Жазумен бірге сана да жаңарады

Газетімізде латын қарпін пайдалануға қатысты жұртшылық пікірлері жарық көруде. Ендігі кезекте оған қалай көшеміз, сол жағын ойластыру қажет. Осы орайда біз Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жомарт МҰХАМБЕТОВТІ сөзге тарттық.

D754E897-F73B-497D-9F88-2EF316454F09_cx0_cy6_cw0_w1023_r1_s

– Жомарт Ибатоллаұлы, алдымен латын әліпбиіне көшудің мәні мен маңызы жөнінде жеке пікіріңізді білсек деп едік…

– Әрине, әр азамат зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқан соң, өз ойын еркін білдіре алады. Ең бастысы, айтылған ой-пікірдің сүйенер «сүйегі», яғни, дәлелі бар ма, жоқ па, міне, бар мәселе осыған тіреліп тұр ғой. Біз бұл латын әліпбиін өзіміз ойлап тапқан жоқпыз. Ол – өркениетті елдердің тәжірибесінде бұрыннан бар нәрсе. Ендеше, бірыңғай жүйеге неге көшпеске?

Түсінікті. Ал, енді жаңа жүйеге көшуді неден бастаған дұрыс санайсыз?

– Бұл бұрыннан бар әліпби екенін айттым, ендеше, түбінде соған көшетініміз айдан анық. Әйтсе де, халықтың оған бірден көше қоюы екіталай. Олай болса, қоғамның көзін үйретіп, алдын ала дайындау керек. Уақыт өткізбей азаматтарды оқытып, үйрету жұмыстарын бастап кеткен дұрыс. Ал, ол үшін үйретуші мамандардың өздерін даярлау керек. Бұл бағытта қаншама бағдарламалар, әдістемелік құралдар мен ұйымдастыру жұмыстары  жасалуы қажет, мұның бәрі бірден бола қоятын жайт емес. Демек, латынға толықтай көшу үшін қомақты қаражат пен біраз уақыт керек.

– Сонда қаражат пен уақытты күтіп отыра береміз бе?

– Олай емес, әліпби ауыстыру үрдісін бастай бергеніміз жөн. Оған кезең-кезеңімен көшкен тиімді болады. Бұл – менің филолог маман ретіндегі жеке өз пікірім. Өйткені, біз латын әліпбиін тек қазіргі жағдайға қатысты ғана қолданбаймыз ғой. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мұрағаттарда тот басып жатқан тозбас мұрамызды қайта жаңғыртамыз деп жатырмыз. Ол үшін кешегі құнды дүниелеріміздің бәрін жаңа әліпбиге аударуға тура келеді. Мен бұл арада тек ғылыми еңбектерді ғана айтып отырмын. Ал, оның сыртында қаншама көркем шығармалар мен газет-журналдар бар.

Міне, мұның бәрі өте ұзақ мерзімді талап етеді. Сондықтан, шағын дүниелерден бастап, іске қазірден кірісе берген дұрыс болады.

– Сіздің ойыңызша, латынға көшу мәселесін кезең-кезеңге бөліп қарастырған дұрыс па? Мүмкін, осының бәрін қамтитын әдістемелік құралдар шығару керек шығар…

– Бұл – бүгінгі күн тәртібінде тұрған өткір сұрақ, оны еліміздің Білім және ғылым министрлігіне жолдау керек. Бұған дейін де айтып кеттім, қазір мектеп оқушыларын латынға үйрететін мұғалімдерді даярлау мәселесі өзекті болып отыр. Осыны шешіп алмай, нақты бірдеңе деуге әлі ерте.

Сонда қайтпек керек? Алдымен, арнайы оқыту курстарын ашқан дұрыс. Мәселенің бәрі әріптің, не сөздің қалай айтылуында емес, жаңаша жазылуында болып тұр ғой.

– Сіз өңірдегі білікті филологтардың бірісіз, әрі көп жылдан бері педагогика саласында қызмет атқарып келесіз. Қоғамда болып жатқан жаңалықтарға да бейжай қарамайсыз. Жинақтаған тәжірибеңіз бен ғылыми-әдістемелік еңбектеріңіз де жетерлік. Ендеше, ғалым ретінде аталған мәселеге қосар ұсыныстарыңыз бар ма?

– Иә, бұл тақырыпта көптен бері ізденіп келемін. Талай басқосуларда латынға көшу үрдісі мен алда тұрған міндеттер жайында ой-пікірімді де білдіріп жүрмін. Ғылыми басылымдарда да бірталай мақалаларым жарық көрді. Осы ретте, бір өкініштісі, «латын» деген өз алдына бөлек ғылым болса ғой деп те қоямын. Жұрт болып жаңа әліпбиге көшкелі тұрғанда, «анау қалай болады?», «мынау дұрыс болар ма?» деп әр нәрсені бір ойлап, тұрақты тұжырымға келе алмайсың.

Енді өз тарапымнан нақты ұсыныс айтар болсам, олар өте көп. Солардың бірі – жоғары білім бағдарламасына латын графикасын үйрететін арнайы пәнді енгізу қажеттігі. Оның Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығында арнайы стандарттары дайындалуы керек. Бұл – үкімет тарапынан шешілуі тиіс, уақыт күттірмейтін, алдыңғы кезектегі өзекті проблема.

Екіншіден, латынға көшуді балабақшадан бастаған жөн. Мектепке келгенде бала латынды меңгеріп кететіндей болуы керек қой. Мектеп қабырғасында бұрын «Әліппе», бүгінде «Сауат ашу» деген пән бар. Сонда әліпби суреттер арқылы үйретіледі. Міне, латын әліпбиінде де сол тәсілді қолдану керек. Бар болғаны бұрынғы кириллицадағы әріптердің орнына латын қаріптерін қойып шығу қажет.

– Бұл айтып отырғаныңыз – тек балаларға қатысты әңгіме. Ал, егде жастағы, яғни, қырық-елуді алқымдаған жандар латын қарпін қалай үйренбек?

– Қазір бұрынғыдай емес, технологияның дамыған заманында халық сауатты ғой, жаңа қаріпке де үйреніп кетуі қиын емес. Баяғы кезде де халқымыз сол латынның, арабтың, орыстың әліпбилерін қолданып келді. Соның бәрін сол кездің өзінде меңгеріп алған еді ғой. Ендеше, латынға көшуде де еш қиындық болмауы тиіс.

– Латын әліпбиіндегі қаріптердің бәрі де бұрыннан бар, оған көз үйрету қиын емес. Олардың ішінен өзіміздің «ә», «ғ», «қ», «ң», «ө», «і», «ұ», «ү», «һ» секілді төл таңбаларымызды айырып алу маңызды. Оларды қос дыбыспен немесе ноқатпен белгілеуге болады. Сіз қайсысын таңдар едіңіз? 

– Олардың арасында анау айтқандай айырма жоқ. Адамның көзі бәріне де үйренеді. Бастысы, жаңа қаріпті қоғамның санасы қабылдап, дағдылана берсе болғаны. Жалпы, қай бастаманы қолға алмас бұрын оны жан-жақты зерделеп, бір шоқып, екі қараған дұрыс-ақ.  Өзіңіз де білесіз, белгілі ақын Мұхтар Шаханов латынға көшуде тек бір ғана нәрседен қауіптенетінін айтқан болатын. Ол – мемлекеттік тілдегі контенттің мүлде қолданыстан шығып қалуы.

– Бұл не деген сөз?

– Егер бүгінде азаматтарымыз туған жерінде тұрып ана тілінде сөйлей алмаса, ертең латын тіліндегі газет-журналдарды оқи қоюы екіталай ғой. Сөйтіп, олар кириллица қарпіндегі контентті қолданады. Сондықтан, мәселенің екі жағын бірдей қарастыру керек. Халықтың алуан пікірін ескеру қажет.

Менің пікірімше, тек қазақ тіліндегі ғана емес, өзге де тілдегі мұраларымыздың барлығын латын графикасына көшірген дұрыс деп ойлаймын. Екіншіден, мұрағаттағы қордың біразы кириллицада жазылған. Ал, оны латынға аудару үшін қаншама қаражат керек?  Сондықтан, көне мұраларымыз латынға аударылмай қалып қоюы да әбден мүмкін. Осы жағын ұмытпаған жөн.

– Демек, алдымен қоғам бұл жаңалықты санасына сіңіріп, дағдыланып алуы керек қой?

– Мәселен, мұздай шыны ыдысқа ыстық суды бірден құйып жіберсеңіз, жарылып кетеді. Сол секілді, латын әліпбине толық көшкенге дейін кириллица да қатар жүріп отыратыны сөзсіз. Оның үлесін біртіндеп азайтып отыруымыз керек. Осылайша, ақырындап толықтай көшетін боламыз. Ең оңтайлы шешім осы деп ойлаймын. Себебі, тіл – өте күрделі құбылыс. Ол тек жазу-сызудан ғана тұрмайды. Оның артында парасатты пайым мен терең ой жатыр.

– «Ауруын жасырған өледі» дегендей, бүгінде іс-қағаздардың көбі орыс тілінде жүргізілуде. Бұл мәселені латын графикасы арқылы шешуге бола ма?

– Өкінішке қарай, қазір кейбір мекемеге барсаңыз да, құжаттар орыс тілінде ғана дайындалатынын көресіз.  Айталық, өзіміздің университетімізге сырттан құжаттардың бәрі орыс тілінде келеді. Оларды қазақ тіліне аударып, көп уақыт жоғалтуға тура келеді. Сол құжаттарды дайындайтын министрлік өкілдеріне Үкімет тарапынан қатаң талап қойылуы тиіс!

Алаштың ардақты азаматтарының бірі, жерлесіміз Халел Досмұхамедов: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, өзге тілде сөйлей білу – сүйініш, өз тіліңді білмей тұрып сөйлеу, ол – күйініш» демеп пе еді?! Қалай десек те, ана тілін толықтай меңгеріп алмайынша, латынға көшу оңайға соқпасы анық.

– Әңгімеңіз үшін рахмет!

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*