ЖЕҢІСБАЙДЫҢ ЖЕҢІСІ

Топайлы ол кезде кеңшар фермасының орталығы болатын. Жеңісбай аудандық сақтандыру мекемесінің осы жердегі инспекторы болып қызмет етті. 1987-1992 жылдар аралығында байланыс бөлімшесінің басқарушысы болды. Бірақ, елімізде тәуелсіздіктің таңы алғаш атқан кезең ауыл адамдарына тіптен қиын тигені даусыз. Жеңісбай мен Бақтылының да шаңырағында төрт ұл мен үш қыз бірінің өкшесін бірі басып өсті. Бала-шағаның қамын ойлаған Бақтылы ала дорбаны асынып, анда-мында барып саудамен айналысқысы келген. Бірақ, оның да оңтайы келе бермеді. Екеуінің де күндіз-түні ойларынан шықпайтыны «ертеңгі күніміз не болады, бала-шағаны қалай асыраймыз, қалай күн көреміз?» еді. Қолда азын-аулақ мал бар.

 – Бақтылы, – деді бір күні Жеңісбай жұлып алғандай. – Мына түрімізбен қайда барамыз? Сенің аз-мұздап тапқаныңнан не талғажау көреміз? Одан да мына жұрт секілді кәсіп етпейміз бе? Құдайға шүкір, бірер қара малымыз бар, соның өзімізден ауысқан сүтін сатайық, шаруашылық құрайық. Осы атамыз қазақ кәсіп еткен мал түбінде бізді бір мақсатқа жеткізеді. Көресің!

Жұбайының ширыға айтқан сөзі Бақтылының да жанына жаға кетті. «Қайдам, бұрын мұндай шаруаға қолың бата бермейтін еді, сірә, қиындық жаныңа батайын деген-ау сенің де»,-деп әзілдей көз тастаған бұл да.

Сол-ақ екен, Жеңісбай Бақтылысымен өздерінше шындап іске кіріскен. Үйде нашарлау болса да жүруге жарайтын ескі «Москвич» көлігі болатын. Қақалып-шашалуы көп болса да сол машина кәдеге жарады. Сауылған сүтті құйып алып екеуі жақын жер ғой, сауда да жүрер деп Махамбетке келетін. Сөйтіп, желкілдеп өсіп қалған ұл-қыздарын да еңбекке жетеледі. Біреулері мал бақса, біреулері сауым басында жүретін. Өзі құрған қожалыққа тиесілі жерге киіз үй тігіп, мал саууды жалғастырды.

 Шаруагер ешқашан ерінген емес, бір нәрсені ойласа соның артын түгендеуге құштар. Балаларын да жастайынан соған үйреткен. Осылайша, «Досқайыров» шаруа қожалығын құрды. Несие де алды. Еңбектің жемісі қашан да тәтті. Жеңісбайдың бұрынғы қоңырқай тірлігіне өң кіре бастады. Баяғы сол «Москвичімен» шапқылап жүріп аудандағы көптеген балабақшаларды сүтпен қамтитын болды. Мектепке дейінгі мекемелерді сүт өнімдерімен қамтуды «Досқайыров» шаруа қожалығы он жылға жуық жүргізді. Мұның өзі шаруасын жаңа бастаған шаруагер үшін қолайлы көрінді. Мінеки, табыс көзі еңбекте, оның ішінде мал бағып өскен қазақ үшін мал өсіру мәселесінде екенін кәсіпкер бірер жылдың айналасында ұқты.

Шаруа баққан адам үшін кейде қиындықтар да кезігіп жатады. 1994 жылы Жайық өзені тасығанда бұлар отырған кең алқап түгелімен суға кетті. Әйтеуір, мал-жан аман, жазда киіз үйді паналап, су қайтқан соң шаруасын бала-шағаны жауып жүріп қайта түзеді. Өздері өндірген сүт, қаймақ, сүзбе, айрандарын аудан орталығына, қала базарларына шығаратын болды.

 – Шаруашылығымды алға бастыру үшін тыным таппадым. Осы жерде ауданның әкімдігіне, бөлімдеріне ризамын. Әйтеуір, қандай мәселе болса да, ақыл-кеңестерін беріп жатады. Енді басқа жердегі қожалықтар қалай жұмыс жасайды екен, озық нәтижелерге қалай қол жеткізіп жүр екен деп кәдімгідей ізденетін болдық, – дейді шаруагер ағынан жарылып.

Жеңісбайдың бір кездерде Гурьев ауыл шаруашылығы техникумында оқып, зоотехниктік білім алғаны бар. Мамандығы бойынша жұмыс жасамағанымен, енді ол да пайдаға асты.

 Жұмысты бастаған сәттегі қыруар қиындықтар артта қалды. Балалары оқу орындарында болған соң Жеңісбай қожалыққа жұмысшылар тартты. Қазір малшылардың өз орындары бар. Бұл шаруашылық Атырау агроколледжінің оқушыларын келісім-шарт негізінде өндірістік тәжірибеден өткізеді. Алғашында бес боталы інген, екі сиыр және он шақты жандықпен жұмысын бастаған бұл шаруашылықта төрт түлік мал түгелімен бар. Кәсіпкер 9 миллион теңге қаражат алып, мал тұқымын асылдандыруға бағыт алды. Батыс Қазақстан облысынан асыл тұқымды алты бас бұқа сатып алды. Бүгінде «Досқайыров» шаруа қожалығының иелігінде 200 бас сиыр, 60 бас жылқы, 60 бас түйе, 450-дей қой малы бар. Қазірдің өзінде 20 сиыр бұзаулап тұр. Шаруашылық ауласында шөп шабатын 2 КДП, бір тайлағыш агрегаттары мен МТЗ маркалы төрт трактор мен екі шынжыр табанды күректі тракторлары бар. Бұл – шағын шаруашылық үшін үлкен күш. Енді бұл қожалық алдағы уақытта мал азығы үшін екпелі шөп өсіруді қолға алмақ. Ол үшін қожалықтың қауқары жетеді. Сонымен қатар, мал сауатын аппараттар алуды да ойластырып отыр.

 Шаруагердің зайыбы Бақтылы – жай мінезді адам. Қой көздерімен жаймен қарап қойып, асықпай сөйлейтін отанасының айналасын немерелері айналшықтай береді.

 …Қақ төрде адал еңбектің дәмін татып, абыройға бөленген азамат «Астана», Астананың 10 жылдығы медальдарының иегері, өткен жылы облыс әкімінің  қолынан «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталған, талай мақтаулардың иесі Жеңісбай Досқайыров жанында жұбайы Бақтылымен бірге еңбектен тапқан бақытына рахаттанып отырғандай әсер қалдырады.

 – Жеңіс күні туғандар жеңіске жетіп жүруі керек,-деп мәз болады өз ісіне риза кейіппен біздің кейіпкеріміз. Иә, айтса айтқандай, еңбек жеңісі – ерінбеген жанның ғана еншісі.

Қадыржан ҚАЗЫМБЕКҰЛЫ,

Махамбет ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*