Жылыойдағы алма бақта 8 мыңнан астам алма ағашы жеміс береді

Қазақта «Қалауын тапса, қар жанар» дегендей, бұған дейін таулы аймақтардың ғана еншісіндегі бау шаруашылығын енді жылыойлықтар да қолға алып, Жем өзені бойында бақ пайда болды. Жақында аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаев, бас маманы Абай Ораевтармен бірге біз тілшілер Жем бойында орналасқан алма бақта болып қайттық. Бөлім басшысының айтуынша «Атырау Сауда» ЖШС-на 10 гектар жер алма талын өсіру үшін берілген көрінеді. Құлсары қаласынан 10 шақырым жерде орналасқан алма бағы жайқалып өсіп, жеміс те беріп қалыпты. Бақ басында бізді аталған серіктестіктің Сәли Бекдуллаев есімді агрономы қарсы алды. Ол бұл салада 30 жылдан бері табысты еңбек етіп келеді екен. Оның қарауында 4 бағбан еңбек етуде. Сәлидің айтуынша, 2015 жылдың көктемінде 5 гектар жерге алма талы отырғызылған. Оның 95 пайызы көктеп, тамыр алып кетіпті. Өткен жылдан бастап алма талдар жеміс те бере бастапты.

DSC_6228

– Бұл жерде отырғызылған түптер әлемдік стандарттарға сай «Олимпиское» сынды 4 түрлі алманың сортын беріп отыр. Алма талдары Польшадан әкелінген, негізінен қысқы алмалар. Бұл алманың ерекшелігі алғашқы суық түскенде жинап алынады. Содан кейін бұл алманы бір жыл бойы, яғни келесі жылы алма бергенше сақтауға болады. Негізі алма ағашының күтімі жақсы болған жағдайда бір гектардан 50 тоннаға дейін жеміс алуға болады. Дегенмен алманың бұл түрі Жылыой жеріне енді ғана өсіріліп тұрғандықтан 50 пайызын аламыз деп жоспарлап отырмыз, – дейді агроном. Алма бағы Жем өзеніне жақын орналасқандықтан осы өзеннен суарылуда. Дегенмен бау тамшылату технологиясымен суарылып отыр. Осылай егілген интенсивті бау көл-көсір суды қажет етпейді екен. Бұл баудан терілген алма импорттық жемістерден еш кем түспейді. Сонымен қатар өзімізде өндірілетін өнімнің сапасы да жоғары болмақ.

DSC_6212

Қайрат ДҮЙСЕНБЕТОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*