Жазатайым оқиғалар жиілеп кетті

Соңғы кездері облыстағы өндіріс орындарында қайғылы жағдайға ұласқан жазатайым оқиғалар қатары көбейіп отыр. Оған не себеп және кім кінәлі? Қарапайым еңбек қауіпсіздігін сақтай алмаған жұмысшы ма, әлде бұл мәселеге немқұрайлы қарайтын жұмыс берушілер ме? Осы және өзге де мәселелер облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтің төрағалығымен өткен әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссия отырысында көтерілді.

OsM4qwuIdFQCjCtt-lg

Жиынды ашқан төрағаның айтуынша, өңірдегі еңбек қатынастарының ахуалы көңіл көншітпейді. Біріншіден, орын алған оқиғалардан қорытынды шығаруға ешкім асықпайды. Екіншіден, адал еңбегінің ақысын ала алмай жүрген жұмысшылар көп. Үшіншіден, қызметке орналасу тәртібі мен жұмыс орнын сақтап қалудың өзі қиынға соғып барады. Еліміздің Еңбек кодексі талаптарының сақталмауы неге әкеліп соғатынын облыс бойынша мемлекеттік еңбек инспекция басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров айтып берді.

– Биылдың бес айында облыс аумағында өндірістік жазатайым оқиғалар салдарынан 23 адам жарақат алып, оның алтауы қаза тапты. «Атырау Су Арнасы» мекемесінің слесарі Б.Рахметов №21 кәріз сорғыту стансасының мотор бөлімшесіндегі су сорғысын құрғату кезінде биіктен құлап, ауыр дәрежедегі жарақат алды. Нәтижесінде толығымен жұмыс беруші кінәлі деп танылды.

Осындай жағдай «Акарыс» мекемесінің аймағында құрылыс-монтаждау жұмысын жүргізетін «Фирма Арал» серіктестігінде де орын алды. Әдеттегі жұмыс күндерінің бірінде кешкісін мұнаралы кран «ПГС» топырағы салынған қауғаны көтеріп, төртінші қабаттағы ағаш алаңға қойды. Оның үстіне ілмекті ағытамын деп жұмысшы Нариман Ғұбайдуллин шыққан кезде, ағаш сынып, ол биіктен құлап, жазым болды. Мұнда да жұмыс беруші кінәлі. «ҚазМұнайБурение» мекемесінде бұрғылау қондырғысын жинақтау жұмыстары жүріп жатқанда машинист С.Жанғалиев кенеттен тайып құлап, ауыр жарақат алды. Бұл жолы 40 пайыз жұмысшының өз кінәсі деп танылды, – деді ол.

Жасыратыны жоқ, өндірістік жұмыстар талапқа сай ұйымдастырылмайтыны ащы да болса шындық. Оның үстіне, зардап шегушінің абайсыздығы тағы бар. Мәселен, «Ариадна» мекемесінің ағаш ұстасы Н.Калимов іргетастың қорама қалыбын бөлшектеу барысында жарақат алды. Бұл ретте жұмысшы кінәсі 30 пайызға теңелді. Ал, «МГҚК Қазқұрылыс-Сервис» акционерлік қоғамының зауыт аймағында «сэндвич» панельдерді металл құрылымдармен монтаждау кезінде Ж.Қазбенов темірбетон астында қалып, қаза тапты. Жұмысшы кінәсінің үлесі – 20 пайыз. Айта кетейік, анықталған заңбұзушылықтарға сәйкес, 2140 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде барлығы 4 855 660 теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.

Бұл мәселеден басқа, бүгінгі таңда облыс бойынша екі ұйым 51,3 млн теңге еңбекақы берешек. Атап айтар болсақ, «Модерн Электро» мекемесі 66 қызметкердің алдындағы 6,5 млн теңге еңбекақысын әлі төлемеген. Амал жоқ, іс одан әрі сот үрдісіне жалғасты. Ал, облыс әкімдігі бақылауға алған «РSІ» серіктестігінің берешегі 132 033 190 теңгеден 44,8 млн теңгеге азайды.

Соңында «Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Еділ Ұзақбай биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша есеп берді. Аталған бірлестік құрамындағы 649 ұйымының 518-інде келісу комиссиялары құрылып, 79,8 пайызды құраған. Оның 846 мүшесі еліміздің еңбек заңнамасының негіздеріне оқытылып, келіссөздер жүргізу мен еңбек дауларын шешу жолдарын меңгерген. Баяндамашы бұл жұмыстар әлі де жалғасын тапса деген тілегін жеткізді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*