ЖІБЕК ЖОЛЫНДА ЖАҢҒЫРҒАН ӨНЕР

Бұл фестивальге қатысушылар қатаң тәртіп бойынша іріктеу арқылы  қабылданды. Өзге елдермен қоса, Қазақстанның әр өңірінен де суретшілер өз туындыларын ұсынған болатын. Алайда, соның ішінде, қазақстандық екі өнер адамының суреттері ғана фестивальге қатысуға лайық деп танылған. Олар – Алматыдағы ҚР Суретшілер академиясының директоры Ермұхан Жүгінісов пен жерлесіміз, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркемөнер академиясының корреспондент мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті Камила Жапалова.

– Ұлы Жібек жолы осы Қытайдың Шиан деген жерінен бастау алған еді. Сондықтан, әлемдік өркениет тарихындағы үлкен жетістіктердің бірі – аталған керуендік жол бағытының элементтерін сақтау, тарихты ұмытпау, кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында Шиан қаласы туристік орталыққа айналған. Әлемнің әр түкпірінен арнайы келетін туристер осы тарихи орыннан ерекше әсер алып оралады екен. Мен де шабыттанып қайттым, – дейді Камила Жапалова.

Ұйымдастырушыларға, әсіресе, суретшінің қазақ өнеріне лайықталған батик стиліндегі туындылары қатты ұнаған. К.Жапалованың айтуынша, халықаралық көрмеден орын алған 20 суретінің оны – батик туындылары.

Көрмеде суреттер сатылымға да түскен. Бірақ, атыраулық өнер иесі Камила Жапалова өзінің табиғатты бейнелеген суреттерін ғана сатып, ұлттық құндылықтар болып табылатын «Сарайшық», «Алтын қайық», «Дина Нұрпейісова» және басқа шығармаларын сатуға қимай, елге кері алып келген. Ал, көрермендер бұл суреттердің бағасын екі-үш есе өсіріп, сатып алуға дайын болған.

«Бұл – менің елімнің тарихы, ұлттық құндылықтары. Сондықтан, өзге ел өкілдері қолына тапсыра алмадым. Олар Қазақстан жерінде, мәдени орындарда тұруға лайық. Өз суреттерімді көргенде менен асқан бақытты адам болмайтындай жер бетінде», – дейді суретші бізбен әңгімесінде. – Әр өнердің өз әсемдігі, құпиясы бар. Бірақ, батик өнері мені ерекше қызықтырады. Ең алғаш рет батик өнерін Қытайдың бір кітабынан көріп, таңғал-ғаным бар. Түстерінің ауысып, құбылып тұратындығы, оның жылылығы баурап алды. Кейін Санкт-Петербургте оқып жүргенімде, осы өнердің қыр-сырын үйрене бастадым.

Фестиваль аясында қазақтың қолөнер бұйымдарынан жәрмеңке ұйымдастырылып, жиналған халық ерекше ықылас танытқан. Қазіргі таңда Камила Жапалованың жеке қорында батик стилінде салынған 20 шақты туынды бар. Осы Шиан қаласындағы халықаралық көрмеде оның суреттері жоғары бағаға лайық деп танылып, қытайлықтармен бес жылға іскерлік-шығармашылық байланыс орнату жөнінде келісімге келді.

Камила келесі жылы Қытайдың Қашғар қаласында өтетін дүниежүзілік көркемсуреттер көрмесіне шақырту алды. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен 16 мемлекеттің қылқалам шеберлері қатыспақ. Көрмеге қойылатын суреттер де таңдалып, іріктелген. Бұлардың басым бөлігі де Қазақстанның ұлтын, салт-дәстүрін, тарихын, мәдениетін, өнерін насихаттайтын туындылар болып табылады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Сурет К.Жапалованың архивінен алынды.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*