ЖЕТІ ЖҰРТТЫҢ ТІЛІН БІЛ…

Қазіргі кезде өзге ұлт арасында қазақ тілін меңгерту, оқытудың деңгейін арттыру мәселесі көтеріліп, осы орайда көптеген шаралар атқарылып жатқаны белгілі. Тіл саясаты – мемлекеттің саясаты. Ол – егеменді еліміздің арқауы. Қазақ тіліне тұңғыш рет мемлекеттік мәртебе беріліп, «Қазақ КСР-нің Тілдер туралы» Заңының қабылданғанына да 25 жыл болды.

Ана тілі – жүректінің терең сырларын, халық тарихының барлық кезеңдерін, ата-баба мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа сақтап отыратын асыл қазына.  Бұл тұрғыдан алғанда Тіл мерекесін кең көлемде ұйымдастыру, түрлі тақырыпта семинарлар мен басқосулар өткізу жолға қойылды. Осы ретте облыста «Тіл айлығы» жоғары дәрежеде өткізіліп келеді. Облыстағы аудандар мен қаламыздың ірі компанияларында әр жыл сайын қыркүйек айында Тіл мерекесі өз дәрежесінде тойланады.

ҚР Ішкі істер министрлігі ішкі әскерлерінің  №5546 әскери бөлімі мен облыстық басқармамен бірігіп ұйымдастырылған  «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік  қызметте» атты «дөңгелек үстелге» облысымыздың тіл жанашырлары мен басқарма мамандары қатысып, қатысушылардың көкейкесті сауалдарына тұшымды жауап берілді. Атырау облысы бойынша Салық, Әділет, Статистика, Экология, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Кедендік бақылау департаменттері, «Қазмұнайгаз», «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Теңізшевройл ЖШС», «Қазтрансойл», ҚР Ұлттық банкі мемлекеттік мекемесінің Атырау филиалы, облыстық дарынды балалар мектеп-интернаты, облыс әкімі аппаратының «Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, қайта даярлау және тілдерге оқыту өңірлік  орталығында» және аудандарда кең көлемде мерекелік шаралар мен «дөңгелек үстелдер», сайыстар өткізілді.

Жас ұрпақ бойына сөз өнерінің құдіретін ұғындыру мақсатында  «Оралхан оқулары» көркемсөз оқу шеберлерінің сайысы Махамбет ауданында өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылды.  Аталмыш байқаудың өзегі – тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, сондай-ақ, халық арасынан талапты да талантты жастарды тауып, олардың болашағына жол ашу. Индер ауданындағы орыс тілі білгірлерінің «Тіл – барлық білімнің кілті» атты облыстық байқауында дарынды жастарды анықтау және қолдау, мәдениетаралық қарым-қатынаста олардың белсенді азаматтық ұстанымы мен ұлттық дүниетанымын қалыптастыруға бағытталған шығармашылық бастамасын іске асыру, шешендік өнерді дамыту, сөйлеу мәдениетін арттыру мақсаты көзделді. Сол секілді Исатай ауданының орталығы – Аққыстауда қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген жастар арасында облыстық «Тіл шебері» байқауы нәтижесінде көптеген жастардың танылуына жол ашылды. Сондықтан, өз тілімізбен қатар, орыс, ағылшын тілдерін насихаттау, кеңейтуді мақсатқа айналдырған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен байқаулардан бас жүлде алған үміткерлер республикалық байқауға жолдама алып, өздерінің бақтарын сынады.

Үш тілді жетік меңгерген жастар арасында облыстық «Тілдарын» олимпиадасы өтіп, жыл сайын дәстүрге айналып келетін бұл байқауға мекемелер мен оқу орындарынан 13 адам қатысты. Үш тілді жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау және қолдау, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу бұл олимпиаданың басты мақсаты болды.

Республикамызда мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе. Өйткені, ана тілі Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымызбен қатар біздің елдігіміздің басты белгілерінің бірі болып саналады.

 «Қазтест» – Қазақстан Республикасындағы азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесі. Атырау облысында «Қазтест» жүйесін қолданысқа енгізу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.  «Қазтест» бойынша жұмыстар ұйымдастырылып, 1004 мемлекеттік қызметші сынақтан өтті. Соның ішінде, білім деңгейі анықталған 684 адам сертификат алуға талпынып, тест тапсырды.  

Бұл жүйе өндіріс саласына да енгізіле бастады. Мәселен, Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері «Қазтрансойл» АҚ Батыс филиалының 500-ге жуық қызметкері осындай тестімен қамтылса, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен  Батыс өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің және Атырау облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлерінің тілдік кәсіби деңгейін анықтау бойынша   тестілеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, аудан және қала бойынша 886 мемлекеттік қызметші «Қазтест» жүйесі бойынша тестілеуден өтті. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын тауып, ауқымы кеңейе түспек.  Өйткені, болашақта тек мемлекеттік қызметшілер емес, жалпы халықтың қазақ тілін меңгеру деңгейі, тіпті, Қазақстанда жұмыс жасайтын шетелдік азаматтардың тілдік білімін «Қазтест» жүйесі арқылы бағалау көзделіп отыр. 

«Мәңгілік ел» идеясы – елімізді өз мақсатына талай дәуір сынынан сүріндірмей жеткізетін тұғырлы идея. Мәңгілік елмен бірге ана тіліміздің де мәртебесі артып, мәңгілік бола берері анық. Елбасының Жолдауындағы «Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болып қалады» деген ойы қуантады. 

Бұл орайда, Елбасы Н.Назарбаевтың Ұлытауда берген сұхбатында: «Ешкімге қазақ тілінде сөйлеме деп, кедергі жасап отырған бір адам жоқ. Өзіміз қазақша сөйлеуіміз керек. Біз тілімізді құрметтей білуіміз керек» деп айтқан толғамы алдымыздағы басты нысана болары хақ.

 

МәншүкМҰХАНБЕТҚАЛИЕВА,

облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*