Жеңістен кейінгі жылдарда

«Атырау-Ақпарат» ЖШС мен Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мемлекеттік архивінің бірлескен жобасы

Галиев Сәлімжан Фазылұлы 1946 жылғы 18-19 қыркүйектегі  Гурьев облысы партия комитетінің ХVІІ пленумы шешімімен Гурьев облысы партия комитетінің І хатшысы болып сайланады.

894859f070eea42e9

Әбілсейіт МҰҚТАР,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

Атырау облысы мемлекеттік архиві басшысы:

Өзге өңірденмұнайлы мекенге!

Сәлімжан Галиев облыста бұрын жұмыс жасамаған жаңа адам болатын. Ол жеке ісінде «1910 жылы Қостанай облысы Обаған ауданы №1 ауылда дүниеге келдім. 1935-1936 жылдары Семей қаласындағы мұғалімдер институтын, 1936-1938 жылдары Свердловск қаласындағы педагогика институтының тарих факультетін бітірдім. Осы жылдары Петропавловск қаласында педагогика институтының оқытушысы, директоры, 1938-1939 жылдары Петропавловскідегі облыстық партия курсы оқытушысы, 1939 жылы осы қалада облыстық партия комитетінде баспасөз насихаты бөлімінің меңгерушісі, 1939-1942 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің ІІ хатшысы, 1942-1944  жылдары Солтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің үгіт және насихат бойынша хатшысы, 1944 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің үгіт және насихат бойынша хатшысы, 1944-1946 жылдары осы облыстың партия комитетінің ІІ хатшысы болдым» деп жазған.

ХVІІ  пленумға облыс партия комитеті хатшылары Н.Қамбаров, Төлебаев, 8 ауданның басшылары С.Өтебаев (Жылқоса ауданы), К.Тәжібаев (Есбол ауданы), М.Тарасов (Теңіз  ауданы), М.Қостамбаев (Новобогат ауданы), А.Өтегенов (Бақсай ауданы), М.Мұхтаров (Қызылқоға ауданы), К.Оспанов (Мақат ауданы), Нуруллин (Шевченко ауданы) қатысып, жергілікті кадрларға және мал шаруашылығына назар аударады. Оның алғашқы дәлелі кезінде облыс басшысы болған С.И.Кругловқа сын айтып, көп ұзамай оқуға жіберілген  К.Дощановты Бақсай ауданы партия комитетіне І хатшы етіп тағайындауы болды. Мұның өзі жергілікті мамандарға деген сенімді күшейтеді.

Міндет пен меже

Ол уақыт созбай ауыл шаруашылығымен танысып, 1946 жылы Азиялық шегірткенің 58 мың гектарға созылған егістік алқабы мен шабындықты отауына байланысты мәселелерді қолға алады. Шегіртке шабуылынан Гурьев қаласы маңы, Бақсай, Новобогат, Теңіз аудандары қатты зардап шеккен-ді. С.Галиев 1946 жылы 23 қазанда мәселені арнайы мамандармен талқыға салып, 1947 жылы оның алдын алу жолдарын қарастырады. Алдымен, жұмысты ұйымдастыра алмаған шегірткеге қарсы күрес экспедиция басшысы Аловягинді қызметінен босатып, әрбір ауданға қажетті материалдарды жеткізуге, арнайы самолеттерді бөлуге, тиісті мамандарды курстардан өткізуге тапсырмалар береді. Тез арада үкіметтен 125 тонна арсенит-кальций, 5 самолет сұралады.

Бұл кезеңде мұнай кәсіпшіліктерінде де біраз кемшіліктер анықталады. Мәселен, Қошқар, Құлсары кәсіпшіліктері қабылданған жоспарын орындамаса, электростанциялардың жиі істен шығуы, Байшонастағы Тентексор барлауында 310 тонна мұнайды қосып жазғаны, жанар-жағармайларды артық пайдаланғаны белгілі болады.

Араға уақыт сала 15 қарашада партия бюросында мұнай өнеркәсібінде еңбек ететін жұмысшылар мен қызметкерлердің материалдық-тұрмыстық жағдайы арнайы қаралады. Нәтижесінде Қошқар, Тентексор, Комсомольск кәсіпшіліктерінде мұнайшылардың жертөледе тұратыны, бар жатақхананың санитарлық жағдайының еш сын көтермейтіні, тұрғын үй бөлудегі кемшіліктер баса айтылады.

Жөнсіздіктерге жол жоқ!

1947  жылы мұнай өндіру 101,4%, электрэнергетика 110,1%, мұнай айдау және құю 106,6%, балық өндіру 113,8%, сатып алу және дайындау 101, 6%, Индер борат 113,3%, темір жол бөлімшесі тасымалдау 118,7%, байланыс кәсіпорындары жылдық кірісін 105,9%-ға орындаған. Ауыл шаруашылығында да өсім байқалады. Соның ішінде колхоздардағы егістік аумақтары 14%-ға ұлғайып, дәнді дақылдар 1946 жылдағы 7,5 центнерден 11,5 центнерге жеткен.

Дегенмен, осы жылы облыста заңсыздықтарға да жол беріледі. Ол 1947 жылдың 16 желтоқсанындағы ҚК(б)П Орталық комитеті «Гурьев облысы тұрғындарынан заңсыз қаражат жинау фактілері туралы» қаулысында айқын көрініс табады. Мұның өзі С.Ф.Галиев басқарған облыс үшін үлкен сын болатын. Қаулы 1948 жылы 4 қаңтарда Гурьев облысы партия комитеті бюро мәжілісінде қаралады. Ол бойынша Жылыой ауданында соғыс ардагерлері мен соғыстан оралмағандар жанұясына көмектесу мақсатында елден қаржылай көмек жиналғаны анықталады. Мұндай қаржы 1946 жылы жиналып 750 мың сомды құраған болатын. Тексеру барысында облыстың тыйым салуына қарамастан аудан басшылығының көпшіліктен қаражат жинағаны белгілі болады. Қорытындысында Жылыой аудандық партия комитетінің 1947 жылғы 8 наурыздағы шешімі заңсыз деп табылады.

Сонымен қатар, С.Галиев 1948 жылы қала, аудан және жұмысшы поселкелерінің дамуына көңіл бөледі. Өйткені, бөлінген қаржының игерілмеуі, жұмсалған қаржының нәтиже бермеуі жиі көтерілетін. Облыстың 1947 жылғы 27 тамыздағы «Гурьев қаласының жабдықталуы жайы» туралы қаулысы іс жүзіне аспады. Мұны ескерген бюро ҚК(б)П Орталық комитетінен  1948 жылы Гурьевте арнайы құрылыс тресін, тиісінше бөлімшелерін ашуды және Қызылқоға ауданында Кеңестер үйін салуды ұсынады.

Мал басы неге азайды?

Бұл жылдары Гурьев облысы бекітілген мемлекеттік жоспарға сәйкес мал шаруашылығына, оның өсіміне ерекше назар аударады. Соған қарамастан мал қыстату, оған дайындық, азық-түлік дайындау мәселелері шешімін таба алмады. Мұның өзі мемлекеттік жоспардың жергілікті жердің мүмкіндігі ескерілмей жасалғанын дәлелдеді. Мәселен, Гурьев облысына тек ірі қараны 1949 жылы 171 мың, 1950 жылы 178 мың, 1951 жылы 200 мың басқа, ал, қойды 1948 жылы 1.164 мың, 1950 жылы 1.420 мың, 1951 жылы 1.780 мың басқа жеткізу жүктеледі.

Нәтижесінде облыста мал шаруашылығындағы қордаланған мәселелер, соның ішінде оларға қажетті тұрақты азық-түлік  базаларын құру, малды қыстату, колхозшылардың тұрғын-тұрмыс жағдайын жақсарту, мал қоймаларын жөндеу және құрылыс мәселелерінің  нашар ұйымдастырылғаны өз зардабын әкелді. Соңында Гурьев облысындағы мал шаруашылығында көзбояушылықтың  кеңінен орын алғаны анықталады. Ең бастысы, мал басы 1949 жылы 20 мыңға, 1950 жылдың қаңтар-мамыр айы аралығында 500 мыңға азаяды. Мұны басты назарға алған  Орталық комитет атынан келген С.Круглов С.Галиевті қызметінен босатуды ұсынады. 1950 жылы 1 маусымда өткен Гурьев облысы партия комитетінің V пленумы Орталық комитет шешімімен келісіп, оны І хатшы қызметінен босатып, орнына С.Полымбетовты тағайындайды.

Кейін С.Галиев Шығыс Қазақстан облысы партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады. Ал, 1952 жылы Көкшетау облысы Кеңесі Атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына бекітіледі. Көп ұзамай 1954 жылы 13 желтоқсанда қайтыс болады.

Өлке тарихына құрметтің белгісі

Бұл жаңа жоба зиялы қауым, қарапайым оқырмандар тарапынан жоғары қызығушылықпен  қабылданды.

Осынау бастама, ақиқатына келгенде тек өңір тарихының тың тұстарын танытып қана қоймай, жаңа зерттеулерге де сілкініс жасағандай. Жобадан туындайтын бастамалар жалғасын табады деген сенімдеміз. Айта кеткен жөн, аталмыш идеяның «Атырау-Ақпарат» ЖШС тарапынан қолдау табуы қуантады. Өйткені, осындай жобалардың газет бетіне жариялануы арқылы көбірек оқырмандарды тартып, жастардың өлке тарихына деген қызығушылығын арттыруымыз керек.

Болат НЫҒМЕТОВ,

Атырау мұнай және газ университетінің кафедра меңгерушісі,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Игі бастама, жақсы жоба екен

«Елі тұлғаларын мақтан етеді» жобасының материалдарын қайыра басқан «Президент және халық» газетінен оқып таныстым. Сөз жоқ, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндесетін тың бастама.

Атырау облысының құрылғанына 80 жыл болғанымен оның дамуына, елінің көркеюіне үлесін қосқан тұлғалар тарихы қазір жиі айтыла бермейді. Олардың сіңірген еңбектерін  мұрағат деректерімен зерделеу, оқырманға жеткізу аса маңызды. Ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз осы. Жоба республикамыздың өзге аймақтарында да қолға алынса орынды болар еді.

Хангелді ӘБЖАНОВ,

ҚРҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор

(Алматы қаласы)

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*