Ауылдағы агрофирмаларды дамытуға облысымызда кеңінен өріс ашылуда

407927 Саясат

«Мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет. Біз икемді әрі ыңғайлы стандарттарды енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы беделді  шетелдік мамандарды – «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалануымыз керек. Ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастырған жөн»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

407927

Қазақстан Бүкіләлемдік банктің бизнес жүргізу  рейтингінде 190 елдің ішінде 36-шы орынды иеленді. Бұлелімізде кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік мейлінше жасалып жатыр деген сөз. Осы ретте Президенттің «Қазақстандықтардың әлауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында бизнес секторды дамытуға айрықша назар аударуын заңдылық десек те болады.

Бизнес және мүмкіндік

Жолдаудың басты жаңалықтарының қатарында Елбасының Үкіметке «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын ұзартуды тапсыруы болды. Осыдан сегіз жыл бұрын іске қосылған бағдарлама әсіресе, ауылдық жерлерде жұмыссыз отырған азаматтардың кәсіп ашып, тұрмыстық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруіне ықпал етті. Бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзартуды міндеттеген Президент жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді тапсырды. «Бұл үш жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді» деп атап өтті Елбасы.

«Бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы» шеңберінде жақында Атырауда 14 кәсіпкерлік жоба грант ұтып алды. Нәтижесінде 29 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Атырау облысы Кәсіпкерлік және индустриялықинновациялық даму басқармасының баспасөзхатшысы Шолпан Сейсенәлиеваның хабарлауынша, мақұлданған жобалардың қатарында «Ұн өндірісі орнын ашу» жобасы бар. «Кадуов Жұмабай Мағзомұлы» жеке кәсіпкерлігі қолға алған жоба Атырау қаласынан ең шалғай орналасқан Қызылқоға ауданы халқын сапалы астық өнімдерімен және кебекпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұған дейін малды өңір ретінде ғана қарастырылып келген Қызылқоға ауданы үшін астық өнімдеріне бағытталған жобалардың іске қосылуы тың жаңалық десек те болады. Рас, ауданда ірілі-ұсақты кондитерлік цехтар бар. Десе де, нарық алаңында тауар ассортиментінің көбеюі ең алдымен сапаға алып келеді.

Мақұлданған жобалардың қатарында тағы да осы шалғай аудан – Қызылқоға өңірінен «Ұлттық қолөнер бұйымдарын жасауды үйрету орталығы» бар. «Райян» жеке қожалығы қолға алған жобаның мақсаты – ұмыт қалып бара жатқан ұлттық қолөнерімізді заманауи үлгіде жаңғыртып, бұйымдар жасауды үйрету және жаңа жұмыс орындарын ашу. Жоба жүзеге асқан жағдайда екі адам жаңа жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Осы мысалдардың өзі бағдарламаның ең алдымен өңірлерде нақты нәтижемен жұмыс істеп жатқандығын көрсетеді.

Агросекторға – 100 миллиард

Жолдаудағы негізгі бағыттардың бірі – Елбасының агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыруға маңыз беруі. Стратегиялық құжатта Президент еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге дейін көбейтуді тапсырды.

Салаға жаңа технологияларды енгізу  мәселесі де күн тәртібінде тұр. Жақында Құрманғазы ауданындағы шалғайда орналасқан мал жайылымдарына жарық барды. Күн сәулесі арқылы электр қуатын беретін батарейкалар мемлекеттік тапсырыспен сатып алынған екен. Қазіргі таңда Сүйіндік, Мақаш және Теңіз ауылдық округінде орналасқан төрт шаруа қожалық бизнесті дамытуда жаңа технологияны пайдаланып отыр. Бұған дейін электр қуаты болмағандықтан, жанармаймен жұмыс жасайтын құрылғы қолданып, көп шығынмен жарықты пайдаланып келген алыс учаскенің шаруагерлері дән риза. Бір ғана Құрманғазы ауданы туралы айтар болсақ, соңғы деректер құрманғазылықтардың бизнеске қызығушылық  деңгейі  жоғарылағанын көрсетіп отыр. Мәселен, бір ғана «Бастау» бағдарламасы аясында Құрманғазы ауданында биыл 162 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқыған. 19 адам «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының Атырау өкілдігі арқылы 56 млн. 400 мың теңге шағын несие алып, жұмыс бастаған.

Бізбен сұхбаттарының бірінде Мемлекет және қоғам қайраткері Алдан Смайыл «Қазақстан өзгеден ауыл шаруашылығын дамыту арқылы оза алады» деген еді. Бағамдай білген адамға жаны бар сөз. Компьютерлендірілген, автоматтандырылған жаңа технология өндіру жағынан Оңтүстік Корея, Жапония, Америка алдына жан салмай келеді. Ресей қорғаныс саласындағы әскери техникаларымен әлемді таңдантуда. Қытай тақырыбы – өз алдына бөлек әлем. Осындай бәсекелестік жағдайында Қазақстанға агросектор саласына мықтап ден қойғаннан артық амал да жоқтай көрінеді. Оның үстіне, халқымызда ежелден қалыптасқан тәжірибе, мектеп бар. Десе де, Қазақ елінің ұлан-ғайыр даласының толықтай игерілмей жатқаны шындық.

Егер біз әлемнің «мен» деген елдері шығарып отырған автоматтандырылған озық технологияларды агросектор саласына ақылмен енгізетін болсақ, болашақта бізде игерілмеген жер мәселесі күн тәртібінен түсуі де ғажап емес.

Ауыл шаруашылығы саласына бейімделген кәсіпкерлердің алдында тұрған ендігі міндет – мемлекет жасап отырған мүмкіндіктерді максималды түрде пайдалану ғана.

 

 Тақырыпқа тұздық

Нұрлан НЫҒМАТУЛИНҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Мақсатөмір сапасын жоғарылату

Елбасы Жолдауы – еліміз алғаш тәуелсіздік алған жылдардан бастап айқындаған даму бағытының нақты жалғасы. Бірінші кезекте қай уақытта да, әлеуметтің әлеуетін арттыруға басымдық беріліп келеді. Бұл Жолдау өмір сапасын жоғарылатудың жаһандық стратегиясын таныстырады. Бұл кең ауқымды қамтыған тарихи құжаттың дәл қазір, әлемде геосаяси және экономикалық ахуал түйіні тарқатылмай тұрғанда қабылдануы біз үшін үлкен шешім болды. Сол арқылы Елбасы елді жаңа даму деңгейіне көтеріп, халықты бір мақсатқа біріктіретін өзінің көрегендігін, тарихи батылдығын байқатты. Президент Жолдауының және бір маңызды тұсы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға басымдық беруі болды. Мемлекет басшысы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының маңыздылығын ескертіп өтті.

Азат ПЕРУАШЕВ,ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Нарыққа тауар керек

Өзімізді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін аса көп инвестиция, қуатты технология қажет емес, бұл – қарапайым, жеңіл экономика. Сондықтан, Президент Үкіметке ішкі нарық үшін жаппай тұтыным тауарларын өндіруге қолдау білдіруді тапсырды. Бұл өте маңызды іс, себебі, ірі қалада тігін фабрикалары, азық-түлік шығаратын шағын және орта кәсіпорындар бар.

Баян Жанұзақова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз