Жерді қалай тез алуға болады?

Кабинеттегі жұмыс телефонына күніне он кісі хабарласатын болса, соның тең жартысынан астамы түрлі шағым айтады. Тіпті кейбір мәселе редакция құзыретіне жатпаса да, шаруасы түскен жанға жөнді жауап берілуі керек.

ФОТО-НҰРЛЫ-ЖЕР

Бұл жолғы ренішті біз қала тұрғындары Зәбира Сағынқызы, Гүлшара Әбдірқызы, Бәтима Құмарқызынан естідік. Олар Атырау қаласының жер  қатынастары бөліміне барғандарын, бірақ, олардан өз кезектерін білу мүмкін еместігін қынжыла айтты. «Мекеменің жеке адамдарды қабылдайтын арнайы терезесінде отырған қызметкер жазда барғанымызда: «Жылдың соңында – желтоқсан айында келіңдер!» – деді. Жарайды, оны да күттік. Енді өзі айтқан желтоқсан айында барсақ: «Алдағы жылдың мамыр айында білесіңдер!» – деп қарап отыр. Сонда біздің жерге кезегімізді білуге де құқымыз жоқ па?!» – дейді олар.

Осы мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін біз аталған мемлекеттік мекеменің басшысы Кәкім Шалтановқа жолыққан едік.

– Тұрғындардың «барғанда кезегімізді айтпайды» деп ренжулері орынды. Ал, біздің бұған айтар уәжіміз мынадай: бұрын жер алуға кезек қалалық архитектура бөлімі арқылы жүзеге асты. Соңғы жылдары ғана осы қызметтің бәрі біздің құзырымызға берілді. Енді тұрғын үй салуға арналған және бау-бақша егіп, егін өсіруге арналған жер (дачный участок) – бәрі біз арқылы беріледі. Жұмыс көбейді. Ондаған жылдан бері келе жатқан кезекті біз арнаулы база – реестрге құюымыз керек. Ал, бұл көп уақытты алады. Осы жұмыс биылғы ақпан-наурызда аяқталып қалар деген ойдамыз. Міне, бұдан кейін әрбір тұрғын өзінің электронды кезегін үйлерінен шықпай-ақ біліп отыратын болады.

– Бәрімізге белгілі, 2012 жылы жер беруге мораторий жарияланды. Араға төрт жыл салып, қайтадан беріле бастауда. Айтыңызшы, қазір қанша адам кезекте тұр?

– Иә, кәмелеттік жасқа толған Қазақстанның барлық азаматы жер алуға құқылы. Қазір бұрынғыдай емес, жер барлық инженерлік-коммуникациялық желі-лері тартылған соң ғана беріледі. Қиындық келтіретін тұсы – сол алдын ала, ертерек тартылатын түрлі коммуникациялық желілер мен тұрбалар қолды болып кетулі. Саналы адамдардың осындай теріс әрекеттерге баруы жер беруде қолбайлау болуда. Бүгінде біз қалаға таяу селолық округ әкімдіктеріне беріл-ген арыздарды қабылдауды аяқтай келдік. Қазір қала бо-йынша жер алу кезегінде 85 мыңға жуық адам тұр.

– Ел арасында «арызды бұрын берген мен әлі жүрмін, ал, менен кейін бергендер жерлі болды» дегендей алыпқашпа әңгімелер бар. Бұған не дейсіз?

– Бұрын кезектен тыс жер алуға мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы отбасыларына, педагогтар мен дәрігерлерге жеңілдіктер болды. Бұл сол кезде айтылған әңгімелер болар. Қазір жеңілдікпен жер беруге қатаң тыйым салынды. Бәрі де өз кезегінің келуін күтеді.

– Қазір қай жылы арыз бергендер жер алуда?

– 1999 – 2004 жылдар аралығында арыз бергендер.

– Тұрғындарды жеке сауалдары бойынша қай күндері қабылдайсыздар?

– Әр аптаның сәрсенбі күні сағат 14.30 бен 17.00 аралығында қабылдау жүргіземін. Бір қабылдауға он-жиырма, кейде одан да көп адам келеді. Көпшіліктің бабын тауып, көңілдерінен шығу оңай емес. Оның үстіне, келушілер де түрлі. Кейде қабылдаудың соңы айқай-шу, дау-дамайға ұласып жатады…

– Кәкім Қалидоллаұлы, байқаймыз, жұрт қара жерге кезекке он-он  бес жылдап тұрады. Бұл бір баспана бұйырмай жүрген қазаққа аз уақыт емес. Тезірек үйлі, не жерлі болудың басқадай амалы жоқ па?  

– Дұрыс айтасыз, жерге кезек өте көп. Бір-екі, не бес жылда келе қоятын жер жоқ. Сондықтан, мұның бірден-бір шешімі – «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспаналы болу. Әрине, оның да өз тәртібі бар. Біз жер алуда кезекте тұратын және «Нұрлы жермен» үйлі болғысы келетін 200-дей адамды «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісіне» жібергенімізде, тек он шақтысы ғана банк талабына сай келді. Қалғаны өтпей қалды. Себебі, салынатын үйдің құны шамамен 8,5-9 млн. теңге десек, болашақ қожайын соның 30 пайызын алдын ала төлеуі тиіс. Ал, бұл – кез келген тұрғынның қолында бола бермейтін қаражат.

– Штатта қанша қызметкер бар, жұмыстарыңызды үлгересіздер ме?

– Штатымызда небәрі 11 адам. Жұмыс көбейіп кеткенде, келісім-шартпен алған көмекші қызметкерлеріміз қарасады. Отырған орнымыз тар болғандықтан келушілерді қабылдауда біраз қиындықтар болады. Алдағы уақытта кең де жарық ғимаратқа көшеміз бе деп отырмыз.

Лиза Сейтімова

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*