ЖАУЫННАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР

Кездесуде қалыптасқан жағдайға байланысты шаһар басшысына қойылған сауалдар көп болды. Соның ең бастылары, үйі суға кеткен халыққа көмектесу, мекендеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу, аулаларынан жаңа тұрғын үй салуға рұқсат беру, тағы басқа мәселелерге қатысты еді.

– Апат айтып келмейді. Соған қарамастан, қала бойынша табиғаттың тосын жағдайының зардабын жоюға байланысты жүйелі жұмыстар жүруде. Адамдар қауіпсіз жерге көшірілді. Оларға барлық жағдай жасалуда. Ал, апаттың нақты зардабы осы мақсатта құрылған бағалау комиссиясының жасаған қорытындысынан кейін белгілі болады, – деді қала әкімі Нұрлыбек Ожаев.

Әрине, әркімнің өз үйі өзіне өте қымбат. Дегенмен, қазір жапа шеккендер орналасқан уақытша мекенде жанға керектінің бәрі бар. Ол кәсіпкер Махмут Мералиевтің ғимараты екен.

– Тұрғындардың қиналысын жете сезініп отырмыз. Сондықтан, жергілікті әкімшіліктің жауыннан зардап шеккендерді орналастыру туралы ұсынысын біздің компания бірден қабылдап, қолдады. Бұл қолданыстағы үш қабатты жаңа ғимарат. Біз адамдардың қажеттілігі үшін теледидар, жұмсақ жиһаз, тағы басқа қажеттіліктерді алып, орналастырдық. Өзге бизнес құрылымдары да қолдан келген көмегін жасап жатыр, – дейді осы орайда өзін компанияның бас менеджерімін деп таныстырған Дәурен Жұмағалиев.

Жаңа  мекенде дәрігерлік пункт орналасқан. №7 емхананың медбикесі Жанар Баймурзинаның айтуынша, мұнда 36 бала бар. Зейнеткердің саны да аз емес. Олардың бәрі де күндіз-түні ерекше бақылауда екен. «Балалардың қызулап қалатын жағдайы жиі кездеседі. Оларға уақытында ем көрсетудің арқасында саулықтары тұрақты. Біз медициналық қажеттіліктермен толық жабдықталғанбыз» дейді медбике. Ал, қалалық ішкі істер басқармасының қызметкері, аға лейтенант Серік Сарқұлов ішкі тәртіпті қадағалап отыр.

Біз жаңа ғимаратта комендант қызметін атқарып отырған «Атырау арнаулы база» мекемесінің өкілі Клара Құспанғалиевамен бірге мекен-жайдың ішін аралап шықтық. Қаз-қатар орналастырылған керуеттерде жұртшылықтың біразы демалып, енді бірі теледидар қарап отыр. Байқағанымыз, мұндағылардың дені әйел адамдар екен. Олардың арасында баласын көтеріп, жетектеп жүргендер де бар.

– Біз бұған дейін мектепке орналасқанбыз. Балалардың емтихандары, жөндеу жұмыстарына байланысты одан шығарғанда қайда барамыз деп толғанып жүр едік. Әйтеуір, облыс, қала басшыларының көмегімен жаңа мекенге келіп жатырмыз. Әрине, ол өз баспанаңа жетпегенімен, қазіргі жағдайымыз жақсы. Ыстық тамағын уақытында береді, мекен-жайдағы қызметкерлер де асты-үстіңе түсіп жатыр, – дейді Павлодарская көшесінің 25 үй тұрғыны Жұмагүл Күпбергенова.

Оның айтуынша, баспанасы 1959 жылы салынған құрастырмалы ағаш үй (шитовой) екен. Уақыт өте келе ол әбден ескіріп, іргетасы да жерге тереңдей кіріп кетіпті. «Үйіміздің ауласын арнайы машиналар келіп суын сорып жатыр. Бірақ, жеріміздің сортаңдығынан шығар, қанша жұмыс жүрсе де судың деңгейі түспеуде» дейді сегіз баланың анасы. Кезекті сұхбаттасушымыз баласын көтерген Сәуле Ермұратова Б.Майлин тұйық өткеліндегі 28 үйдің тұрғыны екен. Оның баспанасы 1955 жылы саман тастан салыныпты.

– Біздің үйімізге 2009 жылы келген арнайы комиссия «апатты жағдайда» деп қорытынды беріп кеткен. Осындай күйдегі мекен кешегі жаңбырда қатты зардап шекті. Үйдің ішіндегі су мотордың күшімен, сыртындағысы арнайы техникамен сорылды, – дейді ол. Әңгімесінен ұққанымыз, төрт баласының алды 13, ең кішісі жас жарым жаста. Оларға уақытша болса да, баспана тауып берген атқарушы орынға ризашылығын да білдіріп жатты ана.

Ләтифа Дүниенбаева мен Орын Өткелбаевалар – қаладағы Товарищеская көшесінің тұрғындары. Олардың баяндауларынша, 1951 жылы салынған барак үйлер бұрыннан апатты жағдайда. Оны кезінде келген комиссиялар да нақтылап кетіпті. «Жай жаңбыр жауған күндердің өзінде төбемізден су ағатын. Ал, жуырдағы толассыз жауған жауын баспанамызды әбден бүлдірді. Осындай жағдайда қамқорлық көрсетіп жатқан жергілікті басшыларға алғыстан басқа айтатынымыз жоқ» деді тұрғындар.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

 

Төтенше жағдайға байланысты құрылған қалалық арнайы штаб бізге мынадай мәлімет беріп отыр:

Бүгінде үйлерін су басқандығы жөнінде 1121 арыз-шағым түскен. Су сорылып алынған баспананың саны 587-ні құрайды. Барлығы 302 624 текше метр су сорылып алынды. 8 үй ішінара бұзылған. Апатты жағдайдың зардабын жоюға төтенше жағдай қызметінің 67 техникасы, сонымен қатар, «Атырау мұнай құбырлары», «Ембімұнайгаз», «Атырау арнаулы базасы», «ВестДала», «АтырауСуАрнасы», «Атырау жылу жүйелері», «Теңізшевройл», Атырау мұнай өңдеу зауытының 59 техникасы тартылған.

Қазіргі уақытта Қосшағұл көшесі мен Доссорский, Гумилев тұйық көшелерінде судан құрғату жұмыстары жүріп жатыр. Зардап шеккен 180 адам PSN KAZSTROY жатақханасына көшірілді.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*