ЖЕРГІЛІКТІ БАСҚАРУДА ӨЗГЕРІСТЕР КӨП

Семинар-кеңесті облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан кіріспе сөзбен ашып, қатысушыларды осы шараны өткізуге арнайы келген республикалық ақпараттық-насихаттық топтың мүшелерімен таныстырды.
Алғашқы сөз кезегін жұмысшы тобының жетекшісі – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызмет жөніндегі комитетінің төрағасы Лаура Ахметниязова алып, күн тәртібіндегі мәселеге қатысты әңгіме өрбітті.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылдың 28 қарашасындағы Жарлығымен елімізде Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту Тұжырымдамасының бекітілгені белгілі. Оны жүзеге асыру мақсатында осыған дейін қолданыста болып келген, осы мәселені реттейтін бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаңа заң жобаларының қабылданғандығы да мәлім.Негізінен алғанда, олар жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы болып отыр.
Ойындағысын осылайша жеткізген республикалық ведомоствоның өкілі одан әрі жаңадан қолданысқа енгізілген заңдардың ерекшеліктерімен таныстырды.
Мәселен, Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту заңнамасында төмендегідей мәселелердің шешілуі көзделген: біріншіден, өткізілетін жиналыстар мен жиындар арқылы халық өз еркін білдіріп, азаматтардың конституциялық құқықтары жүзеге асырылады; екіншіден, аудандық (қалалық) мәслихаттар аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, олардың құрамына кірмейтін ауылдардың әкімдерін сайлауды (ол биыл алғаш рет өткізілді) қамтамасыз етеді; үшіншіден, халықтың басқарушылық шешімдерді қабылдауға қатыстырылуы олардың барлық мәселедегі белсенділігін арттырады; төртіншіден, жергілікті маңыздылықтағы мәселелердің шешімін табуына тұрғындардың қатысын қамтамасыз ету жолымен бөлінген қазына қаражатының мақсатты игерілуіне мониторинг жүргізілуіне қол жеткізіледі; бесіншіден, коммуналдық меншік, қаражаттарды бөлу мәселелерінің біртіндеп жергілікті әкімдерге берілуімен байланысты олардың дербестігі нығайтылады.
Осыларды егжей-тегжейлі түсіндірген баяндамашы келесі кезекте мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелерін айқындайтын заңға қатысты мағлұмат берді. Атап айтқанда, бұл заңның жергілікті, орталық мемлекеттік органдардың және олардың құрылымдық бөлімдері мен бөлімшелерінің бір-бірінің атқаратын қызметтерін қайталауын жою, жергілікті атқарушы құрылымдардың өкілеттігі мен материалдық-техникалық базасын нығайту, көрсетілетін мемлекеттік қызметтің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету жағдайларын оңтайлы шешуге жол ашатындығын жеткізді.
Бұдан соң, ол халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізіліміне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды назардан тыс қалдырмай, олардың кейбіреулеріне тоқталып өтті. Соның ішінде ұсынылатын мемлекеттік қызмет стандарттарының жобасын жария түрде талқылау, оны әзірлеудің нақтыланған тәртібі, үлгілері мен регламенттерін бекіту және кірістіріліп отырған өзгерту-толықтыруларды Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы немесе электронды форматта жеткізу мәселелеріне көбірек көңіл бөлді.
Әріптестерінің әңгімесін онымен бірге келген республикалық ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері, ҚР Өңірлік даму министрлігінің департамент директоры Бибігүл Мұстафина мен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің өкілі Мейірман Ғұбайдуллаев жалғастырды. Ой-пікір, ұсыныстарымен бөлісіп, қойылған сауалдарға жауаптар қайтарды.
Басқосуды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан күн тәртібіне қойылған мәселенің маңыздылығын атап айтып, барлық басшы қызметкерлердің, жергілікті әкімдердің бұған асқан жауапкершілікпен қарауы, күнделікті қызметтерінде қолдана білу қажеттігін қаперледі.

Дәулетқали АРУЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*