Пластик те – шикізат көзі

010 Саясат

Жолдау жолдарынан:

«Бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау керек»

Кәсіпкерлер үшін бірден өнім өндіру қиынырақ. Шикізат көзін табу, қажетті құрал-жабдқтар сатып алу, цех ашу тек айтуға ғана оңай. Бұдан бөлек, бизнесті қажыландыратын инвестиция тарту мәселесі тағы бар. Сондықтан болар, көп ретте бизнес өкілдерінің басым бөлігі өз ісін алып-сатарлықтан бастайды. Тек пайда тапқан кезде ғана оны кеңейтіп, жаңа нысан салып немесе өзге де қызмет түрлерін таңдайды.

010

Ал, біздің кәсіп те бизнестен гөрі әлеуметтік жобаға көбірек ұқсайды. Өйткені, экологиялық ахуалы сын көтермейтін Атырау аймағын қоқыс-қалдықтардан тазарту маңызды мәселенің бірі еді. Ал, тұрмыстық қатты қалдықтарды дамыған елдердегідей шикізат көзі ретінде пайдаланып, одан екінші өнім шығару мұнайлы өлкеге ауадай қажет жоба болатын. Шынтуайтқа келгенде, өзім де ең алдымен бизнесмен болып, байып кетуді емес, туған жерімнің өркендеуіне титтей де болса үлесімді қосуды ойладым. Сөйтіп, көршілес елдердің, жалпы озық мемлекеттердің тәжрибесін зерделей келе пластик қалдықтарды полигонға шығарып, ауаны бүлдіргеннен гөрі жаңа өнім өндіруге болатынын ұқтым. Оның үстіне, басқа тұрмыстық қатты қалдықтардың ішінен денсаулыққа зиян көбірек келтіретіні пластик екенін білдім. Осылайша, «Эко пластик» «өмірге» келді.

Өзіміз жиі байқап жүргеніміздей, қазір атыраулықтар арасында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап шығару мәдениеті қалыптасып келеді. Әр ықшамаудандағы қоқыс жинайтын контейнерлер қасына арнайы пластик бөтелкелерді жинайтын жәшіктер орнатыла бастады. Экологиялық жағынан тиімді әрі жаңа өнімге шикізат көзі бола алатын бастамамен өркениетті елдердегідей пластиктен табиғатқа төзімді құрылыс материалдарын шығаруды қолға алдық.

Рас, жобаның табысынан бұрын қоршаған ортаны қорғауға әсері мол екені сөзсіз. Демек, алдымен пластик қалдықтарды жинақтау керек, кейін оны сұрыптап, қайта өңдеу қажет. Сонан соң ғана жаңа өнім шығара аламыз. Ал, пластиктен жасалған құрылыс материалдарының сапасы өзгелерден кем түспейді. Әйткенмен, маңызды жобаға инвесторлар тарту оңай болмады. Сөздің шыны керек, ірі бизнес иелері бірден табыс әкелетін жобаларды қаржыландырғанды қалайды. Экологиялық бастамаға көп қаражат қажет болғанмен, одан түсетін пайда да мол екені даусыз. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында бизнесті қолдауға ерекше мән беріп, инвестицияны ынталандыруға ден қойып отырғандығына осындай мысалдар себеп екендігін білемін. Алдағы уақытта кейбір күрмеуін күткен мәселелер шешімін тауып, жоба өміршеңдігін дәлелдей түсетініне сенімдімін.

 

Әзілхан БАЙБАТЫРОВ,

«ЭкоПластик» ЖШС директоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз