ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ

– Жергілікті полиция қызметінің құрылымына учаскелік инспекторлар, жол-патрульдік, ювеналдық, табиғатты қорғау полициясы, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері, қабылдаушы-бөлушілер және арнайы қабылдаушылар кіреді. Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметі ішкі істер органдарының құрамында қалатын, ал оның қызметкерлері құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бірыңғай құқықтық мәртебесіне ие болатын жүйенің бірлігі сақталынады. Материалдық қамсыздандырылу, жеңілдіктер мен әлеуметтік-құқықтық кепілдіктері туралы да осыны айтуға болады, – деді Игорь Лепеха.

Халыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметінің негізгі ережелері Үкіметпен келісілген. Ішкі істер министрлігі соған байланысты тиісті заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына ұсынған болатын. Ол Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды. Депутаттарға жаңа құрылымның мән-маңызын айтуға бұл жолы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың өзі келді. Оның баяндауынша, құжаттағы жаңалықтардың бірі жергілікті полиция қызметінің басшыларын тағайындауға кандидатты Ішкі істер министрі облыс әкіміне ұсынып, оған мәслихат депутаттары келісімін беретін болады. Заң жобасында жергілікті полиция қызметі басшысының жергілікті қауымдастық алдында есеп беретіндігі көрсетілген.

– Бұл ретте жергілікті полиция қызметінің басшысы әкімдіктер мен мәслихат алдында және жылына бір рет халық алдында есеп беретін болады. Мұндай есептілік полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, заң жобасымен жергілікті полиция қызметіне шағымдарды қарау бойынша Қоғамдық кеңестердің өкілеттігін кеңейту шаралары да көзделеді, – деді Қ.Қасымов.

Жергілікті полиция қызметіне қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қауіпсіздігін қорғау және тұрмыстық қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша міндеттер жүктелгелі отыр. Үлкен істі ұйымдастырушылар бұл бағытта учаскелік инспекторлардың қызметіне айрықша мән берілгендігін айтып отыр. Ал, тұтастай алғанда жергілікті полиция қызметінің жергілікті атқарушы орынға есептілігі және Қоғамдық кеңестердің қызметі полиция жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді, тұрғындардың аталған құрылымға сенімділігін арттырады деген үміт бар.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ. 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*