орталықтан олқылық  болмайды

Жылу беру маусымына жауапты құрылымдардың бірі «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ болып табылады. Акционерлік қоғамның президенті Мұхамбетқали Қалиевтің айтуынша, кәсіпорын бойынша жоспарланған 23 пункттен тұратын іс-шара түгелімен орындалған. Ең бастыларын атасақ, үш қазандық пен екі турбина жөндеуден өткізілген. Суды жылыту қондырғыларының барлығы қыс жағдайында үзіліссіз жұмыс жасау үшін дайындық сапына қойылған.

Қазіргі таңда бұл кәсіпорынның қалыпты жылу энергиясын өндіру қуаттылығы 790 Гкал/сағатты құрайды. Егер Атырау қаласы бойынша тұтынылатын жылу энергиясының көлемі 250 Гкал/сағат болатынын ескерсек, қажеттілікті толықтай қанағаттандыруға мүмкіндіктің жеткілікті екендігі аңғарылады. Жалпы алғанда, инвестициялық бағдарлама аясында жоспарланған жұмыстардың атқарылуы 90 пайызға қамтамасыз етілсе, ағымдағы жылдың аяғына дейін қуаттылығы 220 гекокалориялық қазандық агрегатын іске қосу межеленген.

 

Жүйелер  сыр бермесе,  жылу  да үзілмейді

«Атырау жылу жүйелері» АҚ президенті Нұраддин Шамшатовтың сөзіне қарағанда, биыл мұнда жалпы ұзындығы 34,7 шақырым жылу желілері алмастырылған. Сондай-ақ, барлығы 36 шақырымды құрайтын тұрба құбырының жылыорамы жөнге келтіріліп, жылуалмастырғыштар, электр жабдықтары, 44 орталық жылу тарату бекетінде тұтынылған жылуды есептеу және бақылау-өлшеу құрылғылары, оған қоса екі бірдей сорғылау стансасы жөндеуден өткізілген.

Бұдан бөлек, 14 жылу беру бекеті мен магистральды жылу желілерінің темірбетонды тіреуіштеріне (барлығы 40 бірлік) күрделі жөндеу жүргізілген болып шықты. Жоғарыда айтылып кеткендей, қазан  басталысымен балабақша-мектептер мен медицина мекемелеріне жылу берілсе, айдың соңына дейін қаладағы көп қабатты үйлерді түгелдей қамту көзделген. Сайып келгенде, жүйелер сын шақта сыр беріп қалмаса, жылудың да қыс бойына үзілмесі кәміл.

 

Қауіпсіздік мәселесі – алғы кезекте

Құбыр бойымен келетін «көгілдір отынды» пайдалануда алғы кезекте қауіпсіздік мәселесіне, яғни тиісті ереже талаптарының сақталуына айрықша мән беріледі.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалынан алынған деректерге зер салсақ, кемшіліктерге де көз жеткізу қиын емес. 2013-2014 жылдардың күзгі-қысқы жылу беру маусымы барысында қарапайым ғана сақтық ережелерін ескеріп, қауіпсіздік шараларын қаперге алмаудың нәтижесінде, облыста осындай 24 факт  тіркелген. Зардап шеккендердің арасынан жеті адам жантәсілім еткен.

Кәсіпорынның өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Еркебұлан Кенжеғалиевтың айтуынша, бақытсыздық оқиғаларының орын алуының басты бір себебі, түтін шығатын тұрбалар мен вентиляциялық (желдеткіш) каналдардың бойында пайдаланылған немесе жанған табиғи газ қалдықтарының тұрып қалуы, белгілі бір мерзімде міндетті профилактикалық тазалау жұмыстарының жүйелі жүргізілмеуі болып табылады. Оның үстіне, көптеген жерлерде құрылыс нормаларына сәйкес келмейтін түтіндіктер орнатылады.

Және бір мәлім болғаны, газдан улану мен жарылыстар көбінесе тұрғындардың немесе тұтынушылардың жылыту құрылғыларының қолданылуына немқұрайды қарауынан орын алатын көрінеді. Оның үстіне, жекелеген тұрғындар әлгі құрылғыны өз бетінше іске қосып, бір орыннан екіншісіне көшіруге, күдікті не болмаса қолдан жасалынған жылытқыштарды пайдалануға әдеттенген. Бәрінен де бұрын, құзырлы құрылымдар мен мамандар тарапынан жергілікті жерлерде алдын алу, түсінік-насихат жұмыстарының жүйелі ұйымдастырылмауы да жоғарыда баяндалғандай жағдайлардың қайталануына септігін тигізеді.  Еркебұлан Мұсаұлының баяндауынша, осы бағытта біраз жоспарлы шаралар да жүзеге асырылған. Нақтылай кетсек, қыркүйек айының 16-20-сы күндері қаланың Жайық өзенінің сол жағындағы бөлігінде профилактикалық іс-шаралар жүргізілген. Атап айтқанда, финдік үлгідегі жылыту қазандықтарындағы ескірген жылуалмастырғыштар жаңасымен ауыстырылған. Өткен маусымда апатты жағдайда болуы себепті екі-үш мәрте жұмысын тоқтатқан «Финская» АГРС-індегі бұрыннан қолданылып келген бұрандалар да алмастырылған. Жақында қаланың қос бөлігіндегі құбырлар мен жүйелерді байланыстырып, тұйықтау жұмыстары басталды.  Одан бөлек, жеке сектордағы (көшелердің бойындағы) газ тарату шкафтарында қызмет көрсетуші кәсіпорынның телефондары жазылып қойылған, тұрғындар үшін үш арналы, тегін телефон желісі ашылған.

Дәулетқали АРУЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*