ЖЕМҚОРЛЫҚ – ӘЛЕУМЕТТІК ҚАСІРЕТ

Облысқа іссапармен келген Өңірлік даму министрлігінің өкілдері «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресудің құқықтық негізі» тақырыбы сөз етілген жиында қоғам діңгегіне түскен жегіқұртты жоюда атқарылып жатқан және атқарылуға тиісті істер төңірегінде келелі әңгіме өрбітті. Семинарға, сонымен бірге, облыстық жер қатынастары басқармасының, қалалық жер қатынастар бөлімінің, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің, «Жер ғылыми өндірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Атырау филиалы басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Өңірлік даму министрлігі Заң департаментінің құқықтық актілерді сараптау және талап қою жұмыстары басқармасының басшысы Жанна Сүйінбаева атап өткеніндей, жемқорлықпен күрес – қоғамның бүгінгі күндегі алға қойып отырған басты мәселесі дейтін болсақ, ҚР «Жемқорлыққа қарсы әрекет туралы» Заң жобасы аталмыш «жегіқұртқа» қарсы әрекет саласындағы құқықтық базаны әрі қарай жетілдіру мақсатында әзірленіп отыр. Заң жобасының ерекшелігі сол, жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыру мәселелеріне мемлекет саясатының маңызды бөлігі ретінде мән беру.
Қазіргі таңда жемқорлықпен күрес шарасы – бір ғана мемлекет емес, бүкіл әлем елдеріне ортақ маңызды мәселе. Бұл-«Нұр Отан» партиясының да негізгі жұмыс бағыттарының бірі. Сыбайлас жемқорлықпен күрес үнемі жаңа шешімдерді іздеуді, оның ішінде еліміздің саяси және қоғамдық күштерін нығайтуды қажет етеді. Аталмыш министрліктің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің лицензиялау басқармасының сарапшысы Мұхит Рүстемов мәлімдегеніндей, сыбайлас жемқорлыққа жол беретіндердің дені – әкімшілік қызметкерлері, ал, қылмыстың көбі құқықтық сауатсыздықтан орын алып отыр.
– Көптеген мекемелер түрлі себеппен уақытында құжаттарын жинай алмай немесе лицензия алу үшін құжаттарын рәсімдей алмай жатады да, сол құзырлы орындағы қызметкерлерге пара беруге тырысады. Өйткені, біздің саламыз құрылыспен байланысты болғандықтан, бұл жерде алаяқтардың да болатыны анық, аз уақытта лицензияны алып беретінін айтып, алдап, қомақты қаражатқа ие болады. Олар көбіне аталмыш органда «танысым, жақыным жасайды» деп алдаусыратады, – деп сөзін сабақтады Мұхит Омарұлы.
Өңірлік даму министрлігінің мемлекеттік қызметшілер этикасын сақтауды бақылау басқармасының басшысы Қанат Сапарбеков «Жемқорлықпен күрес күшейсе ғана оны ауыздықтауға болады, ол үшін алдымен, мемлекеттік қызметкер өз ісіне жауапкершілікпен қарап, сыбайлас жемқорлық фактісінің алдын алғаны дұрыс» дей келіп, ол үшін әрбір адам кеселді көрсе де, көрмегендей кейіп танытатын көзжұмбайлықтан арылуы тиістігін жеткізді.
Басқосу барысында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Сайын Қуанышев, «Жер ғылыми өндірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Атырау филиалының директоры Қамбар Теміров сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында жүргізілген жұмыстарынан ақпарат беріп, жоспарлы іс-шаралар негізінде нақты жұмыстардың жалғасын таба беретінін атап айтты.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*