ЖЕРДІ ПАЙДАЛАНУ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЕНДІ ЖАҢА ЗАҢДЫЛЫҚПЕН РЕТТЕЛЕДІ

 

Игерілмеген учаске – аукционға!

Қазақстан Республикасының Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты өткен жылдан бастап облыста жер учаскелерін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сауда-саттықтар (конкурстар, аукциондар) арқылы беру жүзеге асырыла бастады. Жер учаскелерін берудің бұл тәсілі ашық мүмкіншілік пен бірдей кепілдік беретін болғандықтан, айқын және әділ болып табылады. Облыс бойынша төрт конкурс және жеті аукцион ұйымдастырып, жалпы саны 373 жер учаскесі сауда-саттыққа шығарылды.

Бұл ретте ағылшындық әдіспен болатын екі аукцион арқылы учаске сатылмаса, онда ол енді жер учаскесінің кадастрлық құнының 50 пайызына төмендетілетін аукционға қойылатын болады. Бұл жердің толыққанды нарықтық құралға айналуына негіз және ауыл шаруашылығының  өтімді активі болады деп сенеміз.

                                                               Арман БАЖЕНОВ,

                                                               облыстық жер қатынастары

басқармасының басшысы.

 

Болашақтың негізі – бүгіннен

Аграрлық сала үшін ең маңызды мәселе жермен жұмыс екені белгілі. Жер кодексіне енгізілген өзгерістер арқылы жермен жұмыс істейтін агроөнеркәсіптік кешен нысандары, фермерлер қауымы жерді пайдалануда көптеген жеңілдіктерге қол жеткізе алды. Өндірісте жұмыс орындарын сақтауға байланысты батыл қадамдарға жол ашылған.

Мақалада айтылған көп мәселелердің егіншілікпен шұғыл­данатын біздің Махамбет ауданына тікелей қатысы бар. Бұл жөнінде біз Елбасы тапсырмаларын орындауға әзірміз. Нақты бағыттар бойынша шешуші жұмыстар қолға алынып отыр деп батыл айта аламыз. Өткен жылды, әлемдік нарықтағы күрделі жағдайға қарамастан, тәуір экономикалық көрсеткіштермен қорытындыладық.

Қазір аудандағы ірі агро­өнер­кәсіптік құрылымдар, шаруа қожалықтары жаңа жылдың өніміне негіз қалауға кірісіп кетті. Егіс алқаптарында қысқы агротехникалық шаралар қолға алынып, ыждағатты жүргізілуде.                

                Қоныс ЕРМАНОВ,

Махамбет ауданындағы

«Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі.

 

– Ғибрат Еркінұлы, осыдан тура бір жыл бұрын облыс әкімінің қаулысымен құрылған Сіз басқаратын басқарма жерді пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды қалай жүзеге асыруда? Өткен жылдың негізгі қорытындылары туралы не айтар едіңіз?

– Еліміздің Жер кодексіне жаңадан енгізілген өзгерістерді басшылыққа ала отырып, басқарма бұрынғы мелекеттік инспекциясының барлық атқарған функциялары мен міндеттерін жүзеге асыруда. Яғни,  жер пайдаланушылардың жер құқығын тиісінше реттеу және мемлекеттік бақылау қамтамасыз етіліп келеді. Штат бірлігі кестесі бойынша он екі маман жұмыс жасайды. Былтырғы жылы басқарманың мемлекеттік инспекторларының қатысуымен жоспардан тыс 152 тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде 118 заң бұзушылық анықталып, тексеру тиімділігі 78 пайызды құрады. Тексерістер қорытындысымен 45 жеке және заңды тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалып, 41 тұлғаға 12,5 млн. теңгенің айыппұлы салынды.

Сондай-ақ, өз тараптарынан жіберілген заң бұзушылықтарды мойындамаған 76 жеке тұлғаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 811-ші бабына сай көрсетілген айыппұл сомасының жартысын жеті тәулікте төлеу құқығы түсіндіріліп, нәтижесінде олардан 4,9 млн. теңгенің айыппұлы өндірілді.

– Өңірдегі жер қойнауын пайдаланушыларға ҚР Жер кодексіне енгізілген өзгерістер жөнінде басқарма мамандарымен үнемі түсінік жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, бірқатар заңды тұлғалар тарапынан жер заңдылығын бұзу фактілерінің орын алып жататындығын да естіп қалып жүрміз. Соларға нақты мысалдармен тоқтала кетсеңіз?

– Оныңыз рас. Мұндай фактілер жиі ұшырасады. Мәселен, Атырау қалалық прокуратурасының заң бұзушылықты жою туралы ұсынысымен «Сичим С.П.А. Казахстан» Атырау филиалы Атырау-Доссор тас жолының бойында орналасқан жер учаскелерінің сыртында өзіне тиесілі емес қосымша жер учаскесіне үлкен арнайы техникалары мен ауыр құрылыс материалдарын жайғастырғандығы, оның ішінде аула кіреберісіне мекеменің күшімен құрылыс материалдарымен жабу арқылы бақылау-өткізу бекетін орнатқандығы, сондай-ақ, «Консорциум Isker» ЖШС де осы жолдың бойында орналасқан жер телімінің сыртында өздерінің ауыр арнайы техникалары мен құрылыс материалдарын жайғастырып, екі гектар жер учаскесін заңсыз пайдаланғандығы, ал, «Консолидейтед Контрактинг Инжиниринг Прокъюрмен С.А.Л. – Офшор» компаниясы өз бетімен Жылыой ауданы «Теңіз» кенішінен 1769 метр жер учаскесіне электр желісін тартып алғандығы анықталды.

Аталған заңды тұлғаларға ҚР Жер кодексінің 43-бабының 10-тармағында көзделген жайларды бұзу фактісі бойынша басқарманың мемлекеттік инспекторларымен ҚР ӘҚБтК-нің 136-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалып, жалпы көлемі 4,1 млн. теңгенің айыппұлы салынды.

– Тағы бір өзекті мәселе – нысаналы мақсатына сай игерілмеген жер телімдері бойынша қандай шаралар алынуда?

– Басқармамен облыс көлемінде игерілмей жатқан шаруа қожалықтары үшін берілген және құрылыс нысандарының жер учаскелерінің нысаналы мақсатына сай игерілуіне бақылау жұмыстары қатаң жүргізілуде. Жер кодексінің 14-1-бабына сәйкес, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдарының құзырына пайдаланылмай жатқан және ҚР заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жатқан жерді анықтау жатады.

Өткен жылы Мақат ауданы прокуратурасынан және Қайыршақты селолық округі әкімдігінен түскен құжаттар бойынша Жер кодексінің 92-бабына сәйкес бір жыл ішінде жерді нысаналы мақсатына сай пайдалануы қажеттігі туралы барлығы 34 (кәсіпкерлік мақсаттағы – 18, ауылшаруашылық мақсаттағы 16 жер учаскесі) жазбаша ескертулер (нұсқамалар) табысталды.

Қалалық жер қатынастары бөлімі арқылы отыз бес тұлғаның нысаналы мақсатына сай игерілмеген жер учаскелерінің тізімі желтоқсан айында ғана келіп түсті, бүгінде ол бойынша басқармамен шара алу жұмыстары жүргізілуде.

Реті келгенде айта кетейін, ҚР Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) кодексінің 387-бабының 6-тармағына сәйкес, объектілер салуға арналған және тиісті мақсаттарда пайдаланылмайтын немесе ҚР-ның заңнамасын бұза отырып, пайдаланылатын жер учаскелері бойынша, азаматтарға жауапкершілік көзделген. Осы кодекстiң 381-бабында белгіленген базалық салық мөлшерлемелері уәкілетті орган меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға жер учаскесін мақсаты бойынша пайдалану және ҚР-ның заңнамасын бұзушылықты жою қажеттігі туралы жазбаша ескертуді табыс еткен күннен бастап он есе ұлғайтылады.

Осыған сәйкес табысталған 34 жазбаша ескертулер тізімі облыстық мемлекеттік кірістер басқармасына жолданды.

– Жер кодексі талаптарының жиі бұзылуы азаматтардың заңнаманы білмеуінен, құқықтық сауаттарының төмендігінен демеске лаж жоқ. Бірақ, заңды білмеу ешкімді жауапкершіліктен құтқармайды ғой…

– Иә, солай. Басқарма бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында арнайы медиа-жоспар жасақталып, бекітілген. Облыстық басылымдар мен телеарнада жерді пайдалану, қорғау, игерілмеген жер телімдері иелерінің құқықтық жауапкершіліктері, жер дауларын реттеуге қатысты басқарма басшылығынан бастап, мемлекеттік инспекторына дейінгі лауазым иелері өз мақалаларын жариялап, сұхбаттар-түсініктер беруге, журналистермен брифинг өткізуге қатысып отырамыз. Жалпы, басқармаға түрлі мәселелерімен бас сұққан адамдардың бәріне жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз. Олар үшін қашан да басқарма кеңсесіндегі есігіміз ашық.

 Сұхбатты жүргізген:

Бақытжан ЖҰМАТ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*