ЖЕТПІС ЖЫЛ ҮЗІЛМЕГЕН ҮМІТ

Жетпіс жыл…  Ол кезде қараша айы болатын. Өзінің 92 жасқа келгенін бір мезет есіне түсіріп, әкесі Дүйсеғалидың кіндігінен ешкім қалмағаны өзегін өртеп өтті. Бұл сұм соғыс қаншама шаңырақты шайқалтты, ауылдан майданға аттанған ер азаматтарды есіне түсіргісі келгенімен, ешбірін қапелімде ой елегінен өткізе алмай біраз қиналды. Ойында тек жалғыз інісі, туған жерін зұлым жаудан қорғауға аттанған Қадырбек Дүйсеғалиұлы.

Үйдің төрінде ілулі тұрған мәңгілікке жас қалпында қалған, майдан даласынан жіберген, әскери киіммен түскен інісінің жалғыз фотосына назары ауа берді… Бұл фотоның елге деген сағынышқа толы үшбу хатпен қай жылы келгенін есіне түсіре алмай біраз уақыт қиналып жатты. «Таң атсын, қайын інімнен сұрайын» деген ой қылаң берді. Ол ойына іштей риза болғандай болды. Ауруы меңдеп жатса да ойы шатаспады, әке шаңырағының ұрпағын жалғастыратын жалғыз тұяқты майданға аттанар ұзақ жолда ең соңғы көрген қайын інісі болатын. Оның айтқаны есіне орала бастады.

… Бақсай ауылынан шығып, аудан орталығы Жаманқалаға (қазіргі Махамбет селосы) колхоз басқармасының ат арбасымен  келе жатқан олар қыр беткейінен ауылды бағытқа алған, арбадан екі аяғын салбыратып жіберіп, ой үстінде отырған көрікті жігітті бірден шырамытты. Жеңгесінің інісі, құда баласы Қадырбек екен. Арбадағылар амандық-саулық сұрасып болған соң, мән-жайға қаныққан олар біраз уақыт үнсіз қалып, әркім өз ойымен болып кетті. Сол бір аз ғана тыныштықты пайдаланып, Қадырбектің күзгі сарғайып жатқан дала төсіне ұзақ қарап тұрғаны мәңгілік есінде қалды, әрі онысы туған жерімен қоштасып тұрғандай болып көрінді.

…1924 жылы жарық дүниенің есігін ашқан Қадырбек желкілдеп өсті. Енді азамат болып, ат жалын тартып еңбекке араласа бастағанда фашистер еліне жойқын соғыс ашты.

1942 жылдың қараша айында Қадырбекке аудандық әскери комиссариаттан шақыру қағазы келгенін естіді. Сонша жыл өтсе де жалғыз інісін әскерге шығарып салуға қалай барғаны, бәрі есінде сақталып қалғанына өзі де таңырқайды. Талай боздақты жалмаған қарғыс атқыр соғыстың аяқталғанына да жетпіс жылға жуықтағанымен, есіне өшпестей сақталып қалғаны-ай… Келмейтіндігін жүрегі сезсе де, Жеңіс күні артынан ергендей болып кетеді. Ұйқылы-ояу жатып бұл фәниде өзінің өкшесін қуып келе жатқан қайын інісін алдыртып, баяғы әңгімесін айтқызып, қайта-қайта тыңдағысы келді.

Міне, бәрі көз алдында… інісін өңіндегідей анық көріп жатыр екен.  Құдай-ау, бәрі сонау 1942-нің қарашасы, киіз үйден  інісімен қоштасуға шыққан қаумалаған жұрт. Інісі күтіп тұрған арбаға беттеп барып, артына бұрылып «мені күтіңдер», – деп күлімсіреді. Иә, ол Қадырбегін, міне, жетпіс жыл бойы күтіп жүргендігін айтқысы келіп, ұмтылғанымен дауысы шықпады.

Жақын барып інісінің қолын ұстап, айырылғысы келмегендей қысып, жүзіне анықтап қарады. Әскери формасы өзіне жарасып тұрғандығына таңырқап қалған оған, інісі аңырып қараған түрде: «Сіз кімсіз?» – деді. «Інім-ау, мен Әмина апаңмын, не танымадың ба? Сені күтумен жүргеніме жетпіс жыл болды», – деп мерейлене қарағанда, інісі «Мен сізге ризамын, жан апашым», – дегені сол-ақ еді, айналаны қара түнек басып, өкінішін өзегіне толтырып бақилық дүниеге аттанып, жүре берді.

Сүт пісірімдей уақыттан соң 2012 ұлу жылының 15-қарашасының бейбіт таңы арайланып атып келе жатты.

…Қараша қаздар қайтқан 1942 жылдың күзінде Үйшікті бетке алып, бір топ боздақ майданға аттанды. Сол топтың ішінде Әмина шешейдің жалғыз інісі Қадырбек те бар еді. Ол жетпіс жыл бұрын Отанын қасқөй жаудан қорғау жолында келместің кемесіне мініп, мәңгілікке кетіп еді…

Аққали АХМЕТ,

тарих ғылымдарының докторы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*