ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ЖОЛЫН КЕС!..

 Бекіре  ұрлаған браконьерлер

Анау-мынау емес, миллиардтаған қаражатқа қатысты мәселе айтылған брифинг барысында облыстық прокуратураның әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бағытында атқарған өзге де жұмыстары сөз болды. Мәселен, былтыр орын алған жол-көлік оқиғалары алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,7 пайызға азайған. «2013 жылы облыс көлемінде 450 жол апаты тіркеліп, 108 адам көз жұмған еді. Ал, былтыр мұндай оқиға 384 рет тіркелді. Апат салдарынан 77 адам қаза болды. Жалпы, мұндай оқиғалардың алдын алу үшін, профилактикалық жұмыстар үздіксіз жүргізіліп отырады» дейді облыс прокурорының орынбасары.

Браконьерлікпен күрес жұмыстары да нақты нәтиже бергенге ұқсайды. Құзырлы органның мәліметінше, жүргізілген арнайы операциялар аясында заңсыз айналымға түскен 64 тоннадан астам балық тәркіленген. «Соның ішінде, бекіре балығының 3 тоннасы, уылдырықтың 35 килограмы тәркіленді. Біздің негізгі бағытымыз аталған саладағы қылмыстың алдын-алу болып табылады» деп атап өтті  Серік Шалабаев.

Тағы бір жаңалық, облыстық прокуратура еңбек дауына байланысты проблемалардың түпкілікті шешілуіне қол жеткізіпті. Мәселен, өткен жылы үш мыңнан астам жұмысшының пайдасына 94 миллион теңге өндірілді. Бұдан бөлек, бүгінде банкрот болып танылған «Атыраубалық» АҚ мен «АСД» ЖШС-нен жұмысшыларға төленбей келген 48 миллион теңге көлеміндегі еңбекақы толығымен өндірілді. Қарапайым халықтың құқығын қорғаудағы жұмыстардың бірі ретінде, қатты-тұрмыстық қалдықтарды тасымалдауға байланысты заңсыз бекітілген тарифтің Жылыой аудандық прокурорының наразылығымен алынып тасталғанын атап өтуге болады.

 

Игерілмеген жер әлі  көп

«Мұғалім болмасаң да, сабақ бер!». Өкінішке орай, жүргізілген тексерулер кейбір мектеп басшыларының осындай принциппен жұмыс жасағанын көрсетіп отыр. Брифинг барысында белгілі болғанындай, біліктілігі сәйкес емес 16 мұғалім жұмыстан босатылған. 14 қызметкер басқа лауазымға ауыстырылып, 42-сі жоғары оқу орнына түсіпті. Мектеп дегеннен шығады, өткен жылы құзырлы орган сегіз мыңнан астам жасөспірімге құқықтық көмек көрсетіпті. Атап айтқанда, қамқорлықсыз қалған алты баланың пайдасына алимент өндіріліп, төрт балаға асыраушы тағайындалған.

Өткен жыл жер мәселесі бойынша да біраз былықтарға толы болғанға ұқсайды. Қолда бар деректер өткен жылы жалпы құны 2 миллиард теңгені құрайтын 86 жер учаскесінің мемлекет меншігіне қайтарылғанын айтады. «Облыстық жер инспекциясы тарапынан кәмелет жасқа толмағандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту, жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтаруды мерзімінен бұрын талап ету сынды өзге де заң бұзу фактілері орын алған. Айыптылар тиісті жазаға тартылды» дейді С.Шалабаев. Кәсіпкерлерді қорғау, жекелеген азаматтардың арыз-шағымы, жемқорлықпен күрес сынды өзге де мәселелер талқыланған брифинг одан әрі журналистер тарапынан қойылған сұрақтармен жалғасты.

 

Мектептерде психологтар жетіспейді

Бізді қызықтырғаны «терроризм бабымен сотталғандардың отбасы тарапынан қандай ма бір агрессиялық белгілер  болды ма? Атыраулық жастардың Сирияға аттанған оқиғаларынан кейін прокуратура тарапынан қандай жұмыстар қолға алынып жатыр?» деген мәселе еді. Жақыны түрмеге түскен топтардың туыстары тарапынан агрессиялық іс-әрекеттердің байқалмағандығын айтқан  облыс прокурорының орынбасары жалпы бұл мәселеде өңіріміздегі Дін істері басқармасымен нақты жұмыстардың қолға алынғандығын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде шет елден білім алып келген 17 адам тіркеуге алынған. Олармен арада түсінік жұмыстары жүргізіліп отыр.

Журналистерді қызықтырған тағы бір мәселе жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын-алу жайы болды. Бұл орайда құзырлы орган өкілі жеткіншектер жиі баратын суицид оқиғаларының белгілі бір деңгейде, атап айтқанда 66,7  пайыздан  66 пайызға дейін азайғандығын атап өтті. «Өкінішке орай, мектептерде психолог мамандар жетіспейді. Болған жағдайда да біліктілігі төмен болып жатады» деп білім саласындағы күрделі проблеманың шетін шығарған облыс прокурорының орынбасары журналистер тарапынан қойылған өзге де сұрақтарға жауап берді.

 

Тақырыпқа тұздық немесе цифрлар не дейді?

Өткен жылы прокурорлар 17 мың заң  бұзушылықты анықтап, оларды жоюға бағытталған нақты шаралар қабылдаған. 901 заңсыз құқықтық актінің күші жойылып, 62 мыңнан астам азаматтың құқығы қалпына келтірілген. 2,5 мыңнан астам адам түрлі жауапкершілікке тартылып, 41 азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Аймақтағы криминогендік ахуал 2013 жылмен салыстырғанда 2,2%-ға төмендеген. Атап айтқанда, аса ауыр емес қылмыстар – 1373-тен 1112-ге, ауыр қылмыстар – 865-тен 743-ке және тіркелген аса ауыр қылмыстар саны – 66-дан 42-ге дейін азайған.

Бірақ, ауырлығы орташа қылмыстардың салыстырмалы түрде 4%-ға өскендігі көрініп отыр. Цифрға шағып көрсеткенде аталған қылмыс түрі 5795-тен 6025-ке дейін өскен. Бұл жөнінде облыстық прокуратураның алқа мәжілісінде өңірдің бас прокуроры Ғалымжан Тоғызбаев мәлімдеді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*