ЖАЗА КҮШЕЙМЕЙ ЖЕМҚОРЛЫҚ ТЫЙЫЛМАЙДЫ

 

Сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің белең алуы өте күрделі мәселе екендігін айтқан  Атырау облыстық прокуратурасының бірінші басқармасының аға прокуроры Мақсат Шәріпов жемқорлықпен күресті күшейту мақсатында стратегиялық жобаның қаралып жатқандығын мәлім етті.

– Қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес, әрбір мемлекеттік мекеме қызметкерлерін қатыстыра отырып, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуге міндетті. Бүгінде осы аталған мәселені болдырмау, оның алдын алу мақсатындағы жұмыстарға көңіл бөлінуде. Прокуратура тарапынан 20-дан астам тексеру жүргізіліп, 20 тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Оның 18-і лауазымды орындардағы тұлғаларға қатысты  болып отыр. Жемқорлық, сыбайластық әрекеттер мемлекеттік сатып алу, бюджет қаражатын игеруде, қалалық сәулет және құрылыс бөлімдерінің жұмыстарын жүргізуде орын алған, – деген ол сол секілді ветеринария саласы да сүттен – ақ, судан – таза еместігін айтып өтті. Сондай-ақ, бүгінгі таңда жең ұшынан жалғасқан жемқорлық әрекеттеріне қатысты жаза бұрынғыдай ескерту не болмаса сөгіс берумен шектелмейтінін, бірден қызмет орнын босату секілді қатаң тәртіптік жазаның тағайындалатынын сөз етті. Оның айтуынша, мемлекеттік қызмет түрлерін көрсететін халыққа қызмет көрсету орталықтарының ісінде әлі де шалалық бар. Өтініш берілген құжат уақытылы келмейді немесе нақты жауап берілмейді. Мәселен, сәулет және құрылыс қызметіне қатысты азаматтардан түскен 220 арызға мүлдем  жауап қайтарылмай, аяқсыз қалған.

Жиында құқық қорғау саласы өкілінен іс жүргізуге қатысты заңдылықтарды сұраған сала мамандары көкейлерінде жүрген кейбір мәселелердің түйінін тарқатқандай болды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің мәліметі бойынша, жемқорлық көп орын алатын елдер арасындағы есепте Қазақстан 129-шы орында тұр. Бұл – күллі әлемнің күрделі мәселесіне айналған жемқорлықпен күресте өзге елдермен бірлесу, тәжірибе алмасу қажет деген сөз.

Аумақтық, аудандық ветеринария саласы қызметкерлері қатысқан шара барысында сыбайлас жемқорлықпен күрес, оған жол берілген жағдайда қолданылатын жаза түрлері жан-жақты түсіндірілді. Мәселен, қоғамда қызмет артықшылығын пайдаланып пара алатындарға бұрын 100, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатын болса, бүгінде бұл заң талабы күшейген. Мұндай жағдайда, ол адамның мүлкі түгел тәркіленеді немесе алған не ұсынылған пара көлеміне байланысты бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал, алда жаңа стратегия қабылданар болса, «жемқорлар» әрекеті үшін бұдан да ауыр жазаға тартылатын болады.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*