ЖЕҢІСКЕ ЖІГЕРЛЕНДІРГЕН ЖҰМАБАЙ

 

Жаңылмасам, 1952 жылы мектеп директоры болып Сидуали Мұнарбаев деген қызылордалық азамат тағайындалды да, Жұмекең мектеп жанындағы интернаттың меңгерушісі болып істеді. Ол кезде бұрынғы Айбас, Бабан, Орпа сияқты шалғай ауылдардан келген балалар интернатта жатып оқиды. Мұғалім – тәрбиешілердің ұйғаруымен мені қоғамдық негіздегі жатақхана комитетінің жетекшісі етіп қойды. Міндетім – интернаттағы тәртіп пен тазалық жағын қадағалап, тәрбиешілерге қолғабыс беру. Осы кезден бастап интернат балаларының арасында «житком» атанып кеттім.
Бірде Жұмабай аға біз жатқан бөлмеге бас сұқты. Бұл кезде балалардың көбі мектепте еді. Бөлмеде менен басқа Сағын Жалмышев, Қабдол Аманов, Ізғали Фазылов деген оқушылар бар болатынбыз. Жұмабай аға жағдайымызды сұрап білмек болып «бөлмелерің жылы ма, қарындарың ашпай ма, мұқтаждарың бар ма?» – деп сұрады. Біз жағдайымыздың жақсы екенін айттық.
Сейіткерей Жұмекеңе мен жақты нұсқап: «осындағы житком, Ғабдешев деген шәкіртіміз» – деді, осы сәт Жұмекеңнің менің үсті-басыма көзі түскенін сездім. – Житком дейсіңдер, бетке ұстар оқушыларымыздың бірі дейсіңдер, киімі тозыпты ғой, қатарынан кем етпей, киім беріңдер, – деді Сейіткерейге қарап. Интернатта мұқтаж балаларға киім берілуші еді. Сөйтіп, бір апта төңірегінде өзіме шақ бүрме балақ шалбар, вельвет пиджак киетін болдым. Біраз әңгімелескеннен кейін бөлмелерді аралап шығып, «тұрған орындарыңды таза ұстаңдар» деп кетуге ыңғайланды. Жұмекең ой үстінде кетті, интернат жағдайын, балалардың болашағын ойлады ма, кім білсін…
Жұмабай Мырзағалиев –ұстаздардың ұстазы атанған адам. Бұл – оның ұстаздық қарым-қабілетіне, кісілік қасиетіне, азаматтық арының тазалығына орай берілген баға, халықтық сенім. Ол әріптес болған азаматтарды да, жас ұрпақты да жақсылыққа, кісілікке, инабаттылыққа тәрбиеледі. Педагогикалық ұжым мүшелерінің біріне әкесіндей қамқор, біріне ағасындай ақылшы болды. Әр шәкіртінің білімдар, өнерлі болғанын қалады. Жұмысы жемісті болды. Бағы жүрді. Басы айналған жоқ. Талабы өрге өрледі. Тасыған жоқ. Талайдың жолын, көңілін көріктендіріп, еңсесін биіктетті.
Жас ұрпаққа білім, тәрбие беру ісіне зор үлес қосқан ұлағатты ұстаз 1968 жылы Алматыда дүниеден озды. Жұмекеңнің 40-ыншы жылдары облыстық газет редакциясында бөлім меңгерушісі болып істегенін біреу білсе, біреу білмейді. Ол бұқара халықты Отан соғысында мұқалмас күш-жігер танытуға, намыс туын жоғары үстай білуге үндеп, еңбекшілерді соғыстан кейінгі жылдарда кетеуі кеткен халық шаруашылығын тезірек қалпына келтіруге жұмылдыру ісіне белсенді қатысушылардың бірі болды.
-1948 жылдың басында, – деп еске алады Атыраудың абыз ақсақалдарының бірі Айдын Айбаров, – облыстық «Социалистік Құрылыс» (қазіргі «Атырау») газеті редакциясының әдеби қызметкері болып жұмысқа орналастым. Арнаулы білімім, газетте қызмет істеген тәжірибем жоқ болатын. Сондықтан, ілкі әзірде редакцияда жұмыс істеу оңай болмады. Бірақ сол тұста бөлім бастығы болған Жұмекең – Жұмабай Мырзағалиев, редактор Мәди Байтұрсынов, оның орынбасары Уәжит Машанов, басқа да журналистер маған көмегін аяған жоқ, газет ісіне үйреніп кетуіме себепкер болды. Олардың жақсылығы менің есімде.
Нарынды мекендеген тұрғындардың дені қоныс аударуына байланысты Максим Горький атындағы мектеп құм-шағылдан бері жылжып, Чапаев селосына көшіп келді. Селоның өзі Тұщықұдық деп аталатын болды. 1992 жылы М.Горький мектебінің аты өзгертіліп, Жұмабай Мырзағалиев атындағы орта мектеп болып аталды.
1997 жылы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің негізі қаланғанына 80 жыл және Жұмекеңнің туғанына 90 жыл толуы салтанатты жағдайда атап өтілді. Халық көп жиналды. Алматыдан Жұмекеңнің ұлы – қоғам қайраткері Ғибатолла Мырзағалиев пен келіні республикаға еңбегі сіңген әртіс, әнші Венера Қармысова келді. Облыс, аудан орталықтарынан қонақтар, мектептің алдыңғы, кейінгі толқын түлектері қатысты. Мектеп туралы, Жұмекең туралы көп айтылды. Сөйлеушілердің лебіз- пікірлерін тыңдап, зерделегенде, оның өз заманының алдыңғы қатарлы зиялы азаматтарының бірі болғанына анығырақ көз жеткізгендей болдық. Біреулері өзі, енді біреулері сөзі арқылы ұстаздың мерейін асырды. Өзін де, сөзін де үлгі етті.
Иә, ол жайсаң мінезді аға, парасат-пайымды, байсалды басшы, ұлағатты педагог, журналист ретінде ел есінде мәңгі сақтала береді…

Құмарғали ҒАБДЕШҰЛЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*