ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯҒА ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТ

Исатай Балмағамбетов, облыстық «Атырау» газетінің Бас редакторы:

– Ұлт жос­парының 30-қадамында атап көрсетілгендей, қазіргі күні жергілікті полиция қызметі жүйесі жасақталып, жұмысына кірісіп отыр. Сондықтан, әңгімені осы құрылымның алғашқы аяқ алысынан бастасақ деп едім. Оның үстіне оқырмандардан да осы бағытта түсіп жатқан сауалдар көп.

Мұрат Демегенов, облыстық ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары:

– Дұрыс айтасыз, жергілікті полиция қызметі – жаңа құрылым. Оған артылған міндет те, жауапкершілік те жоғары. Осы тұста айтайын, Елбасымыз бекіткен Ұлт жоспарының 30-қадамын жүзеге асыру үшін өткен жылдың 2 қарашасында «Жергілікті полиция қызметінің жұмысы туралы» Заңға қол қойылды. Өткен жылдың 16 маусымында Жергілікті полиция қызметі Ұлттық комиссия мен ведомствоаралық комиссия отырысында бекітілді.

Өздеріңіз білесіздер, Атырау облыстық мәслихатының жуырдағы сессиясында облыстық ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметі басшысының кандидатурасы келісілді. Ішкі істер министрінің ұсынуы, облыстық мәслихат депутаттарының келісімімен облыс әкімі басшылыққа полиция полковнигі Нұрым Оразбаевты  тағайындады.

– Жергілікті полицияның құрамына қандай бөліністер кіреді? Оның жұмысының басты ерекшелігі неде?

Мұрат Демегенов:

– Басты өзгешелік – жергілікті полиция басшыларының жылына екі рет әкімдік пен мәслихат және бір мәрте халық алдында есеп беретіндігінде. Бұл жаңа құрылым қызметінің ашықтығын байқатады.

Қазіргі талапқа сәйкес, жер­­гілікті полицияның жұмыс ауқымы кең. Оның құрамына учас­келік полиция инспектор­ла­ры, табиғат қорғау, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, кә­мелетке толмағандар істері бойын­ша бөлімшелер, әкімшілік-тұтқындалған адамдар үшін арнайы қабылдағыштар және тұрғылықты жері мен құжаттары жоқ адамдар үшін қабылдап-та­рату, жол-патрульдік полиция­сы толығымен еніп отыр. Атырау облысы бойынша жергілікті полицияның құрамы 1 мыңнан астам бірлікті құрайды. Яғни, осынша адам жұмыс істейді.

Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі басшысының екі орынбасары болады. Мен негізінен әкімшілік құқық бұзушылық, қылмыстың алдын алу мәселелерімен айналыссам, жол қозғалысының қауіпсіздігіне екінші орынбасар жауапты болады.

Атырау қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің басшылығына Ерлан  Биғамбаев тағайындалды. Барлық ауданда да осындай лауазымды қызметтің жетекшілері жұмыстарына кірісіп жатыр.

Амангелді Абдолов, республикалық жеке сот  орындаушылары палатасы төралқасының төрағасы, облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты:

– Облыстық мәслихат биылғы алғашқы сессиясын жергілікті полиция қызметінің басшысын тағайындаудан бастады.

Мемлекет басшысы­ның бастамасымен құрылған жергілікті полиция қызметіндегі басты ерек­шелік, жоғарыда айтылғандай, халыққа есеп беретіндігі мен қызметінің ашықтығында деуге болады. Жергілікті полиция қызметі осы жылдың 1 қаңтарынан бас­тап міндетін атқаруға кірісті. Заңмен бекітілген талапқа сәйкес, жергілікті полиция қызметінің жетекшілері халыққа есеп береді. Учаскелік полиция инспекторлары тоқсан сайын тұрғындармен кездесу кезінде олардың көкейкесті сауалдарына жауап қайтарады. Түбегейлі өзгерістер халық тыныштығын сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алуға үлкен ықпалын тигізеді деп ойлаймын.

И.Балмағамбетов:

– Жаңа құрылымның облыстық ішкі істер департаментімен байланысы қандай болмақ? Ол ішкі істер министрлігінің құрамында қала бере ме? Жалпы, жергілікті полиция қалай қаржыландырылады?

Гүлнәзира Мұхтарова, облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Жергілікті полиция қызметі деп аты айтып тұрғандай, жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Бұрын да осылай болған еді. Жаңа құрылым ішкі істер министрлігінің құрамында қала береді. Соған сәйкес, оның еңбеккерлеріне қатысты құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бірыңғай құқықтық мәртебесіне ие болатын жүйенің бірлігі сақталынады. Материалдық қамсыздандырылу, жеңілдіктер мен әлеуметтік-құқықтық кепілдіктері туралы да осыны айтуға болады. Облыстық ішкі істер департаментімен байланысы турасындағы сауалыңызға келсек, құрылымдық мынадай өзгерістер бар:

Департаменттің әкімшілік полициясының жол-патрульдік полициясы өзге құрылымдармен бірге жергілікті полицияның құрамына еніп отыр. Осыған байланысты әкімшілік полиция басқармасында лицензиялау  рұқсат беру жүйесі, айдауыл, техникалық қадағалау, тіркеу-емтихан, әкімшілік-практикалық бөлімдер қалады.

– Кеңестік кезеңде учаскелік инспекторды тұрғындар түгелдей танитын. Тәртіп сақшысы да олардың бәрін білуші еді. Қазіргі жағдайды олай деуге келіңкіремейді. Сіздің ойыңызша, бүгінгі тың бастама полиция мен халықтың арасын жақындата ала ма?

Болат Дүйсенов, жергілікті полиция қызметінің құқық бұзушылықтардың алдын алуды ұйымдастыру бөлімі учаскелік полиция инспекторлары жұмысын ұйымдастыру тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

– Бұл мәселеге қатысты жұртшылық тарапынан түрлі сауалдар қойылып, шағымдар айтылып жатады. Жергілікті полиция қызметі осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Ендігі жерде учаскелік инспектор тұрғындармен етене, тығыз байланыста болады деген сенім бар. Ол тоқсан сайын көпшіліктің алдында есеп береді. Соған сәйкес, кездесудің күні бұрын кестесі бекітіледі. Инспектордың байланыс телефондары, отыратын орнының мекен-жайы жазылған таныстыру карточкалары халыққа таратылады. Мәліметтер арнайы тақтайшаларға да орналастырылады.

Учаскелік инспектордың қызметі халықтың көңілінен шықпаса, оған қатысты қандай шара алынады?

Мұрат Демегенов:

– Инспектордың өзіне бекітіліп берілген аумағында болуы тиістігі ішкі істер министрінің бұйрығымен бекітілген. Егер Сіз айтқандай, тәртіп сақшысы жұмысын жүргізе алмай, қылмыстың алдын алу шарасын ұйымдастырмаса жиында тұрғындар өз ой-пікір, сын-ұсыныстарын айтуына мүмкіндігі бар. Соған қатысты полицейге тиісті тәртіптік шара алынады. Дегенмен, әңгіме тұрғындар мен учаскелік инспектордың тығыз байланысты жұмыс жасауында болса керек. Халықтың қолдауы тәртіп сақшысының өз міндетін мүлтіксіз, ыждағатты атқаруына жол ашады.

Инспекторлардың тірек бекеттері туралы не айтар едіңіз? Мәселен, облыс орталығында бұл жағдайға байланысты туындап отырған мәселе қандай?

Болат Дүйсенов:

– Тірек бекеттері облыс бойынша көптен шешілмей келе жатқан мәселелердің бірі еді. Қазір осы бағытта ілгерілеушілік байқалады. Өздеріңіз білесіздер, Атырау қаласындағы «Нұрсая» шағын ауданы – жаңадан бой көтерген шағын аудан. Мұндағы халықтың саны көбейгенімен, полиция тірек бекетін ашудың мүмкіндігі келмеген. Қазіргі күні осындағы көп қабатты 14 үйдің бірінші қабатынан аталған орын ашылып отыр. Тағы бір тоқталар тұс, біз жергілікті әкімшілікке қаланың 7 жерінен қосымша бекеттер ашу турасында ұсыныс бердік. Ол алдағы уақытта шешіледі деген үміттеміз.

Жалпы, тірек бекетін жасақтаудың өзіндік талаптары бар. Ол орналасқан ғимараттың есігі бөлек болуы тиіс, басқа да жағдайлар ескерілуі керек. Мәселен, сақшы түнгі мезгілде қоғамдық тәртіп бұзушыны алып келгенінде кеңсесіне кіре алмай, ыңғайсыз жағдайға қалып жатады. Себебі, ғимаратта өзге де мемлекеттік  мекемелер орналасқандықтан түнде оның есігі құлыптаулы тұрады.

– Учаскелік инспекторлардың штаттық бірлігі сақтала ма?

Болат Дүйсенов:

– Штат бірлігіне байланысты бұрын проблема туындаған. Қазір мәселе қолға алынуда. Атап айтқанда, ол 174-тен 233 бірлікке көбейді. Бүгінде облыс бойынша барлығы 233 учаскелік инспектор, 73 көмекшісі бар. Штаттық бірлік жергілікті тұрғындардың санына байланысты бекітіліп беріледі.

– Бұрын мекеме-кәсіпорындардың жанынан қоғамдық тәртіп сақшыларының жасағы құрылып, көшеде жүретін. Олардың қоғамдық тәртіпті сақтаудағы үлесі де ерекше еді. Осы тәжірибені қайта жаңғыртудың мүмкіндігі бар ма?

Болат ДҮЙСЕНОВ:

– Айтуыңыз орынды, кезіндегі жақсы тәжірибелерді қайта қолданып жатсақ, еш сөкеттігі болмас. Өйткені, ерікті халық жасақшыларының полицейлерге тигізетін пайдасы көп екендігі даусыз. Оны мен уақытында учаскелік инспектор болған кезімнен жақсы білемін. Сондықтан, біз осы бағытта жұмыс жасаудамыз. Нақтырақ айтқанда, қоғамдық тәртіпті қорғауға белсенді қатынасқан азаматтарды көтермелеу шарасы жүзеге асып келеді. Былтыр жергілікті бюджеттен осы мақсатта 3 млн. теңгеден астам қаражат бөлініп, жылдың ішінде толықтай игерілді. Яғни, қылмыстың алдын алуға, халықтың тыныштығын сақтауға ерекше үлес қосқан 160-тан астам адам ақшалай марапатталды. Осыған қоса, қала, аудандарда 50 тұлға Алғыс хаттарға ие болды.

– Заңның сақталуын қадағалау прокуратураға жүктелген. Ендеше, қылмыс пен әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алуда осынау құзырлы органның атқарып отырған қызметі қандай?

Мерген Меңдіғалиев, облыстық прокуратураның басқарма аға прокуроры:

– Бүгінгі ұйымдастырылып отырған «дөңгелек үстелдің» маңызы зор деп білемін. Себебі, жергілікті полиция қызметін құру міндеті Елбасының Ұлт жоспарында көрініс тапқан. Соған сәйкес, облыс көлемінде ауқымды жұмыстар кең өріс алуда.

Прокуратура органдары заңдылықтың сақталуын қатаң қадағалайды. Халық тыныштығын сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жұмыстың тиімділігін тексеріп отырамыз. Жалпы, бұрын жергілікті полицейлердің штат бірлігінің жетіспейтін тұстары жиі кездесетін. Жаңадан құрылымның құрылуына байланысты мұндай келеңсіздіктер орын алмайды деп ойлаймыз.

Жергілікті полицияның құрамына жол-патрульдік полиция да еніп отыр. Соған орай жұртшылықтан мынадай сұрақ туындайды: Жол апаттарының санын азайтуда прокуратура тарапынан қандай талаптар қойылуда? Қаладағы «қауіпті бұрылыстарды» анықтауда сараптама жүргізіле ме?

– Сіздің сауалыңызға байланысты төмендегі мәселені айта кетсем деймін. Былтыр облыстағы жол-көлік апаттарының саны арғы 2014 жылмен салыстырғанда едәуір төмендеді. Бұл кешенді шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде мүмкін болды. Соның бірі – «Қауіпті бұрылыстар». Мәселен, облыс орталығында жол апаттары жиі кездесетін бұрылыстарға бағдаршамдар орнатылды. Дегенмен, жасалатын жұмыс әлі аз емес. Біз сараптама жүргізіп, мәселені уақытында анықтап отырамыз, тиісті талаптар қоямыз.

И.Балмағамбетов:

– Ұлт жоспарын жүзеге асыру міндетінен туындайтын мәселе бойынша еркін пікір білдіріп, сауалдарға жауап бергендеріңіз үшін рахмет айтамын.

Азамат  БАЗАРБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*