ЖОМАРТТЫҚ МЕРЕКЕСІ

Құрбан мерекесі хижра жыл санауы бойынша зул-хиджа айының оныншы жұлдызынан бастап үш күн бойы мерекеленеді. Осы күндер ішінде құрбан шалынады. Сондықтан, бұл мереке құрбан мерекесі деп аталған. Құрбан сөзі «Аллаға жақындау, разылығын табу» деген мағынаны білдіреді. Бұл мейрам хазіреті Ибраһим және оның ұлы хазіреті Исмаил пайғамбарлармен тығыз байланысты. Аллаға қаншалықты бағынатындығымен сыналған хазіреті Ибраһим өз ұлын Жаратушысының разылығы үшін құрбандыққа шалмақшы болғанда, Алла тағала Исмаилдың орнына көктен түсірген қошқарды құрбан етуін бұйырады. Осындай үлкен сынақтан сүрінбей өткен әкелі-балалы пайғамбарлардың өмірлерінен ғибрат ала отырып, әрі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың сүннетіне еріп, мұсылман қауым осы күндерде шама-шарқына қарай құрбан шалады. Сонымен қатар, дүние жүзінен қажылық үшін қасиетті Меккеге келген мұсылмандар қажылық парыздарын өтейді.
Құрбан айт мерекесі айт намазымен басталады. Бұл жөнінде хз. Пайғамбардан (с.ғ.с.) жеткен мынадай бір хадис бар: « Бұл күндерде ең бірінші атқаратын ісіміз – намаз оқу». Осыған байланысты ақыл-есі дұрыс және балиғат жасына толған әрбір мұсылман үшін айт намаздарын оқу міндет болып табылады.
Айт күндері жақындағанда, алдын ала дайындық жүргізіледі, дәмді тағамдар әзірленеді. Мұсылман қауым мереке күні жуынып-тазаланып, таза және әдемі киімдерін киіп, хош иіс сеуіп, айт намазына шығады. Намаз оқылған соң мұсылмандар бірін-бірі құттықтап, жақсы тілектер айтады. Жағдайы төмен кісілерге садақа беріледі. Айт күндері жеңіл-желпі ойын-сауыққа тыйым салынбайды, бірақ шариғат шеңберінен шыққан дарақылыққа жол берілмейді.
Ораза айт пен Құрбан айт арасында кейбір өзгешеліктер бар. Мысалы, Ораза айтында таңертеңгісін айт намазына құрма секілді жеңіл тағамдардан дәм татып шығу абзал боп есептелсе, ал Құрбан айтта нәр татпай шығу дұрысырақ. Сондай-ақ, Ораза айтта пітір садақасы берілсе, Құрбан айтта жай садақа беріледі. Құрбан айтта арапа күні таң намазынан бастап, айттың төртінші күнінің асыр намазына дейін әрбір парыз намазынан кейін «ташриқ тәкбірлері» деп аталатын зікірді (Аллаһу әкбар Аллаһу әкбар, лә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уә лилләһил хамд) айту уәжіп болып табылады. Ал, Ораза айтында бұл зікірді айту – уәжіп емес.
Ұзақ тарихи дәуірлер өте келе Ораза айт пен Құрбан айт ұлттық мейрам санатына қосылып, еліміз бұл мейрамдарды аса зор қуанышпен мерекелеп келе жатыр. Кең-байтақ жерімізде адалдық, мейірімділік, қайырымдылық және бірлік пен ынтымақ көріністеріне айналған қасиетті Айт мерекелеріміз құтты бола берсін, ағайын.

Ерғали АЛПЫСБАЕВ,
теолог-дінтанушы,
Атырау қаласы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*