Жауынгер сүйегі 75 жылдан соң туған жеріне қайта жерленді

Миллиондардың ғұмырын жалмап, осыншама жанның жүрегіне жазылмас жара салған Ұлы Отан соғысының отты жылдарында ерлік пен батылдықтың, қаһармандық пен қайсарлықтың өшпес үлгісін көрсеткен ерлердің есімдері ешқашан өшпек емес. Қанқұйлы соғысқа қатысқан жауынгерлеріміз айбынды рухты ата-бабаларымыздың ерлік даңқын асқақтатты. Неміс фашистеріне қарсы шайқаста шейіт болған жауынгердің бірі – Құспанғали Боранбаев.

????????????????????????????????????

Құрманғазы ауданынан 19 жасында майданға аттанып, 1943 жылы Великий Новгород түбіндегі кескілескен қанды шайқаста қаза тапқан Құспанғали Боранбаевтың сүйегі араға 75 жыл салып, туған топырағына жерленді. Осы оқиғаға орай Атыраудағы Жеңіс саябағында жауынгерді қайта жерлеу рәсіміне арналған қаралы жиын болды. Оған қала тұрғындары, соғыс және еңбек ардагерлері, зиялы қауым мен жастар өкілдері, жауынгердің туыстары жиналды.

Әскерилерден құралған колонна жауынгер Құспанғали Боранбаевтың сүйегі салынған табытты «Мәңгілік алау» жанына құрметті қарауылмен әкелді. Жиналған көпшілік  сұрапыл соғыста жанын пида еткен боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Қазақ елінің Мемлекеттік Гимні шырқалып, жауынгер құрметіне қарудан салют берілді.

Құспанғали Боранбаев 1922 жылы туған. Гурьев облысы, Теңіз ауданының Қызылту колхозынан 1941 жылы соғысқа алынып, 28-ші атқыштар дивизиясының құрамында шайқасқан. 1943 жылы ерлікпен қаза тапқан жауынгер сүйегінің табылуына есімі жазылған капсуланың болуы ықпал етті.

Қаза тапқан жауынгердің сүйегі табылған жерден аты-жөні ойылып жазылған қасығы да табылды. Осы жәдігердің арқасында жауынгердің есімі, туған жері анықталып, сүйекті еліне қайтару үшін Атырау облысы басшылығының қолдауымен арнайы делегация ұйымдастырылды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ерен еңбектері, үлгі тұтар істері, биік мінездерімен майданда ғана емес, бейбіт өмірде де үлгі болған майдангерлерге құрмет көрсету парызымыз» деген болатын. Ата-бабасы ұстанған ұстанымға адал болып, майданға аттанып, сол жерде ерлікпен қаза болған жерлесіміздің қаһармандығы ешқашан ұмытылмайды. Отан қорғауға аттанып, кескілескен ауыр шайқаста қаза тапқан Құспанғали Боранбаевтың жерленген жері белгісіз болып келген еді. Енді міне, Құспанғали Боранбаев үшін жеңіс күні туды, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

????????????????????????????????????

95 жастағы майдангер облыстың Құрметті азаматы Айдын Айбаров толқу үстінде былай деді:

Біздің буынның үлесіне тиген қанды соғыс жер жүзінде өрті енді ешқашан тұтанбаса екен. Бейбіт заманның ғұмыры ұзақ болсын, Тәуелсіз еліміз қарыштап дами берсін.

Майдангер боздақтың бауырлары атынан сөз алған Қайырболат Дүйсекенов атасы туралы деректі ұзақ күткенін айтты.

“Бірге туған бауырлары өмірден өтсе де, майданда болашақ ұрпақ үшін жанын пида еткен Құспанғали атамыздың сүйегін кіндік қаны тамған жерге апарып, жерлеу рәсімін өткізу бұйырып тұр”, – деді ол.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы Батырхан Ақбалиев жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің, отаншылдыққа рухтандырудың маңызы жөнінде ойымен бөлісті.

Кеше жауынгер Құспанғали Боранбаевтың сүйегі Құрманғазы ауданына жеткізіп, жерлеу рәсімі өтті. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев майдангердің туыстарының шаңырағында болып, көңіл айтты.

Құрманғазы мен Дина, Әбу мен Жұмекендей алыптарды дүниеге әкелген киелі топырақ тағы бір ұлын құшағына алды.

????????????????????????????????????

Ерлан Әбішев, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы іздестіру отрядының мүшесі:

– Майдан даласында хабарсыз кеткен жауынгерлердің рухын қайта жаңғырту жолындағы ізгі дәстүр жалғасып келеді. Оның бір дәлелі ретінде Ақтөбе қаласының Әлия Молдағұлова атындағы іздестіру тобының 30 жылдан бергі атқарған жұмысын айтуға болады. Біздің топ Ярослав облысындағы Рыбинск қаласының «За отвагу» іздеу тобымен бірлесіп соғыс өрті жүріп өткен Ленинград ормандарынан қазақстандық жауынгерлердің сүйегін іздестірді. Сол ізденісіміздің нәтижесінде бұдан 75 жыл бұрын Лычково ауданы маңында қанды соғыс майданында қыршын кеткен боздақтың бірі  Құспанғали Боранбаевтың жерленген жерін Ресейдің (Великий) Новгород облысы, Парфин ауданындағы орманынан таптық. Оның аты-жөнін анықтауға жауынгерлік капсуладағы деректер мен жеке тұтынған қасығының табылғаны нақты дәлел болды. Майдан даласында қаза тапқан қазақ жауынгерінің сүйегін туған жеріне жеткізуге Атырау облысының әкімдігі зор қолдау білдіргеніне ризамыз.

Саламат Сабыр, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

Жауынгер Құспанғали Боранбаевтың сүйегінің табылуына есімі жазылған жауынгерлік капсуланың септігі тиді. Қаза тапқан жауынгердің сүйегі жатқан жерден қасығы да табылды. Онда «К.Боранбаев» деп жазылған жазу бар.

Орынғали ҚҰМАРҒАЛИЕВ, Құрманғазы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

–  Соғыста қаза тапқан жауынгер туралы дерек бойынша оның осы өңірдегі туыстарын табу да біраз қиындықтар келтірді. Осы мақсатпен жақында аудандық архивте барып, соғыстан  оралмағандар туралы деректерді біраз ақтардым. Архив қызметкері маған сарғайған папканы ұсынды. Латын әліпбиімен жазылған бұл папкадан 1930-шы жылдары «Қызылту» колхозында тұрған адамдардың арасынан Боранбаев деген фамилияны іздей бастадым. Деректерді қопарып отырып, әлгі тізімнің ішінде көзіме үш Боранбаев түсті. Соның бірі Құспанғали Боранбаевтың жақын туыстарын ауданнан сұрастырып таптық.

Бақытжан ЖҰМАТ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*