Жаза тартқан жылдар

Әлі есімде, бүлдіршін қыз болсам да «Әкем қайда?», «Қашан келеді?» деп анамнан жиі сұрайтынмын. Әкем Асан Башығұловтың 1937 жылы 6 қазанда «халық жауы» деген жалған жаламен тұтқындалып, сол жылдың желтоқсан айында ату жазасына кесілгенін мен есейе келе білдім.

db543e3a57c31411e5b08e560a7148d6

Ана құрсағында жатып, жетім атандым…

Бала күнімде «халық жауының балалары» дегенді жиі естіп өстім. Әкем еңбек жолын мұнайшылықтан бастап, Ақтөбе өңіріндегі Табын ауданы (қазіргі Байғанин) жетінші ауыл кеңесі Баршақұм колхозын басқарып, жетім-жесірлер мен жарлы-жақыбайларға көп көмектесіп, оларды колхоз мүшесі еткен. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, ол мұқтаж адамдардың аяққа тұрып кетуі үшін малын да таратып берген. «Нақты қай күн екені есімде жоқ. Әйтеуір, қазанның қара суық түндерінің бірінде, қатты шыққан дауыстан оянып кеттік. Сөйтсек, адам тиеген көліктің дауысы екен, ішінен екі милиция түсті. Көзге түрткісіз қараңғылықтан олардың жүзі аса анық көрінбеді. Содан жөн түсіндірместен әкелеріңді көлікке отырғызып, алып кетті» деп түсіндіретін анам.

Ең өкініштісі сол, мен өмірге келмей жатып тірі жетім атандым. Себебі, әкемді ұстап әкеткен кезде анамның құрсағында қалыппын. Апам Назым сол кезде небәрі екі жаста болған. «Халық жауы» жақсы атақ емес, уақыт өткен сайын отбасындағы жағдай тіптен ушығады. Анам Дүбір колхоздың ең ауыр жұмыстарына жегілген. «Сол кездегі Доңызтау деген жерден, Қарауылкелді стансасына дейін астық таситынбыз. Арақашықтық шамамен 500 шақырымдай. Үйге араға үш ай салып, келіп тұрдық» деген анамның сөздері әлі есімде. Колхоз басшылығы тарапынан қатты қысымға ұшыраған анам бір түнде өз жұртына көшіп кетеді. Бір сиырға жүк артып, бізді нағашыларымыздың ауылына әкеліп тастайды. Әкем ұсталғаннан кейін араға екі ай салып хат келген. Онда суықтан тоңып жүргенін айтып, қолғап пен шұлық салып жіберуін өтінген. Бұл  хабарды естіп, алып ұшқан анам, азық дайындап, жылы киімдер салынған дорбаны кіші ағам Каленнен беріп жібермек болады. Бірақ, ол әкемді таба алмайды. Алдымен, Жарқамысқа, ол жерден еш хабар ала алмай Ақтөбе, Орал түрмелерін аралайды. Еш нәтиже болмаған соң, ағамыз анамның аманатын түрме күзетшісіне беріп кетеді.

Ашаршылық азабы

Әкем сегіз ағайынды болғанымен, біздер олардың бірде бірін танымаймыз. Немере ағасы Нұрыбай ашаршылыққа ұшырап, бес баласымен аштан өлген. Ол балаларына азық іздеп жолға шығып, тапқанын әкеле жатқан жерінен ши түбінде жүріп кеткен екен. Әйелі іздеп шыққанда ағамыздың денесі үйінің жақын маңынан табылған. Күйеуінің көзін жауып, жеңгеміз үйіне келген уақытта балалары да қайтыс болыпты. Міне, уақыт ауыртпалығын тартқан әулетіміз аз қиындық көрмеген. «Не жеймін? Не киемін?» демейтін бүгінгі ұрпақ сол кездің адамдары зар болған бір үзім нанның қадірін білсе ғой!..

«Халық жауының отбасы», «Халық жауының балалары» деген жала біз үшін оңай бол-ған жоқ. Қай жерде жүрмейік, құқығымыз тапталды. Буыны қатпаған бала болғанымызға қарамастан, қаршадайымыздан колхоз жұмысына салындық. Аш-жалаңаш күндерді де көп өткіздік. Қара суықта жалаң аяқ, жалаң бас мал бағып жүріп тоңған, аяғыма тікен кіріп жылаған күндерім, әлі күнге дейін жадымда жатталып қалыпты. Колхоз жұмысы қарбалас еді. Күзде егін орағы басталысымен, бау масақты қырманға таситынбыз. Осындай қым-қуыт кезеңде Назым төртінші класты ғана бітірді. Ал, мен Баршақұм ауылында бастауышты бітірген соң, Қарауылкелдінің мектебіне ауыстым. Кейін тігіншілік оқыдым. Алдыма келген жұмысты талғамай, бір ғана денсаулық саласында қырық жылдай еңбек еттім.

Әкем туралы ақпарат ұзақ уақыт бойы құпия сақталғандықтан, қаншама іздесек те бірде-бір дерегін таба алмай келдік. Тек арада 61 жыл өткен соң ғана, 1998 жылы Ақтөбе қаласының архивінен оның ақталғандығы туралы анықтаманы таптым. Әкемнен қалған жалғыз дерек осы бір тілдей қағаз ғана.

Назымхан АСАНОВА,

«Алтын алқа», I – III дәрежелі «Ана даңқы» ордендерінің иегері,

репрессия құрбанының ұрпағы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*