ЖОРЫҚ ЖОЛДАРЫ

 

Қызыл Армия қатарына 1937 жылы Теңіз аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған Қ.Сариев үшін соғыс қимылдары тым ерте басталған-ды. Алғашқыда соғыс ісін үйреніп, байланыс жүйесін меңгерген Қажекең 1939 жылдың мамыр-қыркүйек айларында Моңғолияның шығыс шекарасындағы Халкин-гол өзені маңында көршімізге тыныштық бермеген Жапонияның Хвантун армиясының соғыс қимылдарын тұншықтыруға қатысады. Енді елге ораламыз деп жүргенде екінші дүниежүзілік соғыстың оты бұрқ ете түседі, сөйтіп ауылға қайту жайына қалады. Алдымен 1939-1940 жылдары кеңес-фин соғысының отты майданының ортасында болады.

1941 жылдың 22 маусымы күні неміс-фашистері Кеңес Одағына  басқыншылықпен шабуыл жасағанда жерлесіміз үш күннен соң қолына қару алып, Калинин майданынан бір-ақ шығады. Лейтенант әскери шеніндегі Қажекеңнің майдандағы ауыр, ұзақ та азапты жорық жолдары Батыс, 2-ші және 3-ші Беларусь майдандарында жалғасты. 

1942 жылдың 18 қарашасында Зайцево, 1 желтоқсанында Тверь төңірегіндегі Урд деревняларын, 1944 жылдың қаңтарында Витебскіні басқыншы жаудан азат ету үшін болған шайқастарда жарақат алған байланыс взводының командирі госпитальдан жарасын жазып, әр кез қайта сапқа оралып отырады. Ұлы Жеңісті жақындатуға үлесін қосқан оны батальон командирі майор Мухаяровтың 1944 жылдың 1 шілдесінде наградаға ұсыну жөніндегі өз қолымен жазған бетшеден мынадай жолдарды оқуға болады:

«Лейтенант Сариев Қажел – маңызды шайқастарда тез арада шешім қабылдап, өзінің қарауындағы жауынгерлерін үзілген байланыс желісін қалпына келтіруге жұмылдыра білетін өжет те қайсар командирдің бірі. Ол жеке үлгісімен қаруластарын соңынан ерте жүріп, бұзылған телефон байланысы желілерін жалғап, шұғыл қалпына келтірудің нағыз шебері. Мәселен, 23 маусым күні 42-ші атқыштар дивизиясының Проня өзенін кесіп өту кезінде Сариевтің басшылығымен байланыс ротасының жауынгерлері ерекше көзге түседі. Жау жағынан бораған оққа қарамастан дивизияны 69-шы атқыштар корпусы басшылығымен үздіксіз байланыс орнатуға жағдай жасайды.

Лейтенант Сариев екінші дәрежелі  «Отан соғысы» ордені мемлекеттік наградасына лайықты».

Сөйтіп, Қажел ағамыз 1944 жылдың 14 тамызындағы 2-ші Беларусь майданы басшылығының бұйрығымен командирі ұсынған екінші  дәрежелі «Отан соғысы» орденін өңіріне тақты.

…1945 жылдың көктемі де келді. Кеңес әскерлерінің нағыз күш алған шағы. Майдан даласы батысты бетке алып барады. Біздің әскерлердің жойқын шабуылдарына неміс басқыншылары да тегеурінді қарсылық білдіріп, соңғы күштерін салып бағуда. Сәуірдің 6-сы мен 10-ы аралығында болған Кенигсберг қаласы үшін күшті шайқастарда байланысшылар ротасының жауынгерлері ерледі. №2 фортты төте шабуылмен алу кезінде жау жағынан бораған оққа қарамастан майдан штабымен тұрақты телефон желісін орнатқан Қажекеңнің қас жігіттері жауынгерлік ерлік пен батылдық танытып, әскери басшылық тарапынан мақтау-марапаттарға ие болды. Взвод командирі Қ.Сариевті бұл жолы «Қызыл Жұлдыз» ордені күтіп тұрды.

Көптен күткен Ұлы Жеңіс те келіп жетті. Зұлым жаудың өз үңгірінде талқандалуына куә болған майдангер-байланысшы Қ.Сариев тарихта теңдесі жоқ жойқын соғысты Қиыр Шығыста жалғастырды. Туған жеріне тоғыз жылдан соң оралған Қажел  аға отты жылдары өз Отанын басқыншы жаудан тазартуда нағыз патриот ретінде шайқасып, Ұлы Жеңісімізді жақындатуға лайықты үлесін қосты. Майданда төрт рет жарақат алса да, үнемі қайтып оралып, өз жауынгерлерін жігерлендіріп отырды. Қажекеңе берілген жоғары Мемлекеттік марапаттаулар туралы нақты деректер қазіргі таңда Ресейдің «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы халықтың ерлігі» атты электронды деректер жинағының қорында сақтаулы.  Материалды дайындау барысында біз сол деректерді негізге алдық.

Еуропаны шарлап, Қиыр Шығыста да табанының табы қалған, үш соғыстың бел ортасында жүріп, Отанын қорғауға қатысқан Қажекең 1948 жылы Ақкерік Жұбайқызымен шаңырақ көтереді. Екеуінен 5 ұл-қыз өсіп- өнді. Қаладағы ет комбинатында  отыз бес жыл  еңбек еткен Ақкерік апай 2002 жылы қайтыс болды. 

«Әкеміздің фашистермен болған қанкешті соғыста бастан өткені туралы айтқан әңгімелерін бала күнімізде талай естідік. Сол бір жойқын соғыстарды басынан өткерген оның елге аман оралуының өзі бір бақыт емес пе? Анамыз екеуі дүниеге ұрпақ әкелді, бейбіт еңбекке араласты. Әкем соғыстан кейінгі жылдары экономикасы құлдыраған туған өлкеге бір кісідей тер төкті, еңбек майданында да абыройлы  болған. Түрлі марапаттарды иеленді. Кейінгі жастарға ақылшы аға, ағайын-туыстарға қамқор еді. Сұм соғыстардың салған жарасы ауырлау тиген шығар, әкемізді арамыздан ерте алып кетті. Ол 1971 жылы 56 жасында дүние салды. Алла тағала оған біздердің қызығымызды, бүгінгі жақсы тірлігімізді көруге жазбады ғой. Анамыз бейбіт өмірдің қуаныштарын көру бақытына ие болған жан» дейді бізбен әңгімесінде Роза Қажелқызы.

Қажел Сарыұлы біраз жыл Гурьев темір жол бөлімшесінің «НГЧ-22» құрылыс мекемесінде жемісті еңбек етті. Қаламыздың Паровозшылар, Ленинград (қазіргі Сырым Датұлы) көшелеріндегі екі қабатты финдік үлгідегі тұрғын үйлер құрылысын салуға қатысты. 1961 жылдан бастап Гурьев қаласындағы автожөндеу зауытының көлік қорабын жасайтын цехында өндіріс шебері болып жұмыс жасады.

«Орнында бар оңалар» демекші, Қажекеңнің үлкен қызы Лариса (майдан даласында жаралы болып, қансырап жатқан кезде ажал аузынан алып қалған орыстың Лариса есімді мейірбике қызының құрметіне қойған. – Б.Ж.) ұзақ жыл темір жол саласында байланысшы болды, қазір зейнеткер. Бақтыгерей, Мәлік, Роза есімді ұл-қыздары әке жолын қуып, құрылыс саласында еңбек етуде.

Қаһармандық пен батылдық үлгісін көрсеткен қайсар командир, бірнеше жауынгерлік марапаттың иегері Қажел Сариевтің есімін ұрпақтар жадында сақтап, ер есімін ел есінде қалдыру үшін Атырау қаласындағы өзі тұрған Алатау көшесіне есімін берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Бақытжан ЖҰМАТ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*