Жем бойындағы жобалар

Биыл Жылыой ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 5 трлн. 354 млрд. теңгені құрады. Аудандық бюджетке түсетін кірістің көлемі  ұлғаюда. Қазыналы өңірге қатысты осы және өзге жаңалықтар туралы Жылыой ауданының әкімі Азамат БЕКЕТ айтып берді.

IMG_3586

Аумағында алып компаниялар қызмет ететін Жылыойда құрылыстың көлемі 337 млрд. 100 млн. теңгені құрады. Аудан орталығындағы жаңа өнер мектебі келесі жылдың наурызында пайдалануға беріледі. Құлсары қаласындағы Болашақ, Атырау ықшамаудандарына және Жаңа Қаратон кентіне ауыз су құбырлары тартылып жатыр. Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша аудандық орталық кітапхана мен мұражайдың жаңа типтегі ғимарат құрылысы басталды. Сондай-ақ, Береке, Мұрагер  ықшамаудандарында 280 орындық екі балабақша бой көтеріп келеді. Құлсары қаласындағы №5 мектепке қосымша 300 орындық оқу орны тұрғызылып жатыр.  «Игілік» бағдарламасы аясында Майкөмген ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешені мен 100 орындық балабақшаның құрылысы аяқталуға таялды.

– Жылыой ауданының жылдар бойғы проблемасы – ауыз суға қатысты. Осы түйін қалай шешімін тауып отыр?

– Бұрын аудан жылына 9300 текше метр су алып келген еді. Биыл оның мөлшерін ұлғайтып, келесі жылы 13 мың текше метрге жеткізу туралы «КазТрансОйл» компаниясына ұсыныс берілді. Дегенмен, проблема кешенді түрде шешім қабылдауды қажет етеді. «Астрахан-Маңғышлақ» магистралды су құбырын жаңғырту мәселесі соның бастысы.

– Жергілікті жерден су көздерін іздестірудің, табудың мүмкіндігі қандай?

–Жылыой ауданының аумағынан ауыз су көздерін табу мақсатында іздестіру жұмыстары жүргізілді. Соған байланысты бірнеше жоба қолға алынғанымен, оның жүзеге асуы әзірге мүмкін болмай тұр. Оған себеп – табылған су көзінің ащылығында. Мәселені кешенді түрде шешу үшін суды тазалайтын, оны тұшытатын құрылғылар орнату қажет. Ондай қондырғыны алуға көп қаржы керек. Әрі технологиялар өте күрделі саналады. Соған қарамастан, біз осы мақсатта инвесторлармен, басқа да мүдделі тараптармен келіссөз жүргізіп жатырмыз.

– Жергілікті жердегі қылмыстық ахуал тұрақты ма?

– Өмір болғаннан соң, келеңсіз жағдайлар кездесіп жатады. Дегенмен, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу шараларының нәтижесінде қылмыс санының төмендеп келе жатқаны байқалады. Аудан бойынша 453 қылмыс тіркелді, оның 205-і ұрлық, 36-ы жол-көлік оқиғасы. Әртүрлі әкімшілік құқықбұзушылық әрекеттер бойынша жол полициясы, көші-қон полициясы, учаскелік полиция инспекторлары, кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары міндеттеріне сәйкес, жүйелі жұмыс жасауда. Ауданда 12206 адамға 110 млн. теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 60 млн. теңгесі бюджетке өндірілді.

– Аудан мектептерінің маманмен қамтылуы қалай?

– Жергілікті жерде 31 ұстазға қажеттілік болып тұр. Бұл орыс сыныптарындағы математика, физика, бастауыш сынып, қазақ сыныптарындағы орыс тілі, алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімдері еді. 2018-2019 оқу жылы бойынша білім беру саласында ауданымызда 20 жалпы орта білім беретін мектеп жұмыс жасауда. Білім сапасы 55,4 пайызды құрап, өткен оқу жылының осы кезеңімен салыстырғанда 4,1 пайызға  өсті. Мектептер толықтай интернет жүйесіне қосылған. Аудан мектептерінде 1577 мұғалім дәріс береді. Биыл 66 маман жұмысқа орналастырылды. «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша 5 жас маман келді.

 

Азамат Базарбаев

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*