ЖОЛДАҒЫ ЖАҒДАЙ ЖАҚСЫ ЕМЕС

Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында облыс аумағында 209 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 48 адам қаза тауып, 239 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Келтірілген көрсеткіштер өткен жылдың сәйкесті кезеңіндегіден біраз өскен. Айта кетер жайт, есепке алынған жол-көлік оқиғаларының 19 пайызы облыс аумағы арқылы өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында орын алған. Осылайша, тіркелген 37 жол-көлік оқиғасының нәтижесінде 31 адам қайтыс болып, 51 адам жарақаттанған. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл көрсеткіштер де былтырғыдан әлдеқайда көтерілген.

Үстіміздегі жылдың сәуір айында жүргізілген тексеру-зерттеу жұмыстарының қорытындысында, жалпы ұзындығы 990 шақырымды құрайтын республикалық маңыздылықтағы автомобиль жолының 477 шақырымы ақаулы деп танылса, қалған бөлігінің көлік құралдарының қозғалысына қауіпті екендігі анықталған. Жыл сайын осы жолдардың беткі қабатында пайда болған ой-шұңқырлар жамалып, бітеліп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады. Алайда, олардың сапасы сын көтермейді. Ойдым жерлерге түсіп кетіп, апатты жағдайға ұрынбас үшін көлік жүргізушілері қарсы бағытқа шығып кетіп жатады. Мұның өзі керісінше, жол бойында қауіпті жағдайлардың  орын алуына әкеліп соқтырады. Қауіпті деген тұстарға жылдамдықты шектеу белгілері қойылғанына қарамастан, көптеген көлік жүргізушілері ол талапты өрескел бұзып, қауіпті ахуалдың туындауына себепші болады.

Атырау қаласының көше-жол желісінде 50 бағдаршамдық нысан орналастырылған. Тек өткен жылдың өзінде сондай нысанның  18-і орнатылып, көше қиылыстарындағы қозғалысты реттеуге мүмкіндік туды. Әлі де 13 жерге бағдаршам қондыру қажеттілігі анықталып отыр. Бұдан бөлек, қала аумағы маңында жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын тұстарға жасанды кедергілер орнату, ескілерін жаңартуға да көңіл бөлінуде. Осы нысандардың тиісті жерлерге орнатылмауынан, немесе талапқа сай келмеуінен жаяу жүргіншілерге арналған өтпелі жолдардың өзінен 60-қа тарта жол-көлік оқиғасының орын алуына жол беріліп, 10 адамның өмірмен қоштасуына, 49 адамның жарақаттануына себепші болған.

Мұның сыртында, магистралды автотрассалардың бойында, қала берді аудан орталықтары мен ауыл-село көшелеріндегі жол белгілері жағдайының мәз еместігі де баяндалды. Барының өзін көлікпен қағып құлатып кету, орнынан жұлып әкету фактілері де көптеп тіркелетін көрінеді. Биылғы мамыр айында облыс аумағындағы темір жол өткелдерінің жай-күйіне де тексеру жүргізіліп, біраз кемшіліктердің беті ашылған. Мұндай нысандардың жалпы саны 74-ті құраса, соның дені Атырау темір жол бөлімшесінің дистанциялық жолдары арқылы өтеді. Оларда негізінен диспетчерлік-кезекшілік қызмет ұйымдастырылған. 17 темір жол өткелі жекелеген кәсіпорындар мен мекемелердің меншігіне берілген. Байқалғанындай, осы өткелдердің біразында түнгі жарықтандыру шамдары, дыбыстық және жарықтық дабылқаққыш құрылғылары жөнді жұмыс жасамайды, қайсыбірі мүлдем істен шыққан. Кіреберіс жол төсеніштері ойылған, ескірген жол белгілері жаңартылмаған, жол жиегіндегі бағаналар сырланбаған. Күзетілмейтін темір жол өткелдеріндегі жағдайдың да оңып тұрмағандығына, бірқатар ведомостволық нысандардың өзінде де нашар күйінде тұрғанына  көз жеткізілген. Бұлардың арасында осы уақытқа дейін иесіз қалған, немесе иесі анықталмаған өткелдер де бар болып шықты.

Әкімшілік полициясы мен жол-көлік қозғалысына жауапты басқа да құрылымдар тарапынан берілген жазбаша ескертпелер мен ұсыныстардың орындалуы да көп ретте көңіл көншіте бермейтіндігі айтылды. Осыларды ескере отырып, алға қарай жүргізушілер арасында жүргізілетін үгіт-насихат жұмыстарының көрнекілігі мен пәрменділігін арттыру мақсатында белгіленген жерлерде жарнамалық сипаттағы билбордтар орнату керектігі қаперленді.

Күн тәртібіндегі мәселеге қосымша Атырау облысы бойынша жол көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Аманжан Тәкешевпен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Атырау темір жол бөлімшесінің жауапты өкілі Сағын Сейілхановтың  хабарламалары тыңдалды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ. 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*