ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК КӘСІПКЕРЛЕРІ

Алдымен Атырау облысының кәсіпкерлері мен жұмыс берушілер одағы төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты, осы шараны ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Әлия Бекқожиева сөз алып, барша әріптестерін Жаңа жылмен құттықтады. Бұнан соң бизнес өкілдері ортаға шығып, «Кәсіпкерлер одағының әнұранын» шырқады.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев облыстағы шағын және орта бизнес өкілдерін келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Ол Елбасының биылғы халыққа Жолдауында белгіленген міндеттерді орындауға, сапалы әрі бәсекеге қабілетті, экологиялық таза өнім өндіруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, еліміздегі жекешелендіру үрдісіне қатысуға аймақ кәсіпкерлерінің қосар үлестерінің мол болатындығына сенім білдірді. Бүгінде облыста шағын және орта кәсіпкерлік саласында 112 мыңдай адам еңбек етеді. Іскерлер өндіретін өнімдердің әдемілігіне, сапалылығына, өтімділігіне, бағасының арзандығына назар аудару керектігін де көпшілік қаперіне берді.

Ғұмар Ислямұлы кәсіпкерлік салада табысты еңбек етіп жүрген бір топ бизнес өкіліне облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан Алғыс хаттар табыстады.

«Жылдың үздік жас кәсіпкері» аталымы бойынша конкурсқа жиырмадан астам өтініш түскен екен. Комиссия шешімімен техникалық қамту стансасының жұмысын ұршықтай иіріп, клиенттерінің көңілінен шығып жүрген 27 жасар Денис Тян «Жылдың үздік жас кәсіпкері» атанды. Ал, киім тігуші Ирина Нейбарт пен халыққа эстетикалық медицина қызметін көрсетуші Асыл Досниязова конкурстың лауреаттары атанып, дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Оларға бұл марапаттарын Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің төрағасы Абай Жұмағұлов табыстады.

Ауыл шаруашылығы саласының кәсіпкерлері – өз ісіне шын берілген жетік мамандар. Шаруа қожалықтарының өнімдеріне халықтың сұранымы жоғары, бағасы да қолжетімді.

«Ауылшаруашылығы бизнесі» номинациясы бойынша үздік атануға Индер ауданындағы «Алға – 1» шаруа қожалығының жетекшісі Ақеділ Шалқаров лайықты болды.

Қызылқоғалық Мәрзия Әбішева мен махамбеттік Ақмарал Қабуловалардың да мерейі өсіп, конкурс лауреаттары атанды. Үздіктерге марапаттарын ауыл шаруашылығы саласының ардагері Аманжол Есқараев тапсырды.

Ұйымдастыру комитетінің шешімімен білім беру орталықтары, балабақша орындары сияқты қызмет саласында сапалы әрі мәдениетті қызмет көрсеткен «Оранж Скул» ЖК басшысы Роза Қайранова «Балаларға арналған бизнес қызметі» аталымы бойынша жыл үздігі атанды. Ал, әріптестері Зейнеп Астраханцева мен Александра Абакумовалар лауреаттық дипломдармен марапатталды.

Іскер әйелдер қауымдастығы конкурсының қорытындысымен мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Рзағұлова «Жыл қаржыгері» атанды.

«Қызмет көрсету саласының үздігі» атағын «Алмас Семсер» ЖШС иеленді. Ұжым өнеркәсіп қауіпсіздігі, жобалау-іздестіру қызметі, сараптау, жылжымалы және жылжымайтын мүліктерді бағалау саласында өзгелерден оқ бойы алда келеді.

Биыл Елбасымыз кәсіпкерлерді отандық өндірісті қолға алып, оны әрі қарай дамытуға және «Қазақстанда жасалған» атты таңбамен өнім өндіруге шақырғаны белгілі. Осы шақыруды қабыл алған атыраулық тауар өндірушілер қатары да көбеюде. Конкурстың «Атырауда жасалған» аталымы бойынша «Дайрект Констракшен сервис», «Каспиан Констракшен Компани ЛТД» ЖШС-тері мен «Альфия» кондитерлік цехы іріктелді. Комиссия шешімімен Ержан Даиров басқаратын «Дайрект Констракшен сервис» ЖШС үй құрылысы комбинаты үздік деп танылды.

«Кәсіпкер – әйел» номинациясы бойынша бәсекеде Қазіргі заманғы Каспий маңы колледжінің директоры, қоғам белсендісі, қалалық мәслихаттың депутаты Бақытгүл Хаменова үздік атанды. Бұл марапатты Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев табыстап, шағын және орта бизнес өкілдерін келе жатқан Мешін жылымен құттықтады.

Сонымен әсерлі кештің шешуші сәті де келіп жетті. «Жыл кәсіпкері – 2015» байқауының жеңімпазын марапаттау құрметі облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевқа жолданды. Өз бизнесін осыдан он сегіз жыл бұрын шағын дүңгіршек арқылы ұсақ-түйек сатудан бастаған, бүгінде жиһаз цехы, дүкені, сауықтыру кешені, жарнамалық-полиграфиялық және ауыр жүк көліктер компаниясын басқаратын, үш жүзден астам адамды жұмыспен қамтып, халыққа сапалы қызмет көрсетіп отырған компания басшысы Айбар Серікұлы Жаниязов «Жылдың үздік кәсіпкері» атанды.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*