Жайықтағы жағажай демалушылар жанына жайлы ма?

Атыраулықтардың дені Жайыққа бір сүңгіп, жағажайда тыныстағанды тәуір көреді. Алайда, жағажай жанға жайлы ма?

????????????????????????????????????

Мәдениет тазалықтан басталады

Алдымен, орталық жағажайға жеттік. Ертерек келдік пе, демалушылар көп жиналмапты. Дегенмен, бала-шаға суға шомылудың рахатына бөленген.

Бұл жағажай «Сәрсекен» жеке кәсіпкерлігіне 2022 жылға дейін сенімгерлік басқаруға берілген екен. Жағалауды жағалай жүріп өттік. Бір көргенде мұнда демалушыларға барлық жағдай жасалғандай көрінді. Мұнда күнқағарлар, жалдамалы төсеніштер (лежак), киім ауыстыратын арнайы орын, биоәжетхана, құтқарушы мұнаралары, жалға берілетін қайықтар мен катамарандар бар. Қоғамдық орын-ға жауапты адамды іздеп едік. Өзін Асылбек деп таныстырған жігіт кезікті.

Шомылатын орындар таза, құтқарушы да бар. Мына шағын қоқыс жәшіктерін тазалықшыларымыз әлсін-әлсін тазалайды. Ал, биоәжетханаға көп сұраныс жоқ, – деген Асылбектің бізбен әңгімелесуге уақыты да болмады. Себебі, демалушылар біресе қайықты жалға алса, енді бірі катамарандарды сұрап, тыным берер емес.

Жағажайдың иесі Жанар Нұрбаеваның айтуынша, халықтың демалысын жанға жайлы ұйымдастыруда біраз жұмыстар атқарылды. Маусым басталмас бұрын жағаға бес машина құм төгілген. Сүңгуірлер кесте бойынша су астын уақытылы тазалап тұрады екен. Алдағы жоспарда жағажайды жандандыру мәселесі тұр. Ал, әлеуметтік желілерде «қоқыс шашылып жатыр, жағажайда тазалық жоқ» деген пікірлер жазылып жүр. Осыған орай «Кейбір демалушылардың мәдениеттілігі төмен. Ішіп-жеген соң қоқысты арнайы контейнерге салып кетуге болады ғой. Оны жағаға қоймайтын себебі, ыссылықта жағымсыз иістер шығуы мүмкін. Жалпы, контейнерді күнде таңертең «Арнаулыавтобаза» мекемесінің көліктері тиеп алып кетеді» деген уәжін жеткізді Жанар Нұрбаева.

«Суға түскенде абай болыңыздар, межеден асуға тыйым салынады» деген дауыс саңқ етті. Қызыл түсті арнаулы киім киген құтқарушылардың біреуі суда жүріп бақыласа, екіншісі жағалауда демалушылардың қауіпсіздігін қарайды.

Мен Ақтөбе қаласының тұрғынымын. Осы жағажайға отбасыммен бірінші рет келіп тұрмын. Жайықтың керемет екені рас. Бірақ, қызметтердің бағасы қымбат екен. Мәселен, жатын орындарды бір сағатқа жалға алу 500 теңге, қайықпен қыдыру үшін әр адамға 1000 теңгеден белгіленген. Қазір шомылу маусымы болғандықтан, мұнда келушілер көп. Сондықтан, бағаны қолжетімді етуге болмайды ма? – дейді Әнуар Закарияұлы.

Біз қалада тұратындықтан, жағалауға жиі келеміз. Осы жерде балалармен бірге суға түсіп, көңілді демалуды дағдыма айналдырғанмын. Күнделікті көріп жүрген бір мәселені айтайын. Қоқыс жәшігін тазалықшы жас балалар тыным таппай жинап жүргенін көремін. Ал, кейбір адамдар олардың еңбегін бағаламайды. Мәдениеттен жұрдай. Күні кеше сондай бір адамға ескерту айтып едім. Ол «Жалақы не үшін алып отыр? Жинасын!» дейді. Солар қарбыздың қалдығын отырған орнына тастап кетті. Ал, осыдан кейін басқа демалушылар «Қоқыс шашылып жатыр. Тазалық жоқ» деп дабыл қағады, – дейді тағы бір демалушы Айсұлу Ерғалиева.

Мақсат – демалушылар көңілінен шығу

Атырау қаласында тынығуға, шомылуға рұқсат етілген жердің бірі – Тұрғын үй қалашығындағы жағажай. Былтырғымен салыстырғанда, биыл жағажайдың абаттандырылғаны көрініп-ақ тұр. Мұны жиналған тұрғындардың қарасынан-ақ байқауға болады. Мұнда «Мұстафин» жеке кәсіпкерлігі  тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді көздепті.

Жұмысты бастамас бұрын, су асты тазаланып, құм төгілді. Балаларға арналған батуттар, биоәжетханалар, киім ауыстыратын төрт кабина орнатылды. Айналадағы жасыл-желекті де өз есебімізден суарамыз. Қазіргі уақытта сертификатқа ие төрт құтқарушымыз бар. Жағажайда волейбол алаңын жасақтап, Астананың 20 жылдығына орай жағажай волейболынан жарыс өткіздік. Сондай-ақ, емхана қызметкерлерімен бірлесіп, демалушылар үшін «судағы алғашқы көмек көрсетуді» үйреттік. Қалаған адамға дәмхана да, су үстінде қыдыруға арналған қайық та дайын. Балалар шомылатын арнайы орын жасап қойдық, – дейді заңды өкіл Жамбыл Наймеденов.

Газеттен келгенімізді білген соң кәсіпкер өз пікірін айтып қалды.

Тұрғындардың көпшілігі «тендерді ұтып алып, қаражатты қалтасына басып отыр» деп ойлайды. Бізге әкімдік тарапынан қаржылай қолдау көрсетілмейді. Ал, кей-біреулер «бәрі ақылы, төсеніштерді 300 теңгеге жалға береді, қайыққа отыру да қымбат» деген сияқты реніштерін білдіріп жатады. Сонда біз осы жағажайда таңның атысы, күннің батысы не істеп жүрміз? Қызметкерлердің еңбекақысы бар, «Арнаулы автобазаға» төлейтін төлемақы, жарықтың ақшасы бар, тағы сондай қызметтерге қаржыны қайдан алады деп ойлайсыз? Тіпті, пайда келтірмегесін, «осыны бекер алдым» деген де ой болды. Бірақ, шама-шарқымызша жұмыс атқаруға тырысып-ақ жатырмыз. Сонда да шашылған қоқыс көрсе, әлеуметтік желіге салып, жан-жақтан түрлі сөздер айтып жатады. Бұл жерде халықтың «жаманды жар салып», «жақсыны жарияламауға» икемді болып тұратынын айтқым келеді, – деді кәсіпкер.

Жағада демалып отырғандардан пікірін білмек болғанымызда, олар бір кісідей «әр адам өзінің тәртібі мен тазалығына жауап бергені дұрыс» дегенді айтты. Ал, өзін Эльдар деп таныстырған жігіт ағасы:

Еңбек демалысымда ыстыққа шыдамаған соң, Жайық жағалап жүрген жайым бар. Ақтаудағыдай 100 пайыз қолайлы жағдай жасалмаса да, ыстықтан қорғанудың жалғыз жолы – осы. Егер мұнайлы астанада тұратынымызды ескерсек, жағажай жайы қанағаттандырмайды. Әрине, кәсіпкерлерді де түсінуге болады, қыруар қаражат қажет етеді. Ол үшін әкімдік тарапынан қолдау керек. Жағажай – қоғамдық орын. Сондықтан, жан-жақты қолдау жасалса ғана, жағажайдың жанға жайлы болатынына сенімдімін, – деген ойымен бөлісті.

Ал, қала сыртындағы «Бесікті» демалыс базасында да жекеменшік жағажай бар. Аталмыш орынның әкімшісі Асхат Шамардың айтуынша, жағажай тек сенбі және жексенбі күндері барлық талаптарға сай халыққа қызмет көрсетеді. Бір тобы өзен жағасына суға түсіп, салқындау үшін, енді бірі балық аулау үшін барады. Ал, ең жиі баратындар – табиғат аясына демалатындар.

Сіз не дейсіз?

Гүлсара ЖАРЫЛҒАПОВА, Атырау қалалық қаржы бөлімі коммуналдық меншік секторының бас маманы:

Қала бойынша ресми тіркелген екі жағажайдан бөлек, Мечников портының жанында да «Бейсенов Н.М.» жеке кәсіпкерлігіне берілген арнаулы шомылатын орын бар. Бірақ, оны былтыр жалға алған иесі келесі жылға ашуды жоспарлап отыр. Бұл үш жағажайдың үшеуін де былтыр тендерден өткен кәсіпкерлер бес жылға жалға алды. Егер олар бірнеше жыл қатарынан қойылған талаптарды орындамаса, ескерту жасалып, келісім-шарт қайта қаралады. Ал, Балықшы ықшамауданынан, Мұнайшы поселкесінен және Қ.Мәмекұлы көшесі аумағында ашылуы тиіс жағажайларға жылдың басынан бері тендер жарияланып келе жатыр, маусымдық бизнес болғасын ба, басқалай себебі бар ма – қатысуға ынта білдіргендер жоқ.

P.S: Шындығында, Жайықтың жағасы – тұрғындардың демалатын орны. Оның жанға жайлы болғанын барша қалайды. Ал, түймедей кемшілікті түйедей етіп, әлеуметтік желіде бөліскенше, өзіміз де тазалықты сақтағанымыз дұрыс емес пе? Қалай ойлайсыз?

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*