ЖИЕМБЕТ ЖЫРАУ ҒАНА ЕМЕС, ЕЛ БАСТАҒАН ЕР ЕДІ

Тәуекел хан болған күннің ертеңіне Жиембет жоқ болып кетеді. Соңынан хан жіберген қуғыншылар жырауды әрі-бері іздеп таба алмайды. Оқиға былай болып шығады. Еліне қайтқан соң Жиембет Байұлы руының атақты бір шонжарларының он жеті жасар Есенбике атты сұлу қызымен көңіл қосады. Астындағы жалғыз аты, қолындағы екі шекті домбырасынан бөтен қалың мал төлер қайраты жоқ Жиембет Індір тауына қызды алып қашады.
Жиембет – Есім ханның әскербасыларының бірі әрі жорықшы жырауы, сонымен бірге, мемлекет істерінде үлкен рөл атқарып отырған қабырғалы би болған.
Халық ауыз әдебиеті мен шежіренің айтуынша, Жиембеттің арғы атасы – Ноғайлыдан шыққан атақты Алау батыр. Алау – XVI ғасырдың алғашқы жартысында жасаған, тарихқа белгілі адам.
Жиембеттен қалған ең елеулі мұра – оның Есім ханға арнаған толғауы. Қалмақ тайшыларының бірінен Есім ханға сыйға бір сұлу қыз жіберілген екен. Оған Жиембеттің інісі Жолымбет батыр қызығып, барар жеріне жеткізбей жолдан тартып әкетіпті.
Хан алдына кесе-көлденең тұрған осы қылығы үшін Жиембет інісіне қатты наразы болған екен, артынан тентектігін кешіріп, татуласады. Енді Есім хан ағайынды екеуіне де қысым көрсетуді ойлайды. Мұны білген Жиембет бір реті келгенде ханға осы толғауды айтыпты:
Еңсегей бойлы ер Есім,
Есім сені есірткен.
Есімде менің кеңесім!
Ес білгеннен Есім хан,
Қолына болдым сүйесін,
Қолтығыңа болдым демесін!» – деген жырын толғайды.
Есім қазақ тарихындағы ең әлеуетті хандардың бірі еді. Ол жайындағы аңыз-әңгімелер тіпті, көршілес халықтардың да жадында сақталған. Сондықтан, Есімге мұндай сөздер айту әмірші алдында үлкен еңбегі, беделі бар адамның ғана қолынан келер іс екені өзінен-өзі түсінікті.
Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Жиембет – Есімді ақ киізге салып хан етіп көтерушілердің бірі, оның барлық жеңісті жорықтарының қаһарманы. Жиембеттің бата сөйлеп отырғанының тағы бір себебі – оның жалғыз еместігінде, артында күшті руы, белді батырлары тұрғандығында. Тағы бір сүйеніш тұтары – немере інісі Байбақты батыр. Байбақты – атақты Сырым батырдың алтыншы атасы. Торғауыттарға қарсы соғыстың қаһарманы. Ел жадында сақталған әңгімелерге қарағанда Байбақты батыр Жем мен Жайық бойын қалмақтардан босатқан. 1635 жылдан бастап Жем мен Жайықтың сол жағалығы қайтадан қазақ руларының көші-қонына айналды.
Жиембет өмір сүрген дәуір – қазақтардың сыртқы жауларға қарсы қаһармандық күресінің дәуірі-тін. Бұл кездегі ең басты дұшпан – Жоңғардан шыққан қалмақтар еді. Белгілі тарихшы, жазушы М.Мағауин өзінің зерттеулерінде осылай деп жазған.
Жиембеттің біздің заманымызға санаулы ғана толғаулары жеткен екен. Бұдан төрт ғасыр бұрын айтылған сол толғаулармен танысып көрелік:
Әмірің қатты Есім хан
Бүлік қылып бұйырдың.
Басын бер деп батырдың
Қанын ішіп қанбаққа
Жанын отқа салмаққа
Атадан жалғыз мен емес,
Хан ие, ісің жол емес.
Жолбарыстай Жолымбет
Құрбандыққа қол емес.
Жолын тосып алып кетіпті,
Қалмақтан алмақ сыйыңды,
Қаһарыңды басқалы
Қалың елім жиылды.
Бастап келген өзге емес,
Жиембет сынды биің-ді.
Малын салып алдына,
Әр саладан құйылды.
Он екі ата Байұлы
Бір тәңірге сыйынды.
* * *
Басы саудың түгел-дүр,
Толған тоғай малы-дүр.
Тоқтамай соққан толағай,
Толастар мезгіл жетпей-дүр.
Керегеге ілінген,
Шабылмаған семсер тұр.
Жаудан алмай кегімді,
Есілде өмір өткен құр.
Азап шектім аралда,
Ханға қарсы тұрам деп.
Түн ұйқымды бөлгенмін,
Жұртымды жөнге салам деп.
Бас кессе де басылмай,
Ақ ісімді жасырмай,
Атқа мінген ер едік.
Қашырды бүйтіп елімнен
Күйеуден безген қатындай».

(«Бес ғасыр жырлайды».
I том, Алматы, 1984 ж.
58-62 беттер).
Міне, бүкіл қазақ елінің тұтастығы мен нығаюына өлшеусіз үлес қосқан, қарапайым жырау Жиембет Бортоғашұлы бабамыз осындай адам болған екен. Ол – тек қана жырау емес, аузы дуалы би, қол бастаған әскер басы, Кіші жүздің тарихындағы ел бастаған көсемдер деңгейіне көтерілген елеулі тұлғалардың бірі. Бір көшеге оның есімін беріп, Астана ұлықтап жатқанда, оның туған өңірі Атырауда елеусіз қалуы – ұрпаққа сын. «Алмас қанжар қап түбінде жатпас» немесе «Ештен кеш жақсы» дегендей, осы бір олқы тұсымызды ойласақ дегім келеді.
Өтеген АҚЫШҰЛЫ.
Индер ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*