Жолаушы тасымалындағы жеңілдік

Бұл мәселе қалай шешімін табады?

Облыс орталығындағы қоғамдық көлік, жолаушылар тасымалы сын көтермейді. Автобустардың бір-бірімен жарысатыны, жолсеріктердің мәдениетсіздігі, жүргізушілердің ұялы телефонмен әңгімеге «беріліп» отыратындығы, жолақының қымбаттауы, демалыс күндері кей маршруттардың шықпауы тұрғындар тарапынан наразылық тудыруда. Осының салдарынан соңғы кезде қоғамдық көліктердің қатысымен жол апаттары да жиі орын алатын болды. Осы орайда біз биыл құрылған «Атырау қаласының жолаушыларды тасымалдау Ассоциациясы» бірлестігінің басқарма төрағасы Жасұлан Бисеновпен әңгімелестік.

ЖОЛАУШЫ ТАСЫМАЛЫНДАҒЫ ЖЕҢІЛДІК

– Жасұлан Құрманғазыұлы, әңгімемізді бірден туындап отырған мәселелерге ойыстырсақ. Жолақы бағасы көтерілгенімен, қызмет сапасы көңілді көншітпейді. Сіздің ойыңызша, халыққа сапалы қызмет көрсетуге не кедергі болып отыр?

– Мұның басты себебі – субсидия және өтемақы (компенсация) бөлінбеуінен деп ойлаймын. Бұл мәселе бұдан үш-төрт жыл бұрын көтеріліп, шешімін таппай келеді. Осы күнге дейін берілген жеңілдіктердің орнын толтыратын қала бюджетінен не субсидия, не өтемақы (компенсация) берілген жоқ.

Жолаушыларды тасымалдауға келісім-шарт жасақталған кезде барлық тасымалдаушылардың материалдық және техникалық жағдайлары жақсы болды. Барлық жеңілдіктерді көтерді. Жанар-жағармайдың, қосалқы бөлшектердің қымбаттауынан, халықты тасымалдауды жақсарту мақсатында алынған автобустардың несиелерін уақытылы жабуда көптеген қиындықтар туындап отыр. Осыған сәйкес көрсетіліп жүрген жеңілдіктерді әрі қарай жалғастыруға қаражат мүмкіндігі болмай отыр.

Мәселен, «Автомобиль көлігі туралы» Заң да жолаушылардың құқықтары тайға таңба басылғандай етіп келтірілген. Атап  айтсақ, қалаішілік қоғамдық көліктерде бес жасқа дейінгі балаға жеке орын берiлмей, тегiн алып жүруге, билеттiң толық құнының 50 пайызын төлей отырып, 7 жастан 12 жасқа дейiнгi балаларға билет сатып алуға жолаушылар құқылы екендігі көрсетілген. Ал, бүгінгі таңда Атырауда 16 жасқа дейінгі бала кезінен мүгедектер, оқу мезгілінде мектеп жасындағы 17 жасқа дейінгі оқушылар, «Қазақ көзі көрмейтіндер мен құлағы естімейтіндер» қоғамының мүшелері мен І және ІІ санаттағы мүгедектер тегін тасымалданып келеді. Сонымен қатар, зейнеткерлерге 50 пайыздық жеңілдікпен қызмет көрсетіп отырмыз.

– Енді сіз бұл жеңілдіктерді алып тастауды жоспарлап отырсыз ба?

– Аталған санаттағы адамдар автобуста тегін немесе 50 пайыздық жеңілдікпен жүрулеріне қарсы емеспіз. Тек жолаушыларды тасымалдаушылардың есебінен емес, берілген жеңілдіктердің орнын толтыратын мемлекет тарапынан субсидия және компенсация берілуі керек. Мысалы, шаштараздар, балаларға арналған ойын-сауық орындары сенбі немесе жексенбі күндері неге тегін және 50 пайыздық жеңілдікпен жұмыс жасамайды? Өйткені, бұл  кәсіпкерлерге  тиімсіз.

ҚР Заңдарына сәйкес жергiлiктi атқарушы орган адамдардың жекелеген санаттарына көлiк қызметiне тегiн жол жүру құқығын бере алады. Ол үшін қаржы көзiн тауып, атқарушы органдар тасымалдаушымен келісім-шарт жасайды.

Мәселен, Брюссель, Бельгия, Амстердам, Нидерланд, Сингапурдан  келген өкілдердің баяндауларынша, аталған елдердің барлығында мемлекеттің көмегінсіз еш жерде көлікпен жолаушыларды тасымалдау және даму мүмкін емес екен.

– Халықтың көңілінен шықпай отырған мәселе – автобустардың таза болмауы, жолсеріктердің жолаушыларға билеттер бермеуі, уақытылы жүрмеуі және тағы басқа. Осы олқылықтар жөнінде не айтасыз?

– Жұмыс сапарынан келген автобустың жүргізушілері мен жолсеріктері, ертеңгі күнге дайындау мақсатында автобусты толықтай жуып тазалап, кезекші механикке тапсырып кетеді. Автобустардың таңертеңгілік мезгілде тазалығы, ақауы толықтай тексеріліп шығады. Егер талапқа сәйкес келмесе, жұмысқа жіберілмейді. Бір күн тазаланбаған автобуспен таңғы сағат 7.00-ден кешкі сағат 22.00-ге дейін жүру мүмкін емес.

Жүргізушілер ертеңгісін келіп,  дәрігерлік тексеруден өтеді. Автобус жүргізушілеріне жұмысқа шығар алдында барлық нұсқаулар айтылады.Оның ішінде жол ережелерін бұзуға, жолда жүргенде темекі тартуға, ұялы телефонмен сөйлесуге  қатаң тыйым салынатыны ескертіледі. Барлық жолсеріктерге күн сайын таңертең жұмысқа қосылғанда қолдарына тарататын билеттері беріледі. Әр жолсерікке қандай нөмірлі билеттер берілгенін бақылап отыру мақсатында нөмірлері жазылып алынады. Билеттердің жолаушыларға берілген-берілмегені жөнінде ревизор-контролерлер тексеріп тұрады.

– Алайда, автобустардың жол бойында «жарыс алаңын» ұйымдастыратыны жасырын емес. Бұл жағдай қалай реттелмек? Мәселе тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей қатысты болып отыр ғой. 

– Автобустардың жүріс бағытын қадағалап отыратын (JPS) қондырғысы «Смарк Атырау» КММ арқылы сатылып алынып, автобустарға орнатылуда. Қондырғы арқылы орталықтандырылған диспетчерліктен автобустардың қай бағытта келе жатқаны, қай жерде, қай уақытта, маршруттан ауытқуы, қандай жылдамдықпен жүргені – барлығы бақылауда болады. JPS қондырғысынан алынған нақты мәліметтер бойынша барлық тәртіп бұзушыларға қатаң ескерту жасалып, жұмыстан шығаруға дейінгі шаралар қолданылады.

– Биылғы жылы қоғамдық көліктердің қатысымен қанша жол апаты орын алды?

– Ағымдағы жылы тоғыз жол апаты тіркелген, олардың себеп-салдары анықталды. Осы жерде айта кететін мәселе, жеке такси жүргізушілері аялдамаларында тұрып, автобустардың жүруіне кедергі келтіруде. Жол апатының болуына басты себеп – осы. Атырау қалалық әкімдігіне және Атырау облыстық жол полициясына қатынас хаттар жазылғанмен, өкінішке орай, осы кезге дейін ешқандай нәтиже болмай тұр.

– Кейбір маршруттардың жүру ұзақтығы 18 шақырымға дейін жетеді. Ал, бұл қызметті оңтайландыру үшін қоғамдық көліктер бір бағытқа жеті-сегіз шақырым ғана жүруі тиіс. Осы бағытта қандай шаралар атқарылып жатыр?

– Жолаушыларды тасымалдауға тендерді ұтып алғанда  келісім-шартпен бірге маршруттың жүру тәртібі (схемасы) беріледі. Қала әкімінің тікелей тапсырмасымен «Смарк Атырау» КММ қалаішілік маршруттар бойынша, атап айтқанда, олардың жүру ұзақтығы және бағыттары, аялдамалардың орналасуы, жылдамдыққа қарсы қойылған қондырғылардың ара қашықтығы, бағдаршамдардың орнатылуын мұқият зерделеп, анықтау үшін ғылыми институттармен келісімдер жүргізілуде. Қала ішінде бір-бірімен қиылысып жатқан маршруттар өте көп. Зерттеу нәтижесі толық шешімін тапса,  жолаушыларды тасымалдаушыларға да көмегі зор болары сөзсіз.

– Жолаушылар тасымалы саласында кадр жетіспеушілігі көп айтылады. Мұның себебі неде?

– Иә, автобус жүргізушілері жетіспейді. Оларды жұмысқа шақырту мақсатында Атырау облыстық және қалалық жұмыспен қамту орталықтарына, тіпті өзге де аймақтарға хабарламалар берілді. Жүргізушілердің бұл қызметке келмеуінің себебі – еңбекақының аз болуы. Ал, оның көлемін көбейтуге мүмкіндік болмай отыр. Тағы бір себеп –  облыста автобус жүгізушілерін дайындайтын арнайы курстар және полигондардың болмауы.

Осыдан келіп, тағы да субсидия және өтемақы мәселесі туындайды. Егер осы мәселе шешілетін болса, жолаушылар тасымалдау сапасын арттыруға оң серпіліс болар еді. Атап айтсақ, жүргізушілердің жалақысы көтеріледі, сиымдылығы үлкен заманауи автобустар сатылып алынады. Материалдық және техникалық жағдайларымыз жақсарар еді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Айгүл  ЕРТІЛЕУ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*