ЖЫЛҚЫШЫНЫҢ ҰЛЫ

 

– Біз әке шаңырағында бес перзент болып өскен едік, – дейді Қалым ағаның туған інісі Қайырлы Жұмағазиев отбасы туралы әңгіме қозғалғанда. – Жылқышының ұлы болғаннан кейін ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ жылқы бағуға ерте араласып, әкемізге қолғанат бола білді. Мектепті де өте жақсы оқып, білімге құштарлығын ерте байқатты. Сол білім жолындағы талпынысы мен зеректігі оны 1950 жылы Новобогат (қазіргі Х.Ерғалиев ауылы) селосындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына жетеледі. Талапты жастың асқақ арманы алдамаған екен. Қалым аға Мусағалиев Мұхит, Мусағалиев Қайыржан, Тұрағалыұлы Жаңабай сияқты ауылдастарымен бірге қабылдау емтихандарын ойдағыдай тапсырып, институттың студенті атанады.
1955 жылы институтты инженер-энергетик мамандығы бойынша аяқтағаннан кейін Қалым аға туған өлкесі – қазіргі Исатай ауданына оралып, Новобогат МТС-інде инженер болып еңбек жолын бастайды. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» дегендей, жиырмадан жаңа асқан жас маман үлкен ұжымға да тез үйренісіп, өзінің білімі мен қабілетін сол ортада көрсетуге тырысады. Сол кездегі МТС директоры С.Ахтанов оның алғашқы қадамына үлкен сенім артып, талабының ұшталуына қолдау білдіреді. Сөйтіп, жұмысқа араласқан екі жылдың өзінде-ақ ол білімін де, ұйымдастырушылық қабілетін де байқата алады. 1957 жылы ұсақ колхоздар біріктіріліп, Чапаев атындағы кеңшар ұйымдастырылғанда, Қалым аға білікті маман ретінде осы кеңшардың бас инженері қызметіне тағайындалады. Соғыстан кейінгі ауыртпалығы мол жылдар еді бұл. Шаруашылықта техника аз, қолда бары ескі. Техникаларды жөндеуге қосалқы бөлшектер де жетісе бермейтін. Ал, шаруашылықтың қат-қабат жұмысында техника араласпайтын сала жоқ. Осындай қиындығы мол кезеңде Қалым аға өзге де инженер-техник қызметкерлермен тізе қоса жұмыс істеп, техникаларды шаруашылыққа тиімді пайдалануды жолға қоя білді. Фермалардағы мал көшіру, құрылыс, пішен шабу, мал қыстақтарына су тасымалдап жеткізу, тағы басқа қат-қабат жұмыстарға уақытымен автокөліктер мен тракторлар бөліп, олардың іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Әсіресе, құм өңіріне қатынайтын қуатты көліктер өте аз болса да, барының орынсыз тоқтап қалмауын қадағалады. Сол кездегі автокөлік жүргізушілері – қазір ортамызда жоқ Е.Беркалиев, С.Әміров, Қ.Хасанғалиев және басқалары күндіз-түні жол үстінде жүріп, техникаларын тоқтатпайтын нағыз еңбек майталмандары болатын. Ал, Қалым аға ұжымдағылардың көбінен жасы кіші болса да, олармен ортақ тіл тауып, қажетті жерінде тиісті талап қойып, үйлесімді жұмыс жасай білгенін ауылдастары әлі де еске алып отырады.
– Ойлап қарасақ, бұл – бір жағынан, ағамызға көрсетілген сенім болса, екіншіден, ол кісіні басшылық қызметке баулу, тәрбиелеу екен ғой, – дейді інісі Қайырлы сол кезді еске алғанда. – Кейін ол 1976 жылы жаңадан ұйымдастырылған Махамбет ауданындағы «Жалғансай» совхозына директор болып ауысқан кезде осы тәлім-тәрбиенің көп пайдасы тиді-ау деп ойлаймын. Жаңадан құрылған кеңшардың кем-кетігі, жетпейтіні, түптеп келгенде, қиыншылықтар мен кедергілер аз болмайтыны белгілі. Бірақ ағамыз біртіндеп бәрін де жолға қойып, ұжымның тығыз қолдауымен үлгілі шаруашылықты қалыптастырып еді.
«Қалекең өз бойына жоғары ұйымдастырушылық қабілетті жинай білген, қатал тәртіптің, нақты істің адамы болатын, – дейді ол туралы «Жалғансай» кеңшарында бірге қызметтес болған еңбек ардагері, бұл күндері жасы 80-нен асып отырған қария Аманолла Жаңабаев. – Осы қасиеттері арқасында және жергілікті мамандармен бірлесе отырып, ол шаруаны дөңгелентіп әкетті. Ең алдымен, құрылысшыларды тауып, тас бастыру арқылы жұмысшылар үшін тұрғын үйлер, кеңсе, машина-трактор паркін, мың бастық сиыр қора құрылысын, жазғы су құбырын жүргізіп, жұмысшылардың өз ауласында көкөніс, бау-бақша өсіруіне жағдай жасады. Егіс алқабының көлемі ұлғайып, картоптан басқа көкөністің түр-түрі өсіріле бастады».
Сөйтіп, егіншілікпен қоса мал шаруашылығы саласын қатар дамыту қолға алынды. Батыс Қазақстан облысынан мың бас сименттал тұқымды сиыр алдырып, оның екі жүздейін саууды ұйымдастырды. Себебі, ол кезде «Жалғансай» совхозы тек картоп өсіруге маманданып қоймай, облыс орталығы тұрғындарын сүт, көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ететін бірден-бір шаруашылық еді. Сондықтан, таңның атысынан күн батқанға дейін ол егіншілікте немесе малшылар арасында жүретін. Жұмыста іркіліс орын алмауы, ырғақты жүруі үшін Қалекең басшы ретінде бәрін де аралауға уақыт табатын. Осылайша үш-төрт жылдың ішінде-ақ ол кеңшарды аяғынан тік тұрғызып, оның атағын облыс, республика көлеміне жария етті. Шаруашылық жыл сайын картоптан, басқа да көкөніс пен бақшадан жоғары өнім алуға жетілді. Адал еңбегінің арқасында Қ.Жұмағазиев 1979 жылдың қорытындысымен бір топ ауыл шаруашылығы озаттарының қатарында «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Бұған қоса ол білім беру саласына жасаған қамқорлығы үшін «Республика Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісіне де ие болды.
Облыс басшылары 1987 жылы Қ.Жұмағазиевты өндірісте ысылған басшы, тәжірибелі ұйымдастырушы ретінде осы ауданның «Ақжайық» кеңшарына директорлыққа жұмсайды. Бұл кезде аталмыш кеңшардың экономикасы біраз кейін қалып келе жатқан болатын. Ұжым облыстағы тұқым өндіретін бірден-бір шаруашылық еді. Демек, шаруашылықты жүргізудің бағыты да басқаларға қарағанда өзгерек. Жүздеген гектарға көкөніс, бақша дақылдарын өсіреді де, агротехникалық талаптарға сәйкес оның тұқымын алуы керек. Ал, тұқымды алу, кептіру, оны өткізуге әзірлеуді әсте оңай жұмыс дей алмайсың. Қалым аға жылдар бойына жинақтаған байыпты тәжірибесі арқасында екі жыл ішінде-ақ кеңшарды алдыңғы қатарға қосты. Шаруашылықта тұқым дайындау, өнім өндіру жоспары абыроймен орындалып, ұжым аудан көлемінде озаттар қатарынан көрінді.
– Қалекең тек қана білікті ұйымдастырушы, талапшыл басшы болып қана қойған жоқ, жаңашыл, ізденімпаз жан екенін де танытты, – дейді ол туралы Ақжайық селосының тұрғыны, еңбек ардагері Қуаныш Нұралиев ағамыз. – Жаңалықты, жаңа технологияны өндіріске енгізуге жаны құштар, тың істерді қолға алуда әркез батыл болатын. 1990 жылы ол шаруашылық мамандарымен ақылдаса отырып, 50 гектар тың жерге бидай тұқымын септіріп, күтіп баптауды ұйымдастырды. Жасыратыны жоқ, алғашқыда бұл бастамаға күдікпен қараушылар да табылмай қалған жоқ. Байырғы егіншілермен, мамандармен ақылдаса келіп, Қалекең ұжым басшысы ретінде өз тұжырымын табанды түрде дәлелдеп берді. Өзінің қолынан келетін шаруаларын ұйымдастырды, істің басы-қасында өзі жүрді. Күн өткен сайын оның бастаған ісі оңғарылып, директордың бастамасын қолдаушылар да көбейе түсті. Нәтижесінде бидай егістігінен тым тәуір өнім алынып, кеңшар жұмысшыларын астықпен қамтудың алғы шарттары жасалды.
Тағы бір таңғаларлық іс, осыдан бір жыл өткенде, Қалекең батыс өңірде мүлде қолға алынбаған, тұқымы аса бағалы амарант дақылын өсіруді қолға алды. Тың жерден шағын учаскені таңдап алып, оған жоғарыда аталған амарант тұқымын септірді. Тұқымын да басқа жақтан алуға тура келді. Оны өсіруді сол кездегі тәжірибелі егінші-механизатор Рамазан Кенжешовтің звеносына тапсырды. Қалекең бастап, мамандар мен егіншілер қостаған істің нәтижесі де жаман болған жоқ. Жаз бойы жақсы күтіп-баптаудың арқасында күзде әжептәуір өнім алынды. Қолдағы бар комбайн арқылы амарант дақылы әбден пісіп жетілген кезде тұқымы алынып, көршілес Батыс Қазақстан облысының совхоздарына сатылды. Нәтижесінде әлгі тұқым өткізуден шаруашылыққа едәуір пайда түсті.
Қ.Жұмағазиев шаруашылықтың сан салалы жұмысын ұтымды басқара жүріп, мамандарды іріктеп, тәрбиелеуді, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды да естен шығарған емес. Шаруашылықты басқаруда бас мамандарға арқа сүйеп, олардың жауапкершілігін көтеру, тәрбиелеу ісін күнделікті назарда ұстай білді. Қалекең тәрбиелеп, сенім білдірген мамандар Б.Сырлыбаев, Ж.Қашаубаев, Р.Хайрошев, М.Сәрсенғалиев, С.Есмұханов және басқалары сол жылдарда өз саласының шынайы ұйымдастырушысы екенін дәлелдеп берді. Сол сияқты ауылдағы әлеуметтік-мәдени мекемелердің жұмысына да қамқорлық көрсетіп отыруды естен шығармады. Өзі басқарған бес жылдан астам уақытта ол жоғары орындарға табанды түрде мәселе қойып, шаруашылыққа ондаған автокөлік пен трактор, құрал-жабдықтар алуға қол жеткізді. Шаруашылық әдіспен Ақжайық селосында тұрғын үйлер салдырып, оған егінші-механизатор мен малшылар Н.Сариев, Т.Өтепқалиев, Д.Сәрсенғалиев, І.Әбдіғалиев, Қ.Қоспанов, интернационалист жауынгер Б.Әбіловтер мен басқалардың отбасылары қоныстанды.
Қалекең 1992 жылы зейнет демалысына шыққаннан кейін өзі совхоз директоры ретінде еңбек жолын бастаған Жалғансай ауылына отбасымен оралып, ұрпақтары ортасында он жеті жылдай бақытты ғұмыр кешіп, 2009 жылы дүние салды. Қазіргі кезде ағамыздың 50 жылдан астам уақыт отасқан жұбайы Нұржамал апай үлкен шаңырақтың отын өшірмей, ұл-қыздарының ортасында әулеттің алтын діңгегі болып отыр. Қалекеңнің ел алдындағы адал да абыройлы еңбегін ауылдастары ескерусіз қалдырған жоқ. Былтыр, яғни 2012 жылы, оның 80 жасқа толуына орай оған «Махамбет ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Осылайша, аудан, облыс көлеміне танымал болған ауыл шаруашылығы өндірісінің ардагері Қ.Жұмағазиевтың атын мәңгі есте қалдыру мақсатында өз басшылығымен тұрғызылған Жалғансай селосының бір көшесін оның атымен атаса, халқы алдындағы еңбегінің ескерілгендігі болар еді.

Сейілхан ҚАЙЫРЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер

Одағының мүшесі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*