Жолаушы билетіндегі жаңалықты жұртшылық қалай қабылдауда?

Енді пойызбен жол жүретін болсаңыз, нақты шешім қабылдап алмай билет алуға асығыстық танытпаңыз. Өйткені, қарап отырып, қалтаңыздағы қаржыдан қағыласыз. Қалаған уақытына билет табыла бермейтіндіктен, жолаушылардың көпшілігі сол бір «қызғылт қағазды» алдын ала алып қоюды әдетке айналдырған. Алайда, 19 маусымнан бастап билеттерді қайтару үшін комиссиялық алымның жаңа мөлшері енгізіліп отыр. Сондықтан, басы артық шығынға ұшырағыңыз келмесе, «жеті рет өлшеп, бір рет кесудің» артықтығы жоқ.

photo_185110

 Алымның жаңа мөлшері

Ақпарат көздерінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның 19 маусымнан бастап билеттерді қайтару үшін комиссиялық алымның жаңа мөлшері енгізілгені туралы хабар жарияланысымен телефон шалып, шағым айтқан тұрғындардың саны артты. Әсіресе, жаз айларында редакциямызға жолданатын оқырман сауалдарының басым бөлігі жолаушылар тасымалына қатысты болатыны да жасырын емес. Тұрғындардың көпшілігі қанша айтылса да шешімін таппаған билет тапшылығы, тозығы жеткен салқындатқышсыз вагондар, кассадағы кезек, әрбір стансада сағаттап тұратын пойыздар жайында жиі айтып жүр. Ал, билетті қайтару үшін комиссия алымының жаңа мөлшері енгізілгеннен бері теміржол тасымалына қатысты сан түрлі пікірлер айтылуда.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның хабарламасында бұл жағдай былайша түсіндірілген: «Компания 2018 жылдың 19 маусымынан бастап жол жүру құжаттарын (билеттер) қайтару үшін комиссиялық алым мөлшерін қосылған құн салығын қоса есептегенде, 1000 теңгеге дейін өсіргенін хабарлайды. Бұл шара жолаушылардың қитұрқы әрекеттерге жол бермеу, кірістерді жоғалту қаупін азайту және тұтастай алғанда қоғамның табыстылығын арттыру мақсатында қабылданды». Компания құрылымындағы барлық пойыздарға және басқа да теміржол әкімшіліктеріне қойылған комиссиялық алым туралы хабарламада осылай айтылса, кейбір жолаушылар мұны көлденең ақша алудың амалы деп түсінуде.

Бәрі де ережеге сай

Соның бірі Айнұр есімді қала тұрғыны анасы екеуіне Астана қаласына кезекті ем қабылдауға барып-келу мақсатымен екі бағытқа теміржол билетін алады. Бару билетін әдеттегі кассадан алса, қайтарға бос орын болмағандықтан, тіркемелі вагонға коммерциялық кассадан сатып алуына тура келеді. Алайда, жолға шығатын күні әжесі өмірден өтіп, анасының билетін кассаға кері тапсырады.

«Адам болған соң алдын ала жоспар құрып, алға қадам басамыз. Алайда, кейде өз дегеніңдей болмайды. Тап сол күні әжем дүние салады деп ойлағанымыз жоқ. Оқыс жағдайдан қайғырып жатқан сәтте кассадағы жағдай көңілімізді тіптен түсірді. Жол жүретін күні тапсырылған билеттің жарты бағасын ұстап қалды. Алдап емес, амалсыздан жасалған әрекет екенін, қалай түсіндірерімізді білмедік. Алдағы күнді ешкім болжап білмейді ғой! Олар  ережеге сай әрекет етті. Ал, мұндай сәтте жолаушының жағдайын кім ескереді?», – дейді ол.

«Қайтарылатын билет құны 1000 теңгеден аз болса, комиссиялық алым ұсталмайды» деген «Жолаушылар тасымалы» АҚ Батыс аймақтық филиалының Атырау телімі билет кассаларының меңгерушісі Ажар Ахметова өсімге байланысты әлеуметтік осал топқа жататындарға да жеңілдік қарастырылмағанын айтты. Яғни, бұл – қандай жағдайға да қарамастан барлық жолаушыға қойылатын ортақ талап.

«Бұл енгізілген жаңалық туралы бүгінде ақпараттандыру жұмыстары жүруде. Еліміздің өзге өңірлері секілді Атырау вокзалында да ақпараттық бетшелер ілінді. Ереженің тек жекеменшік тасымалдаушыларға қатысы жоқ. Жолаушыларды да санатқа бөлмейді, барлығы орындауға тиіс ортақ міндет. Сондай-ақ, билетті қай күні, қай сағатта кері тапсырсаң да касса қызметкерлері сол коммиссиялық алым мөлшері ретінде 1000 теңге ұстайды», – деді ресми өкіл.

Қуаты кем қос вагон

Комиссиялық алым құны өзгерді, құп делік. Десек те, дәл қазір әупірімдеп жүріп сатып алған билет құны, теміржол тасымалының қызмет сапасына сай келе ме? Өткен жылы жұп күндері жүретін «Атырау-Алматы-Атырау» бағытындағы №41-42 «Ақ Жайық» пойызының екі вагонында салқындатқыштың жоқтығы жайында айтылған болатын. Оның себебін сала мамандары «54 вольттық вагондар аккумуляторы мұндай қосымша қуатты көтермейді. Кейбір жолаушыларға осы екі вагон тап келеді. Реніш туындайтыны да сондықтан» деп түсіндірген еді. Міне, одан бері бір жыл уақыт өтті, биылғы жағдай қалай? Мәселенің мән-жайын «Жолаушылар тасымалы» АҚ Батыс филиалы Атырау телімінің басшысы Әлмұхан Есқалиевтан сұрап білдік.

Біздегі негізгі вагондардың барлығында салқындатқыш бар. Ал, халықтың сұранысы бойынша қосылатын тіркеме вагондардың екеуінде салқындатқыш жоқ. Бұлар 54 вольттық ескі вагондар болғандықтан, аккумуляторы мұндай қосымша қуатты көтере алмайды. Сондықтан, салқындатқыш орната алмаймыз. Вагон да – техника, кейде істен шығады. Сол секілді ауаны салқындату жүйесі де жасамай қалып жатады. Мұндай сәтте ойланып жатпай, өзге вагондарды қосамыз. Әсіресе, жазғы тасымалдау кезінде жолаушылар саны артады. Мәселен, Астанаға бұрын 11-13-ке дейін қосымша вагон қосатынбыз, қазір халықтың сұранысы тым жоғары болғандықтан, вагондар санын 14-18-ге дейін көбейтудеміз. Себебі, Астана бағытына бүгінде бір ғана пойыз қатынауда, – деген ол 2020 жылға дейін елімізге 400 жаңа вагон келіп, теміржол шаруашылық паркі жаңаратынын айтты.

Ажар АХМЕТОВА, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Батыс аймақтық филиалының Атырау телімі билет кассаларының меңгерушісі:

Тұрғындардың басым көпшілігі билетті кері қайтарған жағдайда ұсталатын пайыз көлемін біле бермейді. Билеттің өзінде жазылғандай, оның билет құнынан және плацкарт бағасының ортақ сомасынан тұратынынан да бейхабар.

Мәселен, тасымалдау ережесіне сәйкес қолданылмаған жол жүру құжатын (билеттерді) кассаға қайтару кезінде жолаушыдан:

– пойыз жөнелтілгенге дейін 24 сағаттан кешікпей – жол жүру құжатының толық бағасын;

пойыз жөнелтілгенге дейін 24 сағат ішінде, бірақ, 6 сағаттан кешікпей – билет құнын және плацкарт құнын 50 пайызын;

– пойыз жөнелтілгенге дейін 6 сағат ішінде және пойыз жіберілгеннен кейін 1 сағаттан кешікпей – билет құны, бірақ, плацкарт бағасы ұсталады.

Сондай-ақ, бұған қоса жолаушыдан комиссиялық алымның жаңа мөлшері 1000 теңге алынады. Тағы бір айта кетерлігі, билетті кері қайтаруға азаматтың өзі  міндетті түрде, құжаттарының көшірмесімен келуі керек. Ал, келе алмаған жағдайда өз қолымен сенімхат жазып, құжаттарының көшірмесін беріп жіберуі тиіс.

Гүлжанай ИМАНОВА, Атырау қаласының тұрғыны:

– Біз Астана қаласына, жылына кем дегенде үш-төрт мәрте барып келеміз. Жолдасымның жүрегі ауыратындықтан, елордадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына барып, тұрақты ем алады. Әсіресе, жаз уақытында ойлаған күнімізге билет табыла бермейді. Бүгінде сол алдын ала тамыз айына билет алуға келдім. Қазірдің өзінде коммерциялық кассаға тапсырыс беріп қойдым. Басқа жерде билет жоқ. Қайтарудың комиссиялық құны да өсіп кеткен. Алда-жалда жоспарымыз өзгеріп жатса, ақшамыздан ұтылып қалады екенбіз. Бір жағынан бұл тәртіп шығар, бірақ, халықтың да қамын ойлау қажет емес пе?!

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*