Жылыой ауыз суға зәру емес

Соңғы уақытта Құлсарыда ауыз судың жеткіліксіздігі жөнінде әңгіме тарады.

Мәселенің мәнісі журналистік зерттеу барысында анықталды. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосқан «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы Батыс филиалының директоры Сәбит Арынов көкейдегі көп күдікті сейілтті.

153789b60df

Жалпы ұзындығы екі мың шақырымдық Астрахан-Маңғыстау магистралды су құбырының Құлсарыға дейінгі қашықтығы – 447 км. Одан Жылыой жұртшылығымен бірге ар жағындағы Бейнеу мен Өзен тұрғындары  ауыз суға деген қажеттілігін өтейді. Таяу уақытта нысанның пайдалануға берілгеніне тура отыз жылға толмақшы. Содан бері ол күрделі жөнделген жоқ. Темір тұрбаның тотығып, жаңартуды қалайтыны да жасырын емес. Оның үстіне, осы құбыр бойына 175 абонент тіркелген. Олар – үлкенді-кішілі елді мекендер, ірілі-ұсақты кәсіпорындар, жекелеген нысандар. Солардың бәрін қамтамасыз ету керек. Яғни, жыл санап тұтынушы қатары өсуде. Қыста сұранысқа орай тәулігіне 70-75 мың, ал, жазда 90-95 мың текше метр су айдалады.

Ал, Құлсарыға қатысты ахуал қалай қалыптасты? Көктем биыл кештеу келгенімен, шілденің басы ми қайнатар ыстығымен есте қалды. Сондықтан, жылыойлық басшылар осы айға жоспарланған тәулігіне 7400 текше метрге тағы да 1200 текше метр су қосуды өтінген. Кейін, керісінше, тоқтатуды сұраған. «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалы басшылығы бәрімен де келіседі. Оның үстіне, артылған су  Бейнеу мен Өзенге жеткізіледі.

Арнайы хабарласқанымызда, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Сайлау Кенжеғалиев мұндай өтініш болғанын жасырмады. Өйткені, екі күн қатарынан жауған жаңбыр тұрғындардың тал-терегі мен бау-бақшасын табиғи түрде суарып берген. Сөйтіп, суды тұтыну көлемі күрт қысқарған. Құлсарыдағы әрқайсысы бес мың текше метрлік қос қазан лық толған. Ал, мұнда су құятын басқа ыдыс жоқ. Сондықтан, осындай шараға барған.

Құлсарыны ауыз сумен қамтуда «ҚазТрансОйл» АҚ  Батыс филиалымен ешқандай келіспеушілік жоқ екенін «ЖылыойСу» мекемесінің басшысы Балтабай Ыбыраев та айтады. Жалпы, аудан тұрғындары жаз кезінде тәулігіне 8500  текше  метр шамасында су пайдаланады. Соның жартысына жуығы ауладағы тал-терек пен бау-бақшаны суаруға жұмсалады.

Бізді қызықтырған тағы бір мәселе – тариф. Еділ суын құлсарылықтар қымбатқа, маңғыстаулықтар арзанға алатынын алдында естігенбіз. Расында да, солай екен. Бірақ, Сәбит Арыновтң айтуынша, оның да себебі бар.

Мәселен, Өзенге техникалық сипаттағы су жеткізіледі. Одан әрі мұнда өздері тазалап, тұтынушыға таратады. Сондықтан, әр текше метрі – 22 теңге. Ал, Құлсарыға келетін суды «ҚазТрансОйл» АҚ-ы Батыс филиалы химреагенттерімен қалыпқа келтіріп, кәдеге асырып отыр. Сол себепті мұнда әр текше метріне 39 теңге тағайындалған. Осы орайда «ЖылыойСу» мекемесінің тарифі – 150 теңге. Айырма, әрине, үлкен. Бірақ, коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорын 2020 жылға дейін инвестициялық бағдарлама қабылдаған. Осы мерзімде 12 млн. теңгенің жұмысы жасалуы шарт. Оның ішінде ескі сорғыларды ауыстыру, энергетикалық қуаттарды барынша аз тұтынатын үнемді қондырғыларды қондыру тәрізді шаралар белгіленген.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*