ЖЕР – ЕҢ ҮЛКЕН БАЙЛЫҒЫМЫЗ

– Ғибрат Еркінұлы, жерге қатысты мәселеде заңдылықтың сақталуы қаншалықты деңгейде?

– Елімізде жер телімдерін пайдалану тиімділігі мемлекет заңдарымен шешімін тауып, құзырлы органдар халық игілігіндегі жерлердің мақсатты игерілуін қадағалап, түгендеу жүргізуді қолға алды. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ел Үкіметіне ауыл шаруашылығы және тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскелеріне түгендеу жүргізу туралы және облыс әкімі Б.Ізмұхамбетовтің жергілікті органдарға берген тапсырмаларына сәйкес, өткен жылы Атырау облысы бойынша аумақтық жер инспекциясымен бірқатар жұмыстар атқарылды.

Облыс бойынша аумақтық жер инспекциясы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 147 бабына сәйкес  жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын бірден-бір орган болып табылады. Осыған сәйкес былтыр 2114 тексеру жүргізіліп, 1800 заңбұзушылық анықталды. Жалпы жоспар бойынша – 118, ал жоспардан тыс 1996 тексеру жүргізілді. Бұл тексерудің тиімділігі 85 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар, 139 заңбұзушылық субъектісі анықталды. Осылайша, барлық заңбұзушылық әрекеттерге салынған айыппұл көлемі 22 миллион 428 мың 370 теңгені құрады.

– Айыппұл салумен қатар, басқа да шаралар бола ма?

– Инспекция жұмысының мақсаты –  айыппұл салу емес, заңдылықты сақтау. Сондықтан, заң шеңберінде қарастырылған заңдылықтарды басшылыққа алып жұмыс істейміз. Елбасы «Жер телімдері уақтылы игерілмесе, мемлекетке кері қайтарылуы керек» деген болатын. Соған сәйкес, қазіргі уақытта әртүрлі мақсаттағы ауылшаруашылық жерлерін де түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыс бойынша өткен жылғы ауылшаруашылық алқаптарын түгендеу жұмыстары барысында «Мемлекеттік ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институты» Жылыой және Мақат аудандарына арнап кесте жасақтады. Осы кесте бойынша екі ауданды қоса есептегенде 662,7 гектар шаруашылық алқаптарына түгендеу жұмыстары жүргізілді. Аталған жұмысты 100 пайызға орындаған «Мемлекеттік ауыл шаруашылығы  аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институты» жеңімпаз деп танылды.

– Жерлердің игерілуі қалай орындалуда?

– Жасыратыны жоқ, көптеген азаматтар белгілі бір мақсатта жер телімін алады да, оны игермей жүріп қалады. Сондықтан да, ондай жерлерді мемлекет өз меншігіне қайтаруды талап етеді. Мәселен, Махамбет ауданы бойынша ауыл шаруашылығын кәсіп етуге жер алып, алайда,  оны игермей отырған 204 жер пайдаланушы анықталды. Яғни, бұл дегеніміз – 15,567 мың га жер босқа жатыр дегенді білдіреді. Инспекция бұл тізім бойынша жан-жақты құқықтық талдау жұмыстарын жүргізді. Біріне ескерту, екіншілеріне кері қайтаруға нұсқама берілсе, енді біріне алдыңғы берген ескертулерге сәйкес жер учаскелерін мәжбүрлеп тартып алу үшін сот органдарына талап-арыздар дайындалуда. Ал, кейбір азаматтар жерді өз еріктерімен мемлекетке қайтарған. Мәліметтері толық болмаған 16  (көлемі 2,282 мың га) жер пайдаланушы бойынша аудандық әділет органдарынан мәліметтер алынып, қалалық ішкі істер органына тұрғылықты мекен-жайларын және телефондарын білу үшін хат жолданып, тексеріс жұмыстары жүргізілуде.

Атап айтқанда, Махамбет ауданы Ақтоғай селолық округінен ауыл шаруашылығы үшін 70 га жер учаскесін алған С.Шапиковке, 150 га жер учаскесін иеленген А.Сарсекеноваға, 30 га жер учаскесін алған А.Жекеновке, 600 га жер учаскесін иемденген К.Касымжановаға, 100 га, 80 га, 2 га үш  жер учаскесін алған К.Касымовқа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 251 бабына сай әкімшілік іс  қозғалып, бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, жазбаша ескертулер берілді. Сонымен қатар, Махамбет ауданынан ауыл шаруашылығы үшін беріліп, қазіргі таңда А.Тұхфатов, К.Қощанов, К.Кабдешов секілді азаматтар нысаналы мақсатына сай игеріп отырғандықтары анықталып отыр.  Сондай-ақ, бүгінгі күні Махамбет ауданы бойынша ауыл шаруашылығы үшін берілген жер учаскелерін мақсатына сай игермеуіне байланысты 11 жер учаскесін мемлекеттік жер қорына қайтару үшін Махамбет аудандық сотына талап-арыз жолданды. Мұндай жұмыстар жыл бойы жүргізіле береді.

Индер ауданы бойынша даауыл шаруашылығы мақсатына алып,игермей отырған – 15 (көлемі 4,324 мың га),Қызылқоғада18 (көлемі 26,613 мың га)жер пайдаланушының тізімі анықталып, құқықтық талдау жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ, Атырау қалалық жер қатынастары бөлімінен ортақ талапты бұзған үш жер пайдаланушының және Қайыршақты селолық округі әкімдігінен он бес  жер пайдаланушының да құжаттары түсті. Тағы да сегіз жер пайдаланушының құжаттары азаматтық құқықтық талаптарға сәйкес біржақты бұзу арқылы жер учаскелерін мемлекеттік жер қорына қайтару үшін кері жолданды.

– Жер алған азаматтардың заң талабын түсінуі және оны орындауы қалай? Жалпы, сіздер берген ескерту уақтылы түзеле ме?

– Өкінішке орай, олай емес.Соның ішінде жеке сектор, жеке тұрғын үй үшін берілетін жер телімін тексеру де біраз тер төгуді қажет етеді. Адамдардың жер алсам, үй салсам деген мұратын түсінуге болады, әйтсе де, оны уақытында орындауға тырысу да жауапкершілікті талап етеді ғой. Өткен жылы аумақтық жер инспекциясына облыс бойынша тұрғын үй құрылысы үшін беріліп, бүгінгі күнге дейін игерілмей отырған 2007 құжат түсті. Жылыой ауданынан – 1135, Махамбеттен – 509, Құрманғазыдан – 107, Индерден – 44, Исатайдан – 48, Қызылқоғадан – 3, Атырау қаласынан  161 құжат түсіп, инспекция мамандарымен құқықтық талдау жұмыстары жүргізілді.

Атырау қаласынан өткен жылдың желтоқсан айының 10 мен 20 аралығында 161 құжаттың ішінен 72 жер пайдаланушының жалға алған  жер учаскесін біржақты бұзып, мемлекет қорына қайтару жөнінде ұсыныс берілді. Қалған тоғыз адамның ҚР Жер кодексінің талаптарына сәйкес игеру мерзімдері әлі толмаған. Тағы  80 құжат бойынша ҚР Жер кодексінің  92 бабына сәйкес жазбаша ескертулер жолданды.

Махамбет ауданынан желтоқсан айының басында келіп түскен 509 құжат бойынша ескертулер дайындалып, оларға жеткізілді. Бүгінгі таңда сол ескертулердің 325іжер пайдаланушыларға табысталып, нәтижесінде екі жер учаскесі игерілген. Жылыойдан келген 1135 құжат бойынша 1029 жазбаша ескерту дайындалып, соның 438-і жер иелеріне жолданды. Ал, 45 жер телімі қайтадан мемлекеттің мешігіне өтті. Құрманғазы ауданынан – 107, Исатайдан – 43,  Индерден – 37,  Қызылқоғадан    3  жер пайдаланушыға ҚР Жер кодексінің 92 бабына сәйкес шаралар қолданылды.Тұрғындар атқарып отырған бұл жұмыстарымыздың барлығын да жерді тиімді де мақсатты пайдалану үшін жүргізілуде деп түсінулері тиіс.

– Заңсыз жер беру деректері тіркелді ме?

–  Заңсыз жер беруге ешкімнің де құқы жоқ. Алайда, тексеру барысында ондай жайттарға да кезіктік. Кейде құзырлы мемлекеттік органдардың заңға қайшы шешім шығаратындары болады. Осыған байланысты Атырау облыстық әкімдігімен және облыстық прокуратура органдарымен бірлесіп, бірқатар жұмыстар атқарылды.

Атап айтқанда, инспекциямен сот органдарына өткен жылдың 10 айында барлығы 58 талап-арыз жолданып, олардың 55-і бойынша соттың шешімдері қабылданды. Ал, олардың 37-і қанағаттандырылып, барлық көлемі 410 га жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Соның ішінде, Атырау қаласы бойынша негізсіз жекеменшікке берілген жерлерді мемлекетке қайтару мақсатында сотқа 20 талап-арыз беріліп, олардың 15-і толықтай қанағаттандырылды. Мәселен, көп қабатты тұрғын үйлер алаңынан берілген жерлер мемлекетке кері қайтарылып, ол маңға балалардың спорт алаңдары салынды.

Заңсыз жер иеленуге ешқашан да жол берілмейді. Жерге қатысты даулы мәселелер әрқашан заңды негізде мемлекет пен халық пайдасына шешіліп отырады. Жер – бабалардың біздің ұрпаққа қалдырған бай мұрасы, оны үнемді пайдалану  міндетіміз екенін ұмытпайық.

– Әңгімеңізге рахмет!

Диас НАУРЫЗӘЛИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*