Жолсерік Алтынайдың ерлігі

Тоғыз айлық сәбиді клиникалық өлімнен аман алып қалған Алтынай есімді жолсеріктің ерлігі әлеуметтік желіде апта бойына жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді.  Осыған орай, «Маңғышлақ – Астрахан» жолаушылар пойызының жолсерігі Алтынай Рамбаева мен сәби Фатиманың Атыраудағы жүздесуінің куәсі болған едік. Кездесуге сәбидің ата-анасы, ағайындары, нағашылары да жиналыпты. Олар бейбіт күнде ерлік жасаған Алтынайға алғысын жаудырып, көздеріне жас алды. Бала болса да өзіне жақсылық жасаған адамды сезгендей, сәби де Алтынай апасын көрген бойда құшақтай  алды.

Жолсерік Алтынайдың ЕРЛІГІ

Жолсеріктің баяндауынша, апта бұрынғы адам сенгісіз оқиға ойда жоқта орын алған.  «Астрахан–Маңғышлақ» пойызында 1 шілдеде жолаушылар көп болған. Пойыздың іші өте ыстық. Оның үстіне сәби терезеден түскен күннің астына жатып қалыпты. Содан бала көгеріп, есінен танған. Тынысы да білінбеген. Жұртшылық сәбиді өлдіге балапты. Баланың денесі жансызданғанына қарамастан жолсерік өзінің қолдан келген алғашқы көмегін беруге тырысыпты.

 – Жиырма минуттан соң баланың жүрек қағысы әлсіз сезілді. Екі сағат бойына қимыл-қозғалыс жасадым. Сәби қимылдай бастағанда жылап жібердім. «Фатима, көзіңді аш, өлме!» деп сәби жылағанша әрекет ете бердім. Бір кезде Фатима жылап жіберді. Сөйтсем, анасы баласын қолына алуға қорқып тұр екен. Айтқандай-ақ, бала қайта талықсып кетті. Жаттығуымды тоқтатпадым. Бір кезде жылаған дауысы күшейді. Анасы емізді.  Ұлтымыздың ырымымен «көз тиді ме?» деп оның да ырымын жасадым. Құлсары қаласы стансасына келгенде жедел жәрдем, полиция қызметкерлері күтіп алды. Оларға «бала өлді» деген хабар жеткен екен. Кішкентай Фатиманың тірі екенін көріп, олар  да  таңғалды, – дейді  Алтынай.

Он жеті жылдан бері жолсерік болып қызмет ететін Алтынайдың алдынан түрлі оқиғалар кезіккен. Содан да болар, қандай жағдайда да өзін бекем ұстауға үйренген батыл жолсерік 2006 жылы толғағы қысқан әйелді де босандырып алғанын айтып отыр.  Тамақтан улану, басы ауру, балтыры сыздау секілді ауру-сырқауды есептемейді. Дегенмен, өлім мен өмірдің арасындағы мұндай  оқиғаға  алғаш  рет кезігіп  отыр екен.

Екі қыз, бір ұлдың анасы Алтынайдың ортаншы қызы Сабина мектепке барғанша анасымен іссапарларда бірге жүрген. Ол да кездесуге бірге ілесіп келіпті.

Сонымен, Алтынайдан кейін көмекке келген құлсарылық дәрігерлер сәбидің  дене температурасы  40 градусқа көтеріліп, күн өткенінің салдарынан клиникалық өлімге түскенін айтып отыр.

Фатиманың анасы Арайлым Жалиева бұрын ешқандай ауруы жоқ сап-сау баласының бір сәтте өлім аузына түскенінен шошынып қалғанын айтады.

Сәбиге екінші өмір сыйлаған жолсерік Алтынай Рамбаеваны  «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы жоғары марапатқа ұсынып, әріптестеріне үлгі етуде.

Нұргүл  НАСЫР.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*