Жазушы Марат МӘЖИТОВ: «Құмның момақан шағылдарына ұқсайтын шығармын…»

Қалың оқырманға «Құм мінезі», «Құныскерей», «Тобанияз», «Аман-ғали» сынды тарихи туындыларымен  жақсы таныс  жазушы Марат Мәжитов 1942 жылы Тайсойған өңірінде дүниеге келген. Биыл 75 жасқа толып отырған қаламгермен туған елге сапарлап келген сәтінде емен-жарқын сұхбаттас-қан едік.

білім2

– Аға, елге қош келдіңіз! Атакүл-дігіңізге деген сағынышты немен өлшер едіңіз?

Тайсойғанда тудық, Тайсойғанда өстік. «Әркімнің туған жері өзіне – Мекке» деп жатады ғой. Бірақ, біздің Тайсойған ерекше ғой.Қолым тиген уақытта жетіп келем. Әкем марқұм бір ұлағатты адам болған. Адам болып қалыптасуыма, жазушылық жолға түсуіме, жалпы тарихқа, шежіреге құмарлығыма көп әсері болды. Тайсойған – ерліктің, өрліктің, қажыр-қайраттың мекені ғой. Өзің де хабардарсың, сонау Шалкиізден бастап,Исатай мен Махамбет, кешегі Халел, Мұрат пен Есет, жыраудың соңы Ығылман, Салық Зиманов, Зейнолла Қабдолов – осы топырақтың перзенттері. Осының бәрі адамға рух береді. Жаратушының өзі кеудеңе кішкене сәуле құйғаннан кейін, оның әрі қарай лаулауы үшін осындай құдіреттер керек болады.

Құныскерейге арнаған өлеңімде «Туса шіркін, Тайсойғаннан, Құс қанатты нағыз ақын» деген жолдар бар еді. Мұны неге айтып отырмын? Мені қазір осы топырақтан шыққан шығармашылық адамдарының сиреп кеткені қынжылтады. Оны немен түсіндіруге болатынын да анық ұқпаймын. Табиғаттың тоқырауы ма, әлде сондай бір кезең бе?

– Әдебиеттанушы ғалым Сауытбек Әбдірахманов «Қазіргі қазақ әдебиетінің қан базарынан өз орнын ойып тұрып алған қаламгерлердің қатарында осы күндерде жетпіс жастың жотасына шыққан Марат Мәжитов есімін де атай аламыз» деген екен сіздің шығармашылығыңыз туралы. Жарық көрген бес томдығыңызға ғұмыр бойғы жазған- сызғаныңыз енді. Қазір не жазып жүрсіз?

Соңғы кезде әңгіме жанрына көбірек қалам тартып жүрмін. «Қазақ», «Ең әдемі келіншек», «Соңғы сөз», «Неке», «Түн жамылған түн» деген әңгімелерім – осы кезеңнің жемісі. Тәуелсіздік тақырыбына кесек туынды дүниеге әкелу ойда болғанымен, қай қырынан келерімді білмей жүргенімді жасырмаймын. Кейде ойлаймын, осы тәуелсіздік маған, мен тәуелсіздікке сіңе алмай жатқан жоқпын ба деп. Дамып келе жатқан қоғам, өзгерген құндылықтар – мұның бәрі жазушының санасына әсер етпей қоймайды. Азаттық алған жылдары өмірге келген алып өндіріс жөнінде жазғым келеді.

– Сіздің «Құныскерейіңізді» тағдырлы роман  деп атайды. Құныскерейдің қияметке толы ғұмырынан сыр шертетін бұл шығармаға автор ретінде берер бағаңыз қандай? Иманжүсіп, Мәди сынды қа-лыпқа сыймаған Құныскерей туралы жаздырған қандай сезім?

Біздің заманымызда радио сирек, теледидар болса да жоқ, көрген-баққанымыз, естіп-тұшынғанымыз қарттардың әңгімесі еді. Өзім төрт жасымнан қариялардың аузын бақтым. Осы «Құныскерейдегі» Нұрғазы деген ізші біздің үймен көрші тұрды. Оның Садақ, Қиқым деген балаларымен бірге ойнадым. Оның үстіне әкем Құныскерейді жақсы білген адам. Ол кісіні  он бес-он алты жасқа келген шамасында Құныскерей жанына ертіп кетпек болған екен. Менің әжем Балғаным  Ысықтың әйгілі байы Жұмабайдың қызы екен. Құныскереймен аталастығы бар.

Өзім ауыз әдебиетінен өзге сабаққа құлықсыздау едім. Ал, енді эпостарды жатқа оқығанды жаным сүйетін. Батырлар жыры болсын, ғашықтық дастандары болсын шалдарға жатқа соғып, солардың кір сіңген қалтасынан шыққан құртын жеп, көзелегінен көже ішкен таза қияли бала болдым (Осы жерде кейіпкеріміз «Ер Тарғын» жырынан арқалана үзінді оқып берді). Оның үстіне әкем марқұм шежіре мен өлке тарихы туралы әңгімені құлағыма құйып өсірді. Кіші жүздің шежіресінен басталатын таным сабағы туған топырақтан шыққан белгілі тұлғалар туралы аңыздарға ұласатын.

Университетте оқып жүрген жетпісінші жылдары мен бір ай отырып «Құныскерейді» жазып шықтым.Бұған дейін бірді-екілі новелламның жарық көргені болмаса, тіпті жазушы да емеспін ғой. Содан сол елу бет туындымды екі-үш ай ұялып жүріп, «Жұлдызға» алып бардым. Журнал бетіне шыққаннан кейін, Құныскерейге қарсы пікірдегі біреулер Мәскеуге «Правда»  газетіне хат жазып, біраз шырғалаң болды. Содан кейін Құныскерейдің тағдыры мені қатты толғандырды. Көп ізденуге тура келді. Текенің (Орал) архивін ақтардым. Көп мәлімет Кермеқаста сақталған дейтін. Бірақ, бір кездегі патша үкіметінің Қызылқоға өңіріне салған осы үйлері сақталмады.Әлгі құжаттар да сонымен бірге жоқ болса керек.  Құныскерейдің ғұмыр жолымен жүріп отыруға тура келді. Осы кезде өмірімдегі үлкен қайғылы оқиға болды. Махамбетте қызмет жасап жүрген інім ауырмай-сырқамай қайтыс болды. Мұның бәрі шығармашылық адамының жанын күйзелтетіні белгілі ғой. Университет бітірген соң «Мәдениет және тұрмыс» журналына жұмысқа қалдырды. Аса қиналмай пәтерлі болдым. Осы екі аралық журналистік қызметім де әсер етіп, жазуды тоқтатқан кездер еді.

«Құныскерейді» жазып бітірген соң ойлап отырсам, мен мұнда қиялдан гөрі таза шындықты, дауасыз деректі көбірек пайдаланып жазған екенмін. Құныскерей – өте күрделі тұлға. Қалыпқа сыймағандығы тағы бар.

–  «Тобанияз» романы – тарихи туындылардың бірі. Жалпы, қаламнан туатын дүниеге жауапкершілік-пен қарайтын санаттансыз. Дей-тұрғанмен, деректі шығармаларды жазған кезде нені басшылыққа алып үйрендіңіз. Архив материалдары жазушының жан дүниесінен суарылып шығуы қаншалықты қиын процесс?

Тобанияз – үлкен мемлекет қайраткері деңгейіне көтерілетін адам. Өмірі қасірет пен күреске толы болды. Соншама мол материал жинай тұрып, оны Құныскерей сияқты қорыта алмадым. Бет шарпитын шындығы, азабы көп болды мен үшін.Тек мұрағат құжаттарымен ғана көркем туынды жазып шығу мүмкін емес, әрине. Бір ғана архив материалының өзінде қаншама қайшы пікірлер жатыр. Өзіңнің жүрегіңдегі бекіткен іргетасың болмаса, түйсігіңдегі түсінік-танымың болмаса,жалаң дерекпен шығу бос сөз.

Көп адамдарды тыңдауға тура келді. Құныскерей жүрген жерменен жүрдім. Мына Қаратөбедегі Құныскерей үңгірі, Қосқоңыр, Қара үңгір, Жайыққожа, Маңғыт, Құлсарыдағы Сарықамыс, Құныскерей атысатын бейітке дейін қайта-қайта жүріп өттім. Бірақ, ешқашан «Мен осыны бітірдім-ау, Құныскерей маған риза шығар» деген сезім болған емес. Әлі де жоқ. Шамам жеткенше оған адал болуға, өтірік сөйлетпеуге, жалған кейіпкер жасамауға қызмет етіп жүрмін.

– Бір естелігіңізде жазушылық жолға түсуіңізге бірден-бір әсер еткен адам деп әкеңіз Кәрімді атайсыз. Ол кісіден алған ең құнды кеңесіңіз есіңізде ме?

Әкем Кәрім белгілі атбегі, шежіре-көкірек кісі болды дедім ғой. Сексеннің сеңгіріне жетіп жығылды. Әлі күнге дейін сол кісінің көлеңкесінде тұрып сөйлеймін. Ол кісі мені бар адуын ақылымен, парасатымен бағындырған жалғыз бедел биігі еді. Жадыма сақтаған күллі кеңесі құнды ғой. Соның ішінде «Біреудің ала жібін аттама»  дегені көп кәдеме жарады.

– Жазушы Тахауи Ахтановтан «Жазушылық неден басталады?» деп сұраса, «…алғашқы таңырқаудан басталады» деген екен. Екі формацияны бастан кешіріп келесіз. Сізді не таңғалдырып жүр қазір?

– Қазіргі қоғам – жан-жақты даму үшін, мейлі қаржылық, мейлі рухани болсын зор мүмкіндіктер қоғамы. Енді осыны пайдалана алмай, кежегесі кейін тартқан, кінәні заманға, жоғарыға жаба салатын жиырма бес пен қырықтың арасындағы жастардың көптігі таңғалдырады.

– Қай замандасыңыз дүниеден озғанда қатты күйзелдіңіз?

– Оралхан Бөкей дүние салғанда қатты қайғырдым. Камал Смайылов, Тахауи Ахтановтар өткенде тұтас дәуір көшкендей болды.

– Елорданың тұрғынысыз. Астанадағы  әдеби ортаның ахуалы туралы не айтасыз?

– Сексенге тарта қаламгердің басын қосқан Астанада Жазушылар Одағының бөлімшесі бар. Жиі-жиі бас қосып тұрамыз. Филиалды белгілі ақын Несіпбек Айтұлы басқарады. Арнайы ғимарат болмаса да, осы Несіпбек директор болып қызмет істейтін Сәкен Сейфуллин атындағы мұражайдың үлкен залында кездесіп, жаңа кітаптарды талқылаймыз. Үлкенді-кішілі шаралар бар дегендей…

– Интернет желісін қолданасыз ба?

Мүлдем қолдана алмаймын. Тіпті компьютерде теру дегенді де үйренген емеспін.

– Адам табиғатына тартып туады деп жатамыз. Әсіресе, шығармашылық адамдары өздерінің естеліктерінде бұл тақырыпқа соқпай кетпейді. Сіз – құмның перзентісіз. Құмның өзінің стихиясы бар. Сіз ше? Сіз өзіңіздің бойыңызда құм мінезі бар деп ойлайсыз ба?

– Мен тентек адамдардың санатына жатпаймын. Кесек тұлғаларда болатын тарпаң мінезім жоқ. Олжастың, Фаризаның, Тахауидың, Қуандықтың міне-зіндей асаулық маған тән емес. Біреуден жәбір көрсем шындығымды айтамын. Мүмкін, құмның момақан шағылдарына ұқсайтын шығармын.

– Жерлестеріңізге – атыраулық оқырманға тілегіңіз бар ма?

Бейбітшілік тілеймін. Даламның төсі тек қана тұлпарлардың тұяқ дүбіріне толсын, гүлге толсын.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*