ЖЕҢІС ТУЫН ЖЕЛБІРЕТКЕНДЕР

Сонау Жер-ананы өрт шарпыған соғыс жылдарында елі мен жерін, ұрпағының болашағын қорғаған, Отанға бейбіт өмірді тарту еткен, қан майданда от кешкен ержүрек жауынгерлер – бүгінгі ақ сақалды ардагерлер мен ақ жаулықты аналар әрқашан жоғары құрметке лайық екені даусыз. Сондықтан да, оларға деген ыстық ықылас пен құрмет, алғыс ешқашан толастамайды, керісінше «тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, уақыт өткен сайын еселене бермек.

 

Ерлік өшпейді, ер ұмытылмайды

Кеңес Одағының Батыры Мұқат Мұсаев 1919 жылы Теңіз ауданы Қошалақ ауылында дүниеге келген.

Кеңес әскері қатарына 1941 жылы шақырылған Мұқат Мұсаев 1944 жылдың мамыр айынан бастап 2-Украина майданы 53-армия 228-атқыштар дивизиясы 795-атқыштар полкі құрамында Ұлы Отан соғысына қатысты. Кескілескен ұрыс даласы жас жауынгерді ұршықша иіріп, шыңдады. Әсіресе, Венгрияны азат етуде аянып қалмады. 1944 жылдың 25 қазанында қатардағы жауынгер М.Мұсаев Тисафюред қаласындағы Тисса өзенінен алғашқылардың бірі болып тез жүзіп өтіп, пулеметтен оқ жаудыру арқылы ротаның оң жағалауға өтуіне ықпал жасады. Өзеннен өткен соң фашистердің 18 қарсы шабуылына тойтарыс берген пулеметші қазақ жігіті жаудың 60 солдаты мен офицерін, үш пулемет ұясын жойған. Соғыс кезінде алған ауыр жарақатына қарамастан ұрыс даласын тастамай, ақырғы оғы қалғанша шайқасты.

КСРО Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен 1945 жылдың 24 наурызында ерлігі және соғыс тапсырмаларын бұлжытпай орындағаны үшін Мұқат Мұсаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин орденімен және «Алтын Жұлдыз» медалімен марапатталды.

Оқ пен от ортасынан оралған Мұқат Мұсаев Астрахан облысы Наримановск ауданы Буруны ауылында жұмыс жасап, түйе шаруашылығын меңгерді. 1954 жыл 3 мамырда өмірден өтті. Қазір Астрахан облысында ол тұрған ауылда батыр есімі көшеге берілген.

 

Көзсіз ерлік жасаған

Гавриил Шамин де  – ер етігімен су кешіп, жеңісті жақындатқан жандардың бірі,  «Даңқ» орденінің толық иегері. 

Ол 1923 жылы Индер ауданының Ынтымақ ауылында дүниеге келген. Кен ошағында ағаш шебері болып еңбек еткен. 1941 жылы әскер қатарына алынып, полк мектебін бітірген соң майдан шебіне жіберілді. Барлаушылар ротасының 433 бөлімінің барлаушысы, сержант  Г.Шамин 1944 жылы Псков облысы, Пустошкинский ауданына қарасты Островок ауылында бірнеше фашистің көзін құртып, бесеуін тұтқынға алған. Бұл ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ»   орденімен марапатталды.

Ол барлаушы ретінде ірі шайқастарда ерен ерлік көрсетеді. 1944 жылдың 18 қарашасы болатын. Латвияның Салдус қаласының оңтүстік-шығысында маңызды мағлұмат алып келе жатқан «тілді» ұстау тапсырылады. Барлаушылар тапсырманы орындауға қараңғы түсе аттанады. Қажетті аймақты тып-тыныш миналаған сержант Шамин, қатардағы жауынгерлер Русаков пен Тукаевтармен бірге жаудың пулеметшілер окопын басып алады. Шайқас басталып кетеді. Үш неміс солдаты өліп, жау тұтқынға алынды. Осылайша бұйрықты орындап, «тілді» ұстағаны үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені иегері атанады.

Жалпы, Гавриил Петровичтің ерлік жолы Сталинградтан Прагаға дейінгі аралықты қамтиды. Берлин түбіндегі ұрыста Шамин барлаушылар тобымен бірге «тіл» әкелуге бұйрық алады. Батыл барлаушы жау ортасына граната тастап, фашист жауынгерін тұтқындап, өз бөлімшесіне алып келеді. Бұл  1945 жылы   4 мамыры еді.  Осынау батылдығы мен батырлығы ескеріліп,  Гавриил Петровичке І дәрежелі «Даңқ» ордені табысталды.  Соғыс жылдары «Даңқ» орденінің толық иегері атанды.

Соғыстан елге оралған соң бейбіт еңбекке белсене араласты. «Индер борат» руднигінде жүргізуші, автомеханик болып қызмет етті. 1969 жылы отбасымен облыс орталығына көшіп келіп, жиырма жылдай әскерилендірілген транспорт бөлі-мінде командирдің көмекшісі де болып жұмыс жасады. 1995 жылы 17 шілдеде 72 жасында дүниеден өтті. Атырау қаласында Г.Шамин есімі көше атауына берілді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңес әскерлері 1418 күн мен түн бойына шайқасып, жеңіске қол жеткізіпті. Үлкен қиындықпен, қанмен келген ұлы күннің қаһармандарын қанша дәріптесек те артық емес.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*