Құжаттар үш сағатта дайын болады

Азаматтардың жеке басына қатысты құжаттарды дайындау мерзімін қысқарту бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, туу туралы куәлікті енді үш сағат ішінде алуға болады. Одан басқа, халыққа көрсетілетін қызметтер де өзара біріктірілетін болады.

DSC03950

Соңғы жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы да құжат айналымын жеңілдету үшін біраз амалдарды атқарып келеді. Қызметкерлердің кәсіби біліктілігін шыңдау жұмыстары да жолға қойылған. Өңірдегі «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің басшысы Тұрлан Нұржановтан білгеніміздей, биыл бұл бағытта барлығы бір миллионға жуық қызмет көрсетілсе, соның жартысынан көбі электронды түрде жүзеге асқан.

– Жағымды жаңалық, бес композиттік қызмет түрі қолға алынды. Бұл әртүрлі қызметті бір арнаға тоғыстыру деген сөз. Алғашқы қанатқақты қызмет – «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» мен «Елді мекендерде жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау және бекіту». Екіншісі перинаталдық орталықтар мен перезентханаларда көрсетіледі. Үшіншісі – жер учаскесін сәйкестендіру құжатын дайындап, әділет органдарында тіркеу жобасы.

Төртіншіден, «қайтыс болуды тіркеу» және «жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тағайындау» қызметтері біріктірілді. Соңғысы, «соттылықтың болу немесе болмауы туралы апостилі бар анықтаманы беру және прокуратура, тергеу-анықтау органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою қызметтері оңтайландырылды, – дейді ол.

Амандык Абдулов (10)

Сонымен қатар, енді азаматтық хал актілерін, баланың туылуын, қайтыс болуды, неке бұзуды (ерлі-зайыптылықты) тіркеу және басқа да қызметтерді үш сағатта алуға болады. Ал, бұрын қалай еді? Қайтыс болуды тіркеу бір, бала тууды тіркеу мен заңды күшіне енген сот шешімі негізінде некені бұзуды тіркеу екі жұмыс күні ішінде жүзеге асатын еді. Бұл биылдың екінші жартысында еліміздің ақпарат және коммуникациялар министрлігінің әділет министрлігімен бірлесіп бастау алған қанатқақты жобасы. Ал, азаматтық хал актілерін тіркеуді облыс бойынша әзірге тек Мақат аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы жүзеге асырып отыр. Өйткені, уәкілетті орган мен орталық бір ғимаратта немесе бір-біріне жақын орналасуы шарт. Басты мақсат – қызмет алушы мен берушінің арасындағы құжат айналымын мейлінше жеделдету.

Тұрлан Нұржановтың айтуынша, мемлекеттік қызмет қолжетімді болуы үшін мобильдік орталықтар құрылған. Осылайша, шалғай елдімекен тұрғындарына мемлекеттік қызмет «Қазпошта» бөлімшесі арқылы көрсетіледі. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандардан түскен өтініштер бірыңғай байланыс орталығында қаралады. Қамкөңіл жандар үшін кезектен тыс қызмет көрсететін арнайы терезе, пандус, шақырту түймесімен жабдықталған. Екінші және үшінші топ мүгедектерін қызметке алу да жолға қойылған.

Тағы бір жаңалық, енді электрондық үкімет порталынан соттылығы жоқ туралы анықтама алу үшін электрондық-цифрлық қолтаңбаның болуы міндетті емес. Қазақстандықтар оны «egov.kz» порталына тіркелу кезінде қызмет алушының ұялы телефонына түсетін бір реттік sms-пароль көмегімен алады. Бұл портал арқылы қызмет алуды едәуір жеңілдетіп жіберді.

ПИК (8)

Азаматтардың бәрінде бірдей мұндай қолтаңба бола бермейді, бар болғанның өзінде өзімен бірге алып жүрмейді. Сондай-ақ, бір анықтама алу үшін орталыққа бара беру де қолайлы емес. Мұндай жағдайда қызметті бір реттік пароль көмегімен алу анағұрлым тез әрі ыңғайлы. Осындай жолмен көп ұзамай өзге де мемлекеттік қызметтерді пайдалануға болады. Тек бар болғаны, электронды үкімет порталындағы «m-gov» телефон нөмірлерінің базасына тіркелу керек.

– Жергілікті әкімдіктің қолдауымен халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің Балықшы кентіндегі қалалық №3 бөлімшесі Азаттық даңғылы 96 «б» мекен-жайына және Жылыой мен Махамбет аудандарындағы бөлімшелері жаңа нысанға көшірілді. Исатай аудандық бөлімшесі үшін де жаңа ғимарат құрылысы басталды. Мұның бәрі де мекеменің «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы болып қайта құрылғаннан кейін жүзеге асып жатқан ізгі істер, – дейді Т.Нұржанов.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы күні бүгінге дейін 12 облыста жұмыс жасап келсе, енді Атырау қаласында ашылғалы отыр. Мұнда ішкі істер департаментінің жол полиция, мемлекеттік кірістер басқармаларының мамандары, психодиспансер, наркодиспансер, касса бөлімшелерінің қызметкерлері орналасады. Енді көліктерді тіркеу, қайта тіркеу, жүргізушілік куәліктер мен мемлекеттік нөмір беру уақыты қысқарып, екі сағатты құрайтын болады. Болашақ орталық үшін Атырау-Астрахан тасжолының бойынан арнайы 4 гектар аумақ бөлінген.

 Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*