ЖАЗ ЖАЙНАТЫП, КҮН КҮЛДІРІП… облыстағы «Тұлпар» демалыс лагерiнің алғашқы маусымы ашылды

 

Лагерьдегі оқушылар қонақтарды құрметпен қарсы алып, өздерiнiң дайындаған кiшiгiрiм сахналық көрiнiсiн қойды. Татулық, достық пен көшбасшылық қасиеттi мақсат тұтқан мұндағы жас балғындар осы орталықтың ашылуына жағдай жасаған қамқоршыларына алғыстарын бiлдiрдi. Лагерьдің ашылу салтанатында сөз алған С.Қазыбаев атындағы №1 мектеп-интернатының директоры, әрі аталған демалыс орталығының басшысы Сәния Мусеева балалардың демалыс мезгiлдерiн еш алаңсыз өткiзулерiне барлық жағдай жасалатындығына тоқталды.
– Биылғы жылы лагерьге демалуға 130 бала келіп отыр. Олардың демалыстары жоғары деңгейде өтетініне сенемін. Лагерьдің мектеп-интернаттың қарауына өткеніне – биыл екінші жыл. Жыл сайын демалыс орнына сай болуы үшін барлық жағдай жасауға тырысып келеміз. Бес кезең бойынша оқушылар жеті топта демалыстарын өткізеді. Биылғы жылы бұл демалыс орталығына мемлекет тарапынан қаражат бөлінген жоқ. Сондықтан биыл демеуші іздеген едік. Жөндеу жұмыстарына қазір шетелдік «ПСН казстрой» компаниясының жоба менеджері Майк Маккаферти өзі келіп, қолдау көрсетті. Сөйтiп, тиiстi мөлшерде қаржы бөлiнiп, бүгiнгiдей қалпына келтiрiлді, – дейдi Сәния Төлегенқызы. Злиха Дүйсекенова мен Алпамыс Ғилымов та демалушыларға оқуда сәттiлiк тiлеп, мұндағы қымбат күндердiң қадiрiн бiлуге үндедi.
«Тұлпар – 2013» жазғы маусымының ашылуы лагерьдің көңілді әнұранына ұласты. Балғын шақтың куәсіндей лагерьдің көк туы тұғырға көтеріліп, демалушылар ерекше ықыласқа бөленді.
«Тұлпар» сауықтыру орталығының өзiндiк мол тарихы да бар. Лагерь 1972 жылдан жұмыс жасап келеді. Алғашында теміржолшылар демалыс орны болып ашылып, кейiнiрек 1991 жылы облыстық білім беру басқармасына берілгеннен кейін қайта құрылады. Мұнда жыл сайын жазда 250-дей бала келiп демалады.
Өзіміз куә болғандай, лагерь санитарлық талаптарға толығымен жауап беретiндей жаңартылған. Мұнда олардың демалыс күндерiн өткiзуiне барлық жағдай жасалған. Мәселен, спорттық алаңдар, суға жүзу бассейндері, әртүрлі үйірмелер жабдықтармен толыққанды қамтылған. Жатын орындарынан бөлек, медициналық пункт пен асханасы да таза, әрi қолайлы. Ал, балаларды әр ауданнан алып келген жетекшiлерiне, тәлімгерлеріне бөлек арнайы бөлмелер берiлген.
Қауiпсiздiк мәселесiне де аса мән берiліп, күзетшiлер бұл маңды қатаң бақылауға алған. Жап-жасыл табиғат аясында өсiп тұрған алма ағаштары осы аймақтың сәнiн келтiрiп-ақ тұр.
Орталықта облысымыздағы жеті ауданнан және мектеп-интернатының балалары демалуда. Оқу үздіктері, өнерлі оқушылармен қатар, аз қамтылған отбасының және жетім балалар да бар. Бәрі бір үйдің баласындай келгендеріне үш күн ғана болса да бір-бірімен достасып алған. Шеттерінен өнерлі болып шықты. Әсіресе, №1 мектеп-интернатының оқушылары орналасқан топтағы қыздардың арасында Мария Переплюкованың моншақтардан жасаған әшекейлері бірден көзге түсті. Бірақ, ол көпшілігін сатып жібергенін айтады, алайда «демалыс уақытында сондай түрлі моншақтардың әлі де біразын жасамақпын», – дейді өзі.
Жылыой ауданынан келген оқушылардың жетекшісі, №2 орта мектебінің сызу-бейнелеу пәнінің мұғалімі Ілияс Оңайбаевтың айтуынша, балалар бұл жерге аудандық білім беру бөлімі, сонымен қатар, мектеп директорларының арнайы жолдамаларымен жiберiлген. Қаратон, Қосшағыл, Ембі, Ақкиізтоғай елді мекендерінен және Құлсары қаласынан жиырма оқушы демалуда. Олардың ең жасы кішісі енді бесінші сынып оқыса, ал үлкендері – сегізді бітіргендер.
Айта кету керек, оқушылардың демалысты тиімді өткізу үшін Қ.Дүтбаева атындағы Атырау мемлекеттік гуманитарлық колледжінің ағылшын тілі, информатика пәні мамандықтарының студенттері қызмет етеді. Демек, он бес күн бойына балалардың ағылшын тілін және компьютердің бағдарламаларын меңгеруіне мүмкіндік бар. Лагерьдегі қызық күндерді тамашалап, біз қараңғы түсе қалаға қарай қамдандық. Ал, лагерьдің орталық алаңында құрылған үлкен сахнадағы демалушылардың ән-би кештері кешкі ауамен жарасым тауып, одан сайын қыза түсті…

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.
(Бұл тақырыптың жалғасы газетіміздің 24-бетінде).

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*