Жазушы жүрегінің жанайқайы немесе «Кемер» повесін оқығаннан кейінгі ой

 Қолымызға қаламгер Өмірзақ Қажымғалиевтің «Кемер» атты кітабы тиді.  Жазушы бұл туындыда бүгінгі қоғамның бітеужарасы саналып отырған суицид тақырыбын қозғапты. Иә, бүгінде елдің жанайқайы болып отырған көкейкесті мәселе – жастардың өзіне-өзі қол жұмсауы – қоғамның бейдауа дертіне айналып отырғаны баршаға белгілі. Суреткер өз заманынан алшақ өмір сүре алмайды. Өзі өмір сүрген дәуірді, ондағы адами қарым-қатынас, өмір шындығын қаламына арқау етеді.

  Бұл шығарманың жалпы тақырыбы  суицид болғанымен, онда махаббат, достық мәселелері де кеңінен сөз болған. Бас кейіпкер – Балшырын мен Қайсар. Осы екі жастың айнымас адал махаббатын арқау еткен повесте бүгінгі таңда адамзат баласын алаңдатып отырған жайттар да қамтылыпты. Идеясы – шын сезімді құрметтеу, махаббатқа адалдық. Хикаяның прологы: «-Мен бейбақ не істедім?! – деген Сілем қиылған қамыстай қисайғанда тіреу іздеген қолы ербеңдей ауаны қармап, өз қимылы мен қылығына есеп беруден айырылған күйде еденге құлап түсті…»,- деген жолдармен оқыс басталып кетеді. Жазушы осы деталь арқылы оқырманның қызығушылығын оятады. Әрі қарай қандай оқиға болатынын білмекке құмарланған оқырман кітаптан бас алмай, бір демде оқып шығары сөзсіз.  Экспозицияда Балшырынның ата-әже тәрбиесінде болған ауылдың тәрбиелі, ибалы қызы екені айтылады. Қарапайым отбасында тәрбие алған. Бір айта кетерлігі, жазушы бұл отбасының билігі отағасында емес, керісінше отанасы Сілемде екенін аңғартады. Халқымыз азаматтарды отбасының ғана емес, бір ауылдың, қала берді рулы елдің тірегі деп санаған.

 Ал, осы салт-дәстүр қашан бұзылды? Баршаға белгілі, Қазан төңкерісінен кейінгі Кеңестік дәуір қазақы психологияның тас-талқанын шығарды. Міне, Қауыс пен Сілемнің жанұясынан да осы жағдай көрініс береді. Қиюы кеткен нәрсенің қайта құралмайтыны секілді, бұл отбасында да береке мен бірлік жоқ екенін қаламгер тікелей айтпағанымен, сюжет желісі арқылы ұқтырады. «Әйел бастаған көш оңбас»деген халық даналығына сол арқылы көз жеткізуге болады. Әрине, жазушы әйел адамды төмендетуді мақсат етпейді, керісінше оның қоғамдағы орны мен парызын айқындай түседі. Мектепке дене тәрбиесі пәні мұғалімінің келуі Балшырынның өмірін түбегейлі өзгертіп жібереді. Суреткер оны: «Пән үшін емес, Қайсарды көру үшін ынтызарлық танытып жүрді. Оның сабағы болатын күні көңіл-күйі көтеріліп қалатын»,- деп алғашқы мөлдір сезімнің ырқына түскен балғын қыздың толқымалы көңіл-күйін дәл сипаттайды. Бұл ынтызарлық сезім бір жақты емес екен. Ұстазы Қайсар да дәл осындай махаббат жалынына өртеніп жүр: «Күндегі уақытынан кешіксе, бір нәрсе іздегендей дегбірі қашып мазасызданады. Ол кіріп келгенде жан-жағы жарқырап, көңілі тойып марқаяды. Сәлемдескендегі оған қадала қараған жанарын тайдырып әкетуге күші жетпейтін». Міне, жазушыны тектен-текке  адам жанының инженері деп атамайтынына осы детальдар арқылы көз жеткізуге болады. 

  Одан әрі шығарма сюжеті ширығып, дами түседі. Балшырынның республикалық сайыстан жүлдемен оралуы, Қайсардың қуанышы екі ғашықты одан әрі жақындата түседі. Жазғы каникулда Кавказ тауында орналасқан сауықтыру орнына екеуінің тәрбиеші болып бірге сапар шегуі де сүйген жүректердің тіл табысуын тездеткендей. Екеуінің жұртқа жария болмау үшін сезімдерін тізгіндеп, құпиялап ұстауы да ауыл жастарының инабатты мінезіне сай суреттелген. Мектеп бітіргеннен кейінгі екі жастың өзара серт беріп, сөз байласуы араларындағы мөлдір сезімнің бар екеніне оқырманды иландырып, одан әрі  иіріміне тарта түседі.  Балшырынның грантқа оқуға түсуі, Қайсардың да жұмысын облыс орталығына ауыстыруы  да  нанымды. Жайық жағасындағы қалада  бас қосып, оңаша қалған екеу одан әрі өз сезімдерінің жетегінде кетеді. Екі ортада Қайсар бір бөлмелі пәтер алады, оның бұл тірлігі үй болуға, өзі сүйген адамымен тағдырын табыстыруына салған жол іспетті. Бірін-бірі шексіз сүйген Балшырын мен Қайсар осы үйде өмірдің жаңа баспалдағына аяқ басады. Бәрі де жақсы еді.

  Екеуінің үй болып, тату-тәтті жан-ұя болуына бар жағдай жасалған сияқты. Бірақ, ортада көзге көрінбес кедергі тұрды.  Бөгет – қыздың анасы Сілем. Ол – ауылдан шығып көрмеген, күйеуіне өз өктемдігін жасап, отбасы билігін уысынан шығармаған ауылдың долы әйелі. Күйеуін жеңіп алғаннан кейін балаларын да бір шыбықпен айдап, бір ізбен жүргізуді көздейді. Оның бұнысына  отбасында мойынсұнбайтын адам   – Балшырын. Міне, қызының өзіне айтпай, күйеуге шықпақ болған әрекеті Сілемге ұнамайды. Ол өзінің әдісіне басып, қаталдықпен қызын жеңуді ойлайды. Бірақ, қызынан мәңгілікке айы-рылып қалатынынан бейхабар. Туындының шарықтау шегі — Балшырынның өзіне-өзі қол салуы. Люстраға асылып қалған қызын көргенде шашын жұлып, өкініш өзегін өртегенмен, не амалы бар?

   Жастарды суицидке итермелеудің бір жолы- ата-аналардың өз баласының жанын түсінбеуі. Автор жұртшылыққа соны ескерткендей. Бауыр еті баласын қаталдықпен емес, түсіністікпен тәрбиелеп, қорқытып емес, мейіріммен бас игізу керектігін осы шығарма арқылы айтып отыр.Ақырында жан-тәнімен сүйген Балшырыннан айырылып қалған Қайсардың да жағдайы мәз емес еді. Жаңа өмір белесіне шығып, Балшырынмен бірге тағдырдың тәттісін ғана татпақ  ойы бар-тын. Бірақ,  өмір оған басқа сый әзірлепті. Шындығында өмір тәжірибесі аз, Қайсар ол ауыртпалықты көтеруге психологиялық жағынан дайын емес екен. Санадағы сүйген жарымен бірге кешкен естеліктерді сараптаған ол  өзегін өртеген өкініштен, сарғайтқан сағыныштан құтылудың бірден-бір жолы – өлім деп түсінеді.  Оны бұл қорқынышты ойдан ешбір адам құтқара алмайды. Өзін күзетіп жатқан жолдастарын алдап соққан ол түн ортасында үйден ұрланып шығып, Балшырынның бейітінің басына келеді. Сол жерде тамырын кесіп, бақилық болады. Соңындағы ата-ана, бауырлар, туған-туыс, достары аһ ұрып, аңырап қалады.  Шығарма шешімі – осы. Қайсар да сүйгенінің соңынан жанын қиды. Өз махаббатына адал болды. Алайда, суреткердің айтпағы — қазіргі жастардың сезімге берілгіштігі, тағдыр сындарынан тез күйрегіштігі еді. Бұл екі қазаның негізгі себепкері қыз анасы – Сілем,  бірақ екеуі де соңына дейін күреспейді. Қиындықтан оңай құтылудың жолын іздейді. 

  Осы психология қазіргі жастардың көпшілігіне тән десек, қателеспеспіз. Оны қалай қалыптастырдық?! Енді бұл қатерден арылудың жолы қандай? Кітапты оқығаннан кейін оқырман осы ойларға беріледі. Жастарды қиындықпен бетпе-бет келгенде жасымай, сынбай, өз идеясы үшін күресе білетін, тағдыр тауқыметін көтере алатын күрескер етіп тәрбиелеген дұрыс. Ол үшін қазіргі ата-аналардай «ұл мен қызым қиындық көрмесін» деген оймен бар ауыртпалықты арқалап алмай, салмақты жастарға да түсірген дұрыс. Жапондықтарда «балаңды жетіге келгенше патшадай күт,  жеті жастан он бес жасқа толғанша құлыңдай жұмса, он бестен асқанда досыңдай сырлас» деген даналық тағылым бар. Жазушы да осыны ескертіп отырған сыңайлы.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*