ЖОЛДЫҢ АЗАБЫН КӨРДІК БІЗ ТАЛАЙ…

 

Оның айтуынша, қазіргі таңда Атырау облысының аумағынан 3572,8 шақырым жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары өтеді, оның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 990 шақырымды құрайды. Бұлардың бойында жасанды құрылыстардан 55 көпір мен 255 су өткізгіш темірбетон ғимараты орналасқан.
Облыс орталығы Атырау қаласын көршілес Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының орталықтарымен және Ресей Федерациясымен Астрахан қаласы, Өзбекстан Республикасымен Құлсары-Бейнеу-Ақжігіт, Түркмения елімен Құлсары-Бейнеу-Жетібай-Жаңаөзен елді мекендері, сондай-ақ, Каспий теңізінің арғы жағалауындағы Иран, Әзірбайжан мемлекеттерімен Ақтау өзен порты арқылы байланыстырады.
Республикалық маңыздылықтағы «Атырау-Орал», «Ақтөбе-Атырау-Астрахан (РФ шекарасы)», «Доссор-Құлсары-Ақтау» және «Махамбет-Новобогат» автомобиль жолдарында қауіпсіз көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін оларды күтіп ұстау, жеңіл жөндеуден өткізу жұмыстары жыл бойына толастамайды. Осылайша, тек өткен жылдың өзінде жолшылардың күшімен 233,4 мың теңгенің жұмысы атқарылған.
Әңгіме барысынан аңғарғанымыздай, бұдан бөлек, қыс айларында арнаулы техникалардың көмегімен жолдар қардан тазаланып, көпірлер мен темір жол өткелдеріне, қауіпті бұрылыстарға тайғаққа қарсы инертті материалдар шашылады. Оған қосымша республикалық маңызы бар автотрассалардың әрбір отызыншы шақырымы сайын жылдың осынау сын кезеңінде көлік жүргізушілерінің қарапайым қауіпсіздік ережелері мен талаптарын сақтап жүруі керектігін ескерту белгілері қойылған. Сол сияқты, айтылып отырған автомагистральдың бойындағы қауіпсіздік деңгейін арттыра түсу үшін Атырау-Доссор аралығын жалғайтын тас жолдың бір бөлігі «Силлари Сил» деп аталатын заманауи технологияның көмегімен жеңіл жөндеуден өткізілген. Бұл тәжірибе алға қарай да жалғасын табады.
Әрине, іске асырылып, игілікке берілген жұмыстармен қатар, «әттеген-ай» дегізер жайлардың барлығы да баяндалды. Қанша жерден жөнделіп, ретке келтірілгенімен мекеме қамтуындағы автомагистральдардың бойында ойда-жоқта адамдарды (кейде тұтастай бір отбасын немесе топты) бақытсыздық жағдайға душар ететін, орасан мөлшерде моральдық та, материалдық та залал келтіретін жол-көлік оқиғаларының жиірек орын алып жататындығын жасырудың жөні жоқ. Бұған, бір жағынан, бар жолдардың сапасы мен қауіпсіздік деңгейінің төмендігі себеп болса, екіншіден, көлік тізгініне отырған жүргізушілердің кемшілігінен немесе кінәсінен орын алатындығын да ашық айтуымыз керек. Тәжірибеден көріп, байқап жүргеніміздей, арнайы ескерту белгілерінің қойылғандығына, жолдың кейбір тұстарының нашарлығына қарамастан, олар жылдамдықты шектен тыс арттырып, қарсы бағытқа шығып кетіп, басқару тетігіне ие бола алмай қалатындықтан, апатты жағдайдың қайталануына себепші болатындығы тағы шындық. Сондықтан да, баршамызды алаңдатып, үрейлендіріп, қоғамға кеселін тигізіп отырған бұл мәселені біржақты жаба салмай, байыбына барғанымыз абзал. Мұның сыртында, Атырау қаласының іргесінен «Болашақ» мұнай-газ кешенінің, Атырау газ-химия зауытының салынып, Каспий теңізінің қайраңынан Қашаған мұнай-газ кен орнының игерілуімен байланысты осы аумақтағы республикалық маңыздылықтағы жолдардың үстімен ауыр салмақты, жоғары габаритті жүк көліктерінің жүруі қалыптасқан ахуалды күрделілендіре түсетіндігі даусыз.
Осыдан отыз жыл бұрын кеңес үкіметі кезінде салынған республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» (РФ бағыты тасжолының Атырау-Астрахан аралығы, Ақтөбе бағытының Мақат-Доссор аралығын жалғайтын бөлігі (барлығы 432 шақырым) реконструкцияланып, қайта жаңғыртылуға тиісті болғанымен, республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат мәселесінің шешілмеуіне байланысты мерзімінен кешіктірілуде.
Және бір мәлім болғаны, «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ, «Қазақавтожол» РМК Атырау облыстық филиалдары, арнаулы зертхана мен жол полициясы басқармасы мамандары бірлесіп өткізген комиссиялық байқаудың қорытындысында өңіріміздің аумағымен өтетін республикалық маңыздылықтағы жолдардың 311 шақырымының жағдайы «жақсы», 184 шақырымы «қанағаттанарлық» және 476 шақырымы «қанағаттанғысыз» немесе «пайдалануға жарамсыз» деп бағаланған. Тұтастай алғанда, осы санатқа кіретін жалпы ұзындығы 990 шақырым жолдың 60 пайызы күрделі жөндеуді немесе әлгінде айтылғандай реконструкциядан өткізуді қажетсінетіндігіне көз жеткізілген.
Осыларды егжей-тегжейлі баяндап, басқаларындай емес, жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының өзіне тән ерекшеліктері мен қиыншылықтары болатынын алға тартқан кәсіпорын басшысы одан әрі Елбасы жүктеген міндет пен тапсырманың орындалысы аймақ басшылығының да назарынан тыс қалмағандығына тоқталды. Жылдар бойына қордаланған түйінді мәселелердің шешімін табуына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өзі тікелей араласып, қолынан келген көмек-қолдауын көрсетіп отырғанын да атап айтты.

Дәулетқали АРУЕВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*